• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Маусым, 2019

«balapan» телеарнасы жазда 11 жоба ұсынады

909 рет
көрсетілді

«Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» телеарнасы жазғы маусымда көрермен назарына барлығы 11 жоба ұсынады. Жаңа және жаңартылған телеөнімдер 17 маусымнан бастап эфирден көрсетіле бастайды.

Биыл балалар арнасында «Айдар»  мультхикаясының жалғасы, яғни, екінші маусымы күтіледі. Бірінші маусымда бас кейіпкер Айдар бабалардан қалған аманатты ақтаса, ал екінші маусымда Айдар «бүгінді» сақтау үшін күреседі. Айта кетейік, суперқаһарман Айдардың басынан өткен оқиғалары  жас ұрпақты табиғатты қорғауға, аялауға баулиды. Сондай-ақ, «Алтын қазық»  этнотанымдық реалити-шоуы жарыққа шықпақ. Балалар киіз үйде тұрып, көшпелі өмірдің бар құпиясын ұғынады.   Сонымен қатар кішкентай көрермендеріміз  «Ертемір» мен «Дала ойындары» мультипликациялық сериалдарының жалғасын көретін болады. 

Ал, «Жұлдызым» бағдарламасы 12 жасқа дейінгі қазақстандық дарынды балаларға арналған. Олар – жас чемпиондар, түрлі деңгейдегі ғылыми сайыстардың жеңімпаздары, бишілер мен суретшілер. Аталған жобаның басты мақсаты – осы дарынды балаларды барша Қазақстанға таныстырып, мыңдаған бүлдіршінді жеңіске  ынталандыру.  Бағдарламаның кейіпкерлері жетістікке қалай жеткендерін, ол үшін күнделікті қалай еңбек еткенін және болашақта қандай белесті бағындырғылары келетінін айтады. Ал қуыршақтардың «Сезім қаласы» балаларды мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелеп, ән мен би арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.  Сонымен қатар, кейіпкерлердің жасаған қателіктері мен тапқан шешімдері арқылы балаға тәрбие мен білімнің негіздерін, қоғамда өзін ұстау үлгілерін көрсетеді.

Сондай-ақ «Сиқырлы бөлме» бағдарламасы кішкентай көрермендерімізді жаңа да қызықты ертегілермен қуантпақ. Жобаның мақсаты балалардың ертегі тыңдауға деген құштарлығын ояту. Рухани құндылықтарға, отансүйгіштікке, адалдыққа, ұқыптылыққа баулу. Ертегі арқылы дер кезінде ұйықтау мәдениетін қалыптастыру. «Дос болайық» бағдарламасы ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысатын әлеуметтік жоба. Әр бағдарламада ерекше кейіпкерлердің аяулы арманын орындауға қадам жасалады. Мақсаты – осы қоғамның кішкентай мүшелерінің «ерекше» адамдарға деген оң көзқарасын және оларды шеттетпейтін ізгі орта қалыптастыру.    

 Ал «Әмиян» реалити-шоуы жеткіншектерді қаржылық сауаттылыққа тәрбиелейді. Қаржыны  жұмсаудың, үнемдеудің негізгі қағидаларын үйретіп, қаржыға жауапты болуға баулиды.  

Сонымен қатар, жоғарыда айтылған бағдарламалардан   бөлек,  әртүрлі жанрдағы өзге де жобалар жыл соңына дейін көрерменге жол тартады.