• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Маусым, 2019

«Жас жалын» топ жарды

637 рет
көрсетілді

Қазақ халқында ұлттық сахна өнері ерекше қошеметке ие. Сол қатардың көшін бастар шоқтығы биігі – би өнері. Би – сезім мен талғамның, нәзіктік пен жинақылықтың айқын көрінісі, халықтың эстетикалық болмысының айнасы. Ол бар ақпаратты бишінің дене қимылы, бет-әлпеті арқылы бейнелейді. Ал әңгімені би тілімен жеткізу үшін бишінің ерекше табиғи қасиеті, дарынды болуы қажет. Демек, бишінің біліктілігі сахнада сыналады.

Маусым айының алғашқы аптасында Қарағанды облысының Теміртау қаласында дәл осындай би өнерінің үздіктерін сынға салған «Танцевальная феерия» VI республикалық байқауы ұйымдастырылды. Айтулы шарада Киров орта мектебінің хореографы Т.Чичагинаның жетекшілігімен өнер көрсеткен талантты бишілерден құралған «Жас жалын» би тобы айрықша көзге түсті. Топ жетекшісінің пікірінше, жеткіншек бишілер музыкалық ыр­ғаққа сай ықшамдаған кербез дене қи­мылдарымен, би өнерінің мәнін түсіну деңгейімен ерекшеленді. Олар әсем қимылмен мың бұрала билеп жүріп, намысты да қолдан берген жоқ. Кеш қорытындысы бойынша, талантты ансамбль жүлделі 2-орынға ие болды.

Қанжығасы майланып қайт­қан би тобындағы әр бишіге ұйымдас­тырушылар тарапынан арнайы сертификат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жеңіс тұғырына көтерілген өнерпаздар жанарынан шексіз риза­шылық сезімі айқын байқалып тұрды. Кеш соңында жеңімпаздар өздері үшін жанкүйер болып, қолдау біл­дірген жетекшілері мен ата-аналарына да алғысын жеткізуді ұмытпады. Байқаудан қанжығасы майланып, жүл­делі оралған балдырғандарға мектеп директоры Ж. Солтанов білім орда­сының барша ұстаздар қауымы атынан құттықтауын жолдап, «Жас жалын» би тобының көркемдік же­тек­шісі Б.Чичагинаны арнайы алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ салтанатты жиын соңында мектеп директоры жас өнерпаздардың алда әлі де талай белесті бағындыратынына зор сенім білдірді.

Айна АЛПЫСБАЙ,  Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ студенті