Гендерлік саясат деген қайдан шықты өзі? Әйел мен ер-азаматтың өз міндеттерін ұмытып, бірдей болуы мүмкін бе? Отбасын ұмытып, бала тәрбиесін бір құдайға тапсырып, ерлі-зайыптылардың қатар жұмысбасты, анығырағы бірдей салық төлеуші болуы қай қоғамға тиімді? Біз осы сияқты жайттарға басымызды қатырып жатқан кезде, дамудың даңғыл жолына түскен елдер саясаттан тыс әйел денсаулығы мен құқығын нығайтуға бағытталған халықаралық жобаларды қаржыландыруға кірісіпті. Өйткені дөңгеленген дүние қаншама өзгерсе де, кез келген мемлекет үшін дені сау ұрпақ пен әйел денсаулығын қорғау көкейкесті мәселелердің басында қала бермек.
Мәселен, Канада федералдық үкіметі 2023 жылдан бастап сексуалдық, репродуктивтік, ана денсаулығы, нәрестелер мен балалардың денсаулығына қатысты халықаралық жобаларды қаржыландырудың жылдық салымын біртіндеп 1,4 миллиард долларға дейін көбейте бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Канаданың Үкімет басшысы Ванкуверде 3-6 маусым аралығында өткен Women Deliver 2019 халықаралық конференциясында мәлімдеді. Аталмыш мәжіліске 160 елдің 8 мыңнан астам қоғам белсендісі мен сарапшы қатысқанын ескерсек, бұл әлемдегі ең ірі оқиғалардың бірі болғанын атап өткен жөн.
Өйткені мына жердің бетінде әр 2 минут сайын жүктілік пен босану барысында туындаған дерттердің асқынуынан әйелдер көз жұмып жатады. Жыл сайын әлемде қауіпсіз медициналық көмектің жоқтығы мен теріс түсініктердің салдарынан 25 миллион әйел ажалға бас тігіп, түрлі жағдайда қауіпті абортқа барады.
«Әйелдердің құқықтарын саясиландырудың салдары бара-бара асқына түсуі мүмкін. Сондықтан да мұндай міндеттерді өз жауапкершілігімізге аламыз және қыз-келіншектердің денсаулығы, жыныстық және бала тууға қабілеттілік құқықтарын қорғауға инвестиция саламыз», деп мәлімдеген осы халықаралық мәжілісте Канада премьер-министрі Джастин Трюдо.
Қазіргі таңда бала сүюге қабілетті жастағы ерлі-зайыптылардың жасанды жолмен жиі жүкті болуға жүгіне бастауы жеке-дара мемлекеттерге ғана тән жағдай емес. Әйелдердің репродуктивті денсаулығын нашарлататын факторлар көбейіп барады. Түсік жасату мен одан кейінгі асқынулардың, жыныстық жолмен берілетін жұқпалардың, қауіпсіз заманауи контрацепцияларды пайдаланбаудың салдарынан гинекологиялық аурулардың көрсеткіші көбейіп келеді.
Бұл мәселеде жаһандану үдерісіне ілескен Қазақстан да бейтарап қала алмайды. Бұған мемлекет қана емес, қоғам тарапынан мүдделілік пен белсенділік күн өткен сайын артып келеді.
«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті әрі қоғамдық денсаулықты сақтау саласының сарапшысы Бақыт Түменованың ойынша, біздің елімізде ерте бастан жүктілік пен 25 жасқа дейінгі қыз-келіншектер арасындағы түсік жасату көрсеткішінің жоғарылығы өзектілігін жоймай отыр. Бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдердің басым бөлігі қажетсіз жүктіліктен құтылудың жалғыз жолы аборт деп есептейді. Ал оның соңы немен аяқталатыны баршамызға аян.
«Жасанды түсіктен кейін қойылатын ең ауыр диагноз – бедеулік. Қазір елімізде әрбір бесінші отбасы осы бедеулік мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан да репродуктивті денсаулық мәселесінде тәуекелдер факторларын басқаруға жүйелі түрде келу керек. Бұл орайда профилактикалық шаралардың маңызы орасан. Зияндылықты азайту жөніндегі тұжырымның бір қадамы да осы превентивтік және терапевтикалық араласулардың жекелеген түрлері болып табылады», дейді сарапшы.
Сол сияқты өсіп келе жатқан жас ағзаларды жыныстық жолдармен берілетін түрлі инфекциялардан сақтау, жасөспірімдерді зорлық-зомбылыққа ұрындырмау сынды жайттар да осы мәселемен сабақтасады.
Әрине бағанға тамызық болып отырған мәселеге қатысты, белгілі бір дәрежеде Үкімет те, қала берді қоғамдық ұйымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ.
Бірақ қорыта келгенде, осының түпкі мәні саясаттан тыс, шын мәніндегі адамгершілікке құрылған ізгілікті бастамалар болғанда ғана баянды боларына сан түрлі соқпақ пен алмағайып замандардан өткен халықтардың түпкілікті көзі жетті.