• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 17 Маусым, 2019

Кеңестің тиімділігін арттыруға шақырды

442 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы­на мүше мемлекеттер бас­шы­лары кеңесінің отырысынан кейін Душанбе қаласына келді. Ел Президенті Тәжікстан Респуб­ликасында бірқатар екіжақты кездесу өткізіп, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) V саммитіне қатысты.

Бүгінде Азиядағы барлық дерлік мемле­кет­тің басын біріктіріп отырған маңызды кеңесті шақыру идеясы Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.  Алғаш рет бұл бастама 1992 жылы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамб­леясы­ның мінберінде көтеріліп, уақыт өте өзінің ма­ңыз­дылығы мен өзектілігін айқындай түсті.

Сол уақытта Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев бастаманың мәні Азия құрлығында қауіпсіз­дікті қам­та­масыз ету мақсатында тиім­ді және әмбебап құрылым жасақ­тау екенін атап өткен болатын. Бү­гінде өңірдегі қақтығыстар мен мемлекеттер арасындағы өза­ра се­німсіздік­тің өршуі Елбасы көтер­ген ұсыныстың өзектілі­гін одан әрі қуаттай түсті. Уақыт санап ұл­ғайып келе жатқан кеңеске мү­ше мемлекеттер саны­ның  27-ге де­йін жетуі үнқатысу алаңы­ның қа­же­т­­тілігін көрсетті.

Осылайша қауіп­­сіздік пен тұрақтылықты нығай­туға бағыт­талған бастама 8 бақылаушы мемлекет пен БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ (Араб мем­лекет­­терінің лигасы), ТүркПА, Халық­аралық көші-қон ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдардың да қол­дауына ие болды.

Мемлекет басшыларымен кездесті

Саммит басталмастан бұрын, яғни 14 маусым күні Қасым-Жо­март Тоқаев Тәжікстан Рес­пуб­­ли­­ка­сының Президенті Эмо­ма­ли Рахмонмен кездесті. Қа­сым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұл­тан мен Душанбе арасындағы ба­йыр­­ғы дос­тық қатынастар мен ын­ты­мақ­тас­тықты атап өтіп, Қазақ­стан­ның сайланған Пре­зи­денті ретіндегі алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні бар екенін айтты.

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне келер бол­сақ, Сіз осы форумның басында тұрдыңыз және оның бастама­шыларының бірі болдыңыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен осындай ұсыныс жасаған еді. Сол бастама қолдау тауып, содан бері бұл үдеріс табысты дамып келеді. Сіздің осы ұйымның дамуына зор үлес қосқаныңызды тағы да атап өткім келеді. Ал қазір, іс жүзінде, осы жиынды басқарып отырсыз, – деді Қазақстан басшысы.

Қ.Тоқаев Қазақстан мен Тә­жік­­станның көпқырлы құры­лым­­дар мен халықаралық ұйым­дарда бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып, осы ық­пал­дастықты жалғастыра беруге ниетті екенін жеткізді.

Тәжікстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілти­пат біл­діріп, Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті болып сай­лан­ған­нан кейінгі алғашқы жұмыс сапары екенін атап өтті.

– Ең алдымен, Сізді Қазақстан Рес­публикасының Президенті бо­лып сайлануыңызбен құттық­тай­мын. Жоспарларыңыз бен бас­тамаларыңыздың табысты жүзеге асуына тілектеспін. Сайлау қоры­тындысы халқыңыздың Қазақ­станның ішкі және сыртқы саяси бағытын жүзеге асыру ісіндегі сабақ­тастықты қолдайтынын тағы да дәлелдеді, – деді Э.Рахмон.

Тәжікстан басшы­сы Қазақ­стан­мен ынтымақтастықтың өз мемле­кеті­нің сыртқы саясатында м­аңызды орын­ға ие екенін атап өт­ті. Оның пайымынша, бірлескен күш-жігер­дің арқасында екі ел ара­­сын­дағы стратегиялық әріп­тес­­тік бо­ла­шақта да жемісті дами береді.

Келіссөздер соңында тарап­тар Душанбе саммитінің қа­тысушы елдер үшін Кеңес сам­митінің аралық жұмысының қо­ры­тындысын шығаруға, аймақ­тағы тұрақтылық пен қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету мәселелері жө­нінде пікір алмасуға және бо­ла­шақтағы бағыттары мен ба­сым­дықтарын айқындауға мүм­кіндік беретінін атап өтті.

Ресми кездесуден кейін Эмо­мали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев­қа өзінің резиденциясы – Ұлт сарайын таныстырды.

АӨСШК қатысушы мемлекеттер басшыларының V саммиті ая­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Рес­­пуб­­ликасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездес­ті. Мем­лекеттер басшылары екі­жақ­­ты ынтымақтастықтың перс­пек­ти­валарын, аймақтық және халық­аралық күн тәртібіндегі мәсе­лелерді талқылады. Кездесу соңын­да тараптар бір-бірін өз елдеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад әл Тани­мен кездесті. Мемлекет басшысы кездесуде Қазақстанның Қа­тар­мен ынтымақтастықты жо­ға­ры бағалайтынын және екі­жақ­­ты байланыстарды нығайтуға ниет­ті екенін атап өтті.

– Бұл кездесуімізге өте қуа­ныштымын. Біздің елдеріміз арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндіктері көп. Қатардың ин­вестициялық әлеуетін жақсы білеміз. Біздің мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылдарын кеңейтуге, соның ішінде Қатар елінен инвестиция тарту бойынша тиісті тетіктерді іске қосуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қатар Әмірі Тамим бен Хамад әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаев­ты Қазақстан Республи­касы­­ның Президенті болып сайлануы­мен тағы да құттықтап, елдер ара­сын­дағы өзара қарым-қатынас­тың нығая түсетініне сенім білдірді.

– Біз Сіздің еліңізге инвес­ти­ция салуға ниеттіміз. Бұған Қазақ­стан да мүдделі. Біздің ын­тымақ­­тастығымызды арттыру бағы­т­ында бірлескен техникалық комис­сия құрылса, елдеріміздің өз­ара қарым-қатынасына оң ық­па­лын тигізеді деп ойлаймын, – деп атап өтті Тамим бен Хамад әл Тани.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық ынты­мақ­­тас­тықты дамытуға уағда­лас­т­ы. Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев Қатар Әмі­ріне Фу­т­болдан әлем чемпио­натын абы­­­рой­­мен өткізуге тілек­тестік білдірді.

Тәжік тарапы төрағалық етті

АӨСШК-нің кезекті саммиті тәжік халқының тарихы мен салт-дәстүрін айшықтап, гүлмен көмкерілген салтанат сарайы – Кохи Наврузда өтті. Саммит жұ­мы­сына Кеңеске мүше бірқатар мем­лекет басшылары: Түркия Рес­пуб­ликасының Президенті, Ресей Федерациясының Прези­денті, Қытай Халық Респуб­лика­сының Төрағасы, Иран Ис­лам Республикасының Пр­ези­­денті, Өз­бекстан Респуб­лик­а­­сы­ның Пре­зиденті, Қыр­ғыз Респуб­лика­сының Прези­денті, Бангладеш Халық­тық Рес­публикасының Прези­денті, Шри-Ланка Демо­кра­тия­­лық Социалистік Респуб­ли­­ка­сының Президенті, Ауғанстан Ислам Респуб­ли­касының, Әзербайжан Респуб­лик­асының және Камбоджа Корольдігінің үкімет басшылары жиналды. Жиынға мейман­дармен қатар, тәжік тарапы­ның мәліметтеріне қарағанда, кеңес­тен хабар таратуға 650-ге жуық жергілікті және халықаралық журналист қатысты.

Төрт жыл сайын өтетін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының кезд­есуі соңғы рет 2014 жылдың мамы­­рында Қытай Халық Рес­пуб­­ли­касының Шанхай қала­сын­да өткен.  Осы отырыста жа­ңа қауіп-қатерлердің пайда бо­луы және ұжымдық өзара іс-қи­мыл­дар­ды әзірлеу қажеттілігі форум негізінде Азиядағы қауіп­сіздік пен даму жөніндегі ұйымды (АҚДҰ) құру туралы бастаманы ұсынуға себепші болды. Осындай бастаманы да Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Бұл трансформация мүше мемлекеттер арасындағы сенімділікті нығайтып, олардың халықаралық аренаға әсерін күшейтуге мүм­кін­дік береді деп түсіндірілді.

АӨСШК төрағасы – Тәжік­стан тарапы саммит тақырыбын «Орнықты даму арқылы жалпы­ға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіз­дік» деп атады. Ал жиынды аш­қан Тәжікстан Республикасының Пре­з­и­денті Эмомали Рахмон жи­нал­ған мемлекет және үкімет бас­шыларына, қонақтарға алғы­сын білдірді. Содан кейін ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен тағы бір мәрте құттықтады. «Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақ­стан Республикасының Президенті лауазымына сайлануымен шын жүректен құттықтағым келеді. Оған мықты денсаулық пен жа­уапты қызметте табыс тілеймін», деді Э.Рахмон жиынды ашқан сәтте. Сондай-ақ ол Ке­ңест­ің жаңа мүшесі – Шри-Лан­ка мем­лекетіне өз құттықтауын жеткізді.

Елбасы идеясы жаңа кезеңге жол ашты

Өз кезегінде сөз алған Қазақ­стан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон­ға қонақжайлылығы, Саммитті жо­ғары деңгейде ұйымдас­тыр­ғаны және Президент болып сайлануымен құттықтағаны үшін ризашылық білдірді. Сонымен қатар ол Тәжікстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы Кеңесті Азия аймағындағы өте маңызды мәселелерді шешу ісіне белсенді жұмылдыруға септігін тигізетінін айтты.

Қ.Тоқаев 1992 жылы Бірік­кен Ұлттар Ұйымында Тұң­ғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес құру идеясы Азия құрлығының тари­хында жаңа кезеңге жол ашқанын атап өтті.

– Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және Жер шарын­дағы халықтың жартысына жуы­ғын біріктіріп отырған тиімді көп­қырлы құрылым, – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті қақты­ғыстардың өрши түскенін, қауіп­сіздік механизмдерінің эро­­зия­сын, сауда және санкция­лық соғыс­тарды, сондай-ақ халық­ара­лық терроризмнің белең алға­нын атап өтіп, өңірдегі қауіпсіздікке төнген қатердің, идеологиялық, этностық және дінаралық қайшы­лықтардың өршіп келе жатқанына алаң­дайтынын айтты. Осыған орай ол Азиядағы қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін шешу үшін жү­йелі әрі кешенді әдістердің қа­жет екеніне тоқталып, атал­ған проблемаға байланысты Қазақ­станның ұстанымын жеткізді.

– Барша достарымыз бен серік­­­тестерімізді форумның тиім­­­ділігі мен халықаралық бәсе­­­­кеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін күш-жігер жұмылдыруға ша­қырамыз. То­лық­қанды өңірлік ұйым болу үшін бізге Кеңесті рет-ретімен, біртін­деп трансформациялау қажет. Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңесті инс­титуттық түр­де қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, құқықтық базасы әзірленген, оның тұрақты құрылымдары жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың инклюзивті дамудың жаһандық архитектурасын қалыптастыру жөніндегі «Үш диалог» туралы бастамасының өзектілігін атап өтіп, бұл идеяның құрамдас бөлігі Еуразия ауқымындағы өзара іс-қимылдардың жоспарын жасау үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, содан кейін Азия мен Еуропадағы басқа да өңірлік әрі көпжақты институттар әлеуеттерінің синергиясын қамтамасыз ету болып табылатынын айтты.

– Даулы проблемалар мен қарама-қайшылықтарды бастал­ған сәтінде шешу үшін конс­трук­тивті келіссөздерді қамта­масыз ету – күн тәртібіндегі басты мәсе­лелердің бірі. Сондықтан жақын арада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында халықаралық медиацияны жүзеге асыратын толыққанды ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылуы әбден мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.

Қ.Тоқаев халықаралық лаң­кестікке қарсы іс-қимылдар үшін бірлескен жүйелі әдістер әзірлеу қажеттігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, БҰҰ Бас Ас­самблеясының 73-сессиясында қабылданған және 82 мемле­кет қолдаған Лаңкестіктен ада, бейбітшіліктің жетістігі жөнін­дегі мінез-құлық кодексі Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңес кеңіс­тігіндегі лаңкестіктен туа­тын қауіптің алдын алатын ұсы­ныстар әзірлеуге негіз бола алады.

Арнайы қор құруды ұсынды

Сонымен қатар Қазақстан басшысы Кеңестің барлық маңызды бағыттары бойынша қатысушы елдердің нақты іс-қимылдарын кеңейтудің өзектілігін атап өтіп, жобалар мен форумның басқа да жұмыстарын қаржыландыратын арнайы қор құруды ұсынды. Қазақстан Президентінің пікі­рін­ше, қор Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­нін­дегі кеңестің Іскерлік кеңе­сі­нің жұ­мысын қосымша ынта­лан­ды­руға және Кеңеске қатысу­шы бар­лық мемлекеттің эконо­ми­ка­лық игіліктеріне тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-қимылдардың тағы бір өзекті саласы ретінде Кеңестің барлық өлшемдегі жұмыстарын сапалы сарапшылық сүйемелдеуді жолға қоюды атады.

– Тұрақты жұмыс істейтін диа­лог­ты платформаны қайта құру арқылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің талдау орталықтарының әлеуетін арттырған жөн. Кеңестің жұмыс органдарына арналған ұсы­­­ныстарды жандандыруға мүм­­­кіндік беретін Ғұламалар кеңе­­­сін құру мәселесін уақтылы әрі жан-жақты зерттеу керек деп есеп­­тейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Қ.Тоқаев жоғарыда ұсынылған бастамалардың жү­зеге асы­рылуы Кеңеске мү­ше мем­ле­кеттердің ынтымақ­тастығын сапа­лы жаңа деңгейге көтеретінін және Қазақстанның қатысушы бар­лық мемлекеттің мүдделері үшін Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі ке­ңес аясындағы толыққанды іс-қи­­­мыл­дарға да­йын екенін атап өтті.

Жиында сөз алған Ресей Фе­де­рациясының Президенті Вла­ди­мир Путин АӨСШК-ге мүше елдерді террористік топтар­ды анықтау мен жою бойынша ын­ты­мақтастықты артты­ру­ға шақырса, Қытай Халық Республи­касының Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» форумы кезінде қол жеткізілген уағ­да­ластықтарды іске асыру қажеттілігін айтып өтті. Сонымен қатар Қытай басшысы АӨСШК елдерін бірлескен көлік әлеуетін белсенді пайдалануға және дамытуға шақырды. Өз кезегінде Әзер­байжан Премьер-министрі Новруз Мәммедов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Кеңесті құру идеясы үшін алғысын білдірді.

Жиын соңында Кеңеске қатысушы мемлекеттер басшы­лары­ның Бесінші отырысы­ның қорытын­дысы бойынша тиіс­ті декларация қабылдан­ды. Осылайша АӨСШК өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық­ты нығайтуда өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін кезекті мәрте дәлелдеді.