• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Маусым, 2019

Лепсідегі жас өрендердің жарысы

561 рет
көрсетілді

Бұл күндері Алматы облысы Алакөл ауданының Лепсі ауылында «Қазақ батырлары» жобасы аясында бокстан еліміздің мақтан тұтар азаматтары – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ис­лам және әлем мен құр­лық чемпионы, Азия ойындарының же­ңімпазы Жәнібек Әлімхан­ұлы­ның жүлдесі үшін рес­пуб­­ликалық турнир өтуде.

«Қазақ батырлары» жобасы белгілі кәсіпкер, қазақтың Атымтай жомарты Бауыржан Оспановтың бастамасымен 2016 жылы қолға алынған болатын. Сол кезден бері жыл сайы­н Лепсі ауылында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта Жетісу өңірінен шыққан атақты спортшылардың құрметіне түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Бұл күндері Жоңғар Ала­тауы бөктерінде өтіп жатқан айтулы турнир жоғарыда есім­дері аталған қазақтың жуан жұдырықты жігіттеріне арналса, алдағы апталарда басқа да спорт түрлері бойынша бәсекелердің шымылдығы түріледі.

Атап айтсақ, 15-18 маусым аралығында грек-рим күре­сінен Нұрбақыт Теңізбаев пен Демеу Жадыраевтың жүлде­сі үшін жарыстың жалауы жел­бірейді. Екеуі де ел спортына елеулі ең­бек сіңірген азамат. Нұрбақыт Те­ңізбаев – Бей­жің Олим­пиа­да­сының күміс және 2009 жылғы әлем чемпио­натының қола жүл­дегері. Демеу осыдан екі жыл бұ­рын Париждегі дү­ниежүзілік до­даның ақтық сынында белдесіп, күміс медальды мойнына ілді.

18-21 маусым күндері еркін кү­рес шеберлері боз кілемге шы­­ғады. Республикамыздың әр өңірінен жиналған балғын ба­луандар Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Мәулен Мамыров жә­не дүниежүзілік додада үшінші сатыға табан тіреген Дәурен Жұ­ма­­ғазиевтің жүлдесі үшін таласады.

Ал 25-28 маусым аралығында дзюдошылардың додасын тама­шалаймыз. Жарыс жолына шығатын жас өрендер Олим­пиада да асқан шеберлік танытып, жүлдегерлер санатына қосылған Айдын Смағұлов пен Асхат Жіткеев және әлем чемпионатының финалисі Аза­мат Мұқановтың жүлделерін сарапқа салады.

– Еліміздегі «ZHERSU» деп аталатын іргелі корпора­циясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов Жетісу өңірінен шыққан әйгілі спортшыларға құрмет көрсету мақсатында осындай бастаманы қолға алғанда, барлығымыз ол ұсынысты қуана-қуана қабыл­дадық. Биыл сол турнир төртінші рет өткізіліп отыр. Айтулы жа­рыстың дең­гейі уақыт озған сайын ар­тып келеді. Сөз орайы келгенде, осы бағытта бізге үне­мі қолдау көрсетіп жүрген Ба­уыржан Кеңесбекұлына, Ала­көл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевқа, Алматы облыстық спорт басқармасының бастығы Нұрбақыт Теңізбаевқа зор ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Қазіргі кезде Лепсідегі спорт-интернатта оқып жүрген жас өрендердің барлығы да келешекті сол ағалары секілді биік шыңдардан көрінуді армандайды. Ал өз шәкірттерімізге дұрыс бағыт-бағдар беріп, сол белестерге жетелеу – біздің бас­ты парызымыз, – дейді Леп­сідегі спорт-интернаттың директоры Сержан Омаров.