Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасап, Қазақстанның көк Туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Елбасы – Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері», деп егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы еліміздің қол жеткен жетістіктерін айшықтап атап көрсетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы аз ғана уақыт аралығында Алаш жұртының əлеуеті асқан, дəулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айдынды елге айналғандығын айта келіп, бойында күш-қуаты, өмірден тəлім етіп алған мол тəжірибесі барда əрқашан тілегі бір елдің тірегі болып қызмет ете беруге дайын екендігін жеткізді. Жаңа Президентіміздің негізгі мақсаты – өзіне сенім артқан халқының көсегесін көгерту екендігі анық.
Қазақстандық сайлаушылардың айқын дауысына ие болып, Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айшықтап айтқандай, халқының көрсеткен қолдауы – Президентке сарқылмас күш-жігер беретіндігіне жəне Елбасының алға қойған міндеттерінің үдесінен шығатындығына сенімдіміз.
Біржан ХАСАНҒАЛИЕВ,
Чайковский атындағы музыкалық колледжінің директоры