Журналист ретінде генетиктен сұхбат алдық. Ол қазақтың геніне қатысты әдемі әңгіме айтып берді. Әркім дүниеге өзіндегі көзбен қарайды ғой. Мен үшін қазақтың ұлттық коды – өлең. Енді қадір-халімізше осы айтқандарымызды патшакөңіл оқырманға дәлелдеп беруге тырысып көрелік. Ең алдымен халықтың барлығы әдебиетсүйер болуы мүмкін емес. Өлеңді әркім өз деңгейінде түсінеді. Поэзияның поэтикалық талабының қандай деңгейге жеткендігі туралы ойланатындар саны аз және бұл аз көрсеткіш әдебиеттің дамуына тосқауыл бола алмайды. Ендеше өлең қалай ұлттық код бола алмақшы? Ұлт деген ол тұтас әрі жалпы ұғым емес пе?! Оның кодын анықтауға өлеңнің қаншалықты қатысы бар?
Тіпті қазақтың дүниеге деген көзқарасын өлеңмен өзгертіп жіберуге болады. Бұл халық өлеңге қатталған ойды арғы кодтық танымда Құдайдың өзі жіберді деп қабылдайды. Рас, бұл сөзді біз де ұлттық кодты дәлелдеу үшін астамшылықпен айтып жіберіп отырған жоқпыз. Қазақтың магиялық фольклорына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, арбау, жалбарыну, қарғыс, ант, серт, барлығы да өлеңмен беріледі. Қазақтық бақсылық ұғымына әлемдік этнография мен фольклортануда «шамандық» деген термин пайдаланады. Ал өзімізше біз оны бақсы сарыны деп қарастырамыз. Сарын демекші, олар да ем-домын, жоралғысын өлеңдетіп жүріп жасайтын болған. Аңға шыққан мергеннің сөзі, жауын сұрағандағы тасаттық берушінің сөздері, ең аяғы дастарқандағы батада да өлең бар емес пе?
Басқа да деректі, дерексіз ұғымдар секілді сөздің де асылы мен жасығы болады. Біздің жоғарыда поэтикалық талап деп отырғанымыз да сондықтан. Сөздің көркемі мен асылы бар.
Мифологтар қазақ танымындағы кие, обал мен сауап мотивінің астасып жатқандығына қайран қалады. Ал бұл үш таған қазақтың табиғатқа деген таным биігін аңғартады. Осы үш қана сөздің төңірегінен көшпелі рухтың ұстанымдары, коды айқындала бастайды. Данышпан Абай «Өлең – сөздің патшасы» дегенді ұшқыр қиялының жемісі ретінде айта салмаған. Патшаны бір көруге, оның сөз-сертіне тоқтауға әркім де бейілді. Сондықтан сөз патшасына ұқсайтын ұйқасты, тұрпаты өлеңге ұқсайтын сөз көрсе, таңырқануға шақ тұратын қазақ әлі де көп.
Бізді отарлауға, жаулауға, өзге ағымға жетелеуге келгеннің барлығы осы бір жанды жерімізді жақсы біледі. Білмейтін, мән бермейтін тек өзіміз ғана секілдіміз.
Айнұр ТӨЛЕУ,
әдебиеттанушы