Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) қабылдаған ережеге сай 1998 жылдан бері әлем чемпионаттарында ең үздік деп танылған 16 команда ғана бақ сынайды. Солардың арасынан алғашқы 14 орынға тұрақтағандар келесі жылы да элиталық дивизионда өнер көрсетеді. Ал өзгелерден ұпайы кем қос құрама төменгі топқа түседі. Содан олар іріктеу сайыстарына қайта қатысып, мықтылардың қатарына қосылуға лайық екендерін дәлелдеуге тиіс. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтанда өткен додада Қазақстан мен Беларусьтың жолы болып, осы қос елдің өрендері Швейцариядағы жарысқа қатысу құқығына ие болды. Керісінше жуырда ғана аяқталған Словакиядағы сайыста ең аз ұпай жиған Франция мен Аустрия келесі маусымды бірінші дивизионда өткізеді.
Алдағы жылы жағдай сәл қиындау болайын деп тұр. Олай деуге негіз, Швейцариядағы дода Беларусь пен Латвия құрамалары ең аз ұпай жиған жағдайдың өзінде элиталық дивизионда қалады. Өйткені 2021 жылғы әлемдік дода аталған қос мемлекетте өтеді. Ал IIHF бекіткен ережеге сай жарыс қожайындары міндетті түрде өз хоккейшілерін мұзайдынға шығаруға тиіс.
2020 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанның хоккейшілері «В» тобында Ресей, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия құрамаларына қарсы ойнайды. Алғашқы үшеуіне әліміз жетпейтінін мойындамасқа лаж жоқ. КСРО ыдырағаннан кейінгі кезеңді алсақ, Ресей әлем чемпионаттарында 13 мәрте (5 алтын+3 күміс+5 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Финляндия 14 рет (3+8+3) дәл сондай құрметке бөленді. АҚШ та 14 мәрте (2+4+8) жүлделі орындарды иеленді. Оның үстіне Суоми елінің өкілдері биылғы додада алтын алса, орыстар қолаға қол созды. Одан бөлек, олардың Олимпия ойындарында сан мәрте атой салғандары тағы бар.
Германия құрамасын да мықтылар санатына қосуға болады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың аяғына дейін олар Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында ара-тұра үздік үштіктің қатарынан көрініп жүргені көзіқарақты көрерменнің есінде. Содан кейін неміс хоккейі тоқырауға ұшырады. Жарты ғасырдан аса уақыт бойы олар еңсе тіктей алмай келді. Алайда олардың қандай істі қолға алса да, дөңгелетіп әкететіні белгілі ғой. 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында Германия хоккейшілері айды аспанға шығарып, қола медальды иеленді. Биыл Словакиядағы додада өз тобында үшінші орын (5 жеңіс, 2 жеңіліс) алып, ширек финалда Чехиядан 1:5 есебімен ұтылды. Жер жаһанның мықтылары жиналған жарыста озық сегіз команданың қатарына қосылу да аз олжа емес. Міне, осы жайттың барлығын саралай келе, жерлестерімізге немістермен үзеңгі қағыстыру оңай болмайды деген ойға келдік.
Ал Латвия, Норвегия және Италиямен тең дәрежеде айқасуға да, тіптен оларды ұтуға да болады. Сол үштіктің арасындағы ең қауіптісі – латвиялықтар. Балтық жағалауының өкілдері 1997 жылдан бері әлем чемпионаттарына үздіксіз қатысып келеді. Ең үздік нәтижесі – үш мәрте (1997, 2004, 2009) жетінші орынға табан тіреуі. Биылғы додада олар өз тобында бесінші сатыға (3 жеңіс, 4 жеңіліс) жайғасты.
Жаңа ғасырдағы Норвегияның әлемдік додадағы ең тәуір көрсеткіші – 2011 жылы алтыншы орынды иеленуі. Оған дейін де, одан кейін де ала-құла өнер көрсетті. Биылғы жарыстың топтық турнирінде Скандинавияның сайыпқырандары алтыншы сатыға (2 жеңіс, 5 жеңіліс) жайғасты.
Италия құрамасы үздік ондықтың қатарына соңғы рет 1998 жылы қосылған екен. Содан бергі 21 жыл аралығында бірде элиталық дивизионда ойнаса, бірде бірінші топта бақ сынауда. Соңғы әлем чемпионатында Апеннин түбегінің түлектері өз тобында жетінші орынды (1 жеңіс, 6 жеңіліс) қанағат тұтты. Осы жалғыз жеңістің арқасында мықтылармен күш сынасу құқығын сақтап қалды.
Келесі жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қалай да Норвегия мен Италия құрамаларынан озуға тиіс. Қажет болса, Латвияны да еңсеруге шама-шарқымыз жетеді. Бүгінгі таңда елімізде шайбалы хоккейге жақсы көңіл бөлінуде. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Нұр-Сұлтанның «Барыс» және Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) Қарағандының «Сарыарқа» клубтары айшықты ойындарымен көзге түсіп жүр. Ұлттық командамыздың намысын қорғап жүрген жігіттердің көбі біраз жылдан бері ҚХЛ додасында әбден ысылды. Сонымен қатар Канада, АҚШ және Швециядан келген хоккейшілер ұлттық командамызды әжептәуір күшейтті. Қазақстанның азаматтығын алған сол саңлақтар да мұзайдында аянбай айқасып, отандық хоккейіміздің даңқын арттыруға сүбелі үлес қосып жүргеніне дүйім жұрт куә. Егер Андрей Скабелка келесі жылы да осындай шебер ойыншылардан ортақ мақсатқа жұмылған жақсы бір команда жасақтай алса, онда олар асуымыздың бұрынғыдан әлдеқайда биік болатыны анық. Ал Қазақстан құрамасы осы күнге дейін әлем чемпионаттарына 8 мәрте қатысқанымен, әлі де 12-орыннан аса алған жоқ. Ал соңғы үш байрақты бәсекеде көш соңында қалып қойдық. Ал енді келесі жылы сол олқылықтың орны толып, Швейцариядағы жарыста үздік ондықтың қатарына қосыламыз деген үміт зор.
2020 жылғы әлем чемпионатында «В» тобында кімдердің өнер көрсететіні және сол командалардың мүмкіндігі қандай екені жайында біз жоғарыда әңгімеледік. Ал айтулы жарыстың «А» тобында Канада, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания құрамалары бақ сынайды.