Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінің тарихи бір сәті, ант қабылдаудан кейін сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін «Аса қадірлі Елбасы» деп бастауы және де «ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағытын қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның Көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті», дей баға бере сөйлеуі көңіл толқытқаны да анық.
Қазақ тарихында бір Президент ауысып, бір Президенттің билікке келуінің мұндай салтанаты тұңғыш рет болып отыр. Және де өзінің билігін өз еркімен берген Тұңғыш Президент Назарбаев пен жаңадан сайланған Президент Тоқаев арасындағы қарапайым адами парасаттылық байланысының адал ниетпен орныққанына да көз жетіп, көңіл иланғандай. Өз басым соған қуандым.
Мына алмағайып заман және де сол заманның соңғы ширек ғасырдағы жаңа дүние бөлісі мен сол дүниеге өз ықпалдары, тіпті өз өктемдіктерін жүргізу үшін жанталасып, тіпті аптыққан да арындаған, қаруланып та құрсауланып та алған әлемдік саясаттың сойылы соғыла бастаған кезеңдер болды, ол әлі де бар.
Ал бірақ қазіргі уақытта біздің елімізбен әлемнің кез келген мемлекеті санасады дейтін болсақ, біздің еліміз де, халқымыз да санасуға тұрарлық екендігіне әлемнің көзін жеткізген де Тұңғыш Президентіміз болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасының жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне ресми кірісу рәсімінде: «Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлемдік қоғамдастық үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», деп мәлімдеуі де әбден орынды еді. Әуелден ханының соңынан топырақ шашпаған ел екенімізді тағы да бір танытқан тарих тағындағы Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі – баршамыз үшін тоқтарлық сөз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа аса жоғары баға беруі және де зор құрмет көрсетуі мен оның жолын жалғастыратындығы жөніндегі мәлімдемесі тәуелсіздік тағдырының бүгіні мен болашағын сенімді етіп, айқындай түскендігін айтқан абзал. Дүниені революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамытудың адамзат тағдыры үшін қаншалықты маңызды екендігін Елбасы сан мәрте айтқан да болатын. Қазір тек қана ілгері қарайтын, ілгері басатын заман. Соны терең сезіне білген Қасым-Жомарт Кемелұлының сабақтастықты Қазақ елін дамытудың, ел тәуелсіздігін одан әрі нығайтудың салиқалы саясаты етіп алға тартқаны да көңілге қонымды әрі оны орынды да орнықты ұстаным деп танимыз.
Біз – демократиялық және құқықтық мемлекет құруды әу бастан қолға алған елміз. Алайда сол демократия дегеніміз қазаққа жат та дүние емес еді. Біздің халқымыздың қанына сіңіп, бойына біткен бір қасиеті – сөзге тоқтай білгендігін өз басым демократияның көкесі деп те айтқан болар едім. Алайда осы күндері сол сөзге тоқтау қасиетінен айырылып бара жатқанымыз үшін де алаңдайтын жай бар. Әркімнің өзіне өзі «мен демократиялық қоғамда өмір сүруге әзірмін бе?» деген сауал қоя білгені жөн. Демократиялық қоғамда өмір сүрудің басты шарты әуелі сол өзің өмір сүріп отырған мемлекеттің заңын сыйлау мен сақтаудан басталарын да ұғынар кез келді.
Біз өз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан енді аса бастаған кезеңдерінде толыққанды демократиялық қоғамға қол жеткізе алмағанымыз да анық болар, бәлкім. Әр қадамын өлшеп басар, әр сөзін аңдап сөйлер кезеңде тұрмыз. Әлі де жаңа әлемде жаңаша өмір сүруді үйреніп те, игеріп те жатырмыз деп бағамдағанымыз абзал. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз», деп айтқан бір ауыз сөзіндегі «татулық», «ынтымақ», «бірлік» сияқты үш құндылық біздің бүгінгі демократияшыл көңіліміздің түкпірінде жатуы керек. Осы үш құндылықты сақтай білу әрқайсымыздың тәуелсіздік алдындағы басты борышымыз болса керек.
Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету», деп атап көрсеткенін мемлекетіміздің одан әрі жетіле түсуінің кепілі деп ұғынар едік.
Және де Қасым-Жомарт Кемелұлының бірінші кезекте Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, қазіргі өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысу мен аса мұқтаждарға көмек көрсету, қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау, қашанда және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау сияқты өзекті мәселелерді алға тартуының да үлкен стратегиялық маңызы бар ұстанымдар екендігін айтар едік. Бұл орайда нақтылы он міндеттің белгіленуі де, солардың кейбірінің қазірден жүзеге асырыла бастауы да жаңа Президентіміздің толыққанды мемлекетшіл тұлға екендігін айғақтап, сенімді нығайта түседі.
Тарих тағындағы тәуелсіздіктің жаңа тағдырын айқын анықтап алған жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартты. Халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесіне басымдық беру сияқты бүгінгі күні қалың бұқараны толғандырып отырған өзекті мәселелерге қатысты да тың ойлар айтылып, оларға байланысты нақты істер қолға алынатыны атап көрсетілді.
Өз халқына адал қызмет етуге ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті әлеуметтік ұстанымымен және өңірлерді дамытудың жаңа бағытымен, «Рухани жаңғыру» құндылықтарымыздың рухани бағдарымызбен, қалыптасқан ұстамды сыртқы саясатпен, жас ұрпаққа деген сеніммен жедел өзгерістер дәуіріне күні-түні бір қалғымай шапшаңдата қадам басып келе жатқан бүгінгі әлемге өз елімен, өз халқымен бірге қадам басты. Жаңа Президентіміз енді бұған дейін толмай қалған тұсымызды толықтырып, болмай қалған кей ісімізді болдырып, өз халқымен бірге Қазақ елі тәуелсіздігінің жұлдызын жарқырата түседі деп сенеміз. Тек Жаратқан Иеміз жар болсын!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
КӨКШЕТАУ