• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Маусым, 2019

Қоғамға белсенді жастар керек

856 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассам­блеясының ұйымдастыруымен «Жаңа толқын 100+» атты жастар форумы болып өтті. Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Жаңғыру жолы» жастар қанатының өкілдері өткен жылдың қортындысын жариялап, қарым-қатынас жасау­дың жаңа мүмкіндіктерін талқылау үшін әр өңірден келіп бас қосты.
Жастар қанатының тұсауы­ кесілгелі бері нақты бір мақ­сатқа анық қол жеткізілді. Ол – ҚХА жастар ұйым­дарының түрлі міндет арқалаған құ­ры­лым­дары өмірге келіп, «Жаң­ғыру жолының» 17 облыс­тық және қалалық штаб қозға­лыс­тары құрылып, оған 5 мыңға жуық белсенді жас жұмысқа тар­тылды.  Алда атқарылатын міндет­тер әлі де көп. Бірінші кезек­те Қазақстан халқы Ассам­блея­­сы Төрағасының орын­басары Қазақстан Президенті­нің Әкімшілігі ҚХА хатшылы­ғының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мемлекеттің жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді болуға шақырды. Ол форумда жасаған баяндамасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел жастарына ерекше үмітпен қарап отырғанына назар аудартты. Мемлекет басшысы: «Сендердің алдарыңда Қа­зақстан дамуында шешуші рөл атқаратын міндет тұр. Менің міндетім – сендердің ең үлкен армандарыңды жүзеге асыру және өздеріңнің жеке тарихи жетістіктеріңді құру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап беру», деген болатын. Алда атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстың жауапты бөлігі жастардың иығына артылатынын саналы әр жастың терең сезінуі тиіс екенін еске салды.  Бүгінде мемлекет жастарды қолдау бойынша бірнеше бағдар­ламаны жүзеге асыруда: «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы, кәсіпкерлік идея­ларды дамытуға бағытталған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы – сол мақсаттың айқын көрінісі. Алдағы уақытта да жастар стар­таптарын қолдайтын, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты ауқымды бағдарламалар қолға алынады. Еті тірі, білімді, ұйым­дас­тырушылық қабілеті зор жас басқарушылар үшін мемле­кеттік қыз­меттің барлық дең­гейінде кадрлық резерв құры­лады. Жансейіт Түймебаев жас­­тарды осы бағдарламаларға қаты­суға, ҚХА алаңындағы ең үздік жастар идеясын жүзеге асыруға көмектесетін «Jastar jyly – dańǵyl jol» жобасы негізінде жастардың әлеуметтік өсу мүмкіндігін кеңейте түсуге ша­қырды. Биылғы жылы Ассамблея тағы да бірнеше қызықты жобаларды – әлеуметтік хакатон, «Ауыл әкімі болғым келеді!» жо­басы, «Жастар синергиясы – 2019» форумын өткізуді жос­парлап отыр. Жоғары оқу орындарында «Жарасым» клубының желілерін кеңейте түсу де Ассамблеяның жастар қана­ты алдында тұрған үлкен міндет­тердің бірі. Сондай-ақ жиында ел ай­мақ­тарынан келген жас­тар сараптамалық топ пен кәсіп­керлерге өз автор­лығымен әзір­ленген стартап жобасын таныстырды. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының кезең­дерін жүзеге асыруды мақсат тұтқан шара аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары өз жетістіктерінің сырымен бөлісті. Өйткені форумды ұйым­дастырудағы мақсат та сол – жас­тарды білім алуға үндеу және бос уақыттарын тиімді, әрі белсенді өткізудің жолдарын ортаға салу, Жастар жылы аясында жаңа идеялар мен жобаларды қолдау, сондай-ақ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының жетістіктерімен таныстыру болатын. Форум ел экономи­касының дамуына сеп болатын жастардың тың жобала­рына қолдау көрсетуді көздеп отырғандықтан, барлық өңір­ден шақырылған белсенді жастар өнертабыстарын назарға ұсынды. Расында да, жастар жиынға тың бас­тамаларымен келіп, өздерінің идея­сынан туған ауылшаруашылық, экологиялық, әлеуметтік салаларды дамытуға негізделген жобаларымен жарыса таныс­тырып жатты. Алматы облы­сының жастары пісіп-жетіліп, дәлелденген дайын жобасына инвес­торлар іздеуге кіріссе, қызылордалық жастар үш тілді дамыту жобасының нәтижесін көрсетуге асық. Форумның жас қатысушы­лары үшін «Жетістік тарихы» атты мотивациялық кез­десу­лер мен жастарға көшбас­шы­­лық дағдыларды сіңіруге бағытталған интерактивті семинар-тренингтер ұйымдас­тырылып, олар жылдам дамып келе жатқан ақпараттық кезеңнің ілкімді істерін үйре­туге үндейтін пайдалы идеялар­дан қанаттанып шықты.  АЛМАТЫ