• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Маусым, 2019

Өрлеуге бастайтын он бағыт

425 рет
көрсетілді

«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде ұстанған осы ұраны бір қиырдан екінші қиырға ұрынбай, эволюциялық даму жолымен алға басуды қалайтын көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен қолдау тапқандығы даусыз. Ол ел Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде өз ұстанымына беріктігін білдіріп, бірінші кезекте Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегияларын жүзеге асыруға ден қоятындығын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды үгіт-насихат нау­қа­ны барысында азаматтар, ең алды­мен, барлық жерде әділдік орна­ту­ды та­лап еткендігін, ал халықты тол­­ған­дырып отырған бас­ты мәселе – табыс көлемінің азаюы екендігін атап айтты. Мем­лекет басшысының сай­лау­­алды ұранында ерекше екпін түсірілгеніндей, әділдік үстем­дік құрмайынша, еліміздің одан әрі өрлеуіне даңғыл жол ашылмайтындығы анық. Ха­лық сенімін ақтауға серт берген Президент өзінің алдағы қыз­метінің 10 басым бағытын белгі­леп, елге жария етті.

Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру мақсатында тұрақты және қарқынды эконо­ми­калық өсімді қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы үсті­міздегі жылғы 27 наурызда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ларының және облыс әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте эконо­ми­калық өсімге жетудің негізгі факторы инвестициялар, экспорт пен индустрияландыру болып табылатындығын атап айта келіп, бірқатар өңір­лер­де іскерлік белсенділікті әкім­ші­лік кедергілер мен шектеу­лер тежеп отырғандығын сынға алғаны мәлім. Шетелдік қана емес, отандық инвесторлар да, әсі­ресе, жер алу, инженерлік желі­лер мен электр желілеріне қосылу мәселелерін шешуде бю­ро­­краттық әуре-сарсаңға түсіп, жергілікті шенеуніктерге жа­лы­нып-жалбарынуға мәжбүр екен­ді­гін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ үстіміздегі жылы құ­рыл­ған Тікелей инвестициялар қорына Елбасы шешімімен Ұлттық қордан бөлінген 370 мил­лиард теңге биылдың өзінде айтар­лықтай нәтижелер береді деп күтетіндігін қадай айтқан.

Екінші бағыт – сыбайлас жемқор­лықты жою мақсатында Прези­дент үстіміздегі жылғы 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатындығын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы үсті­міздегі жылғы 20 мамырда өткіз­ген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі кеңесте де елімізде жем­қор­лықтың дендеп кеткеніне алаң­даушылық білдіріп: «Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шыға­тын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін», – деген болатын. Мемлекет басшысы жер учаскелерін бөлу, балабақшалардан орын беру сияқты қарапайым адамдардың мұқтаж­дықтарын шешуге қо­ғам­­дық бақылауды күшейту, бюджеттік саясаттың ашықтығын қамта­масыз ету, мемлекеттік қыз­мет көрсетуді электронды нұс­қа­ға көшіру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, бизнеске әкімшілік қысымды төмен­дету, мемлекеттік функ­ция­ларды бәсекелестік ортаға беру, қол астындағы қыз­мет­керлердің жемқорлық қыл­мыс­тық әрекеттері үшін бірінші басшыларға жауаптылық жүк­теу бойынша нақты тапсырмалар бергендігі қоғам тарапынан толық қолдау тауып отыр. Қоғамды жегі құрттай жеп жат­қан келеңсіз құбылыспен күресті одан әрі күшейту үшін жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құ­рамынан шығарылып, Пре­зи­дент­ке тікелей бағынатын жеке агенттік болып қайта құ­рыл­­ғандығы да құптарлық қадам деп білемін. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, министрліктердің аумақтық департаменттерінің санын да барынша қысқартатын кез жетті.

Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жүйесін реформа­лау жайлы кейінгі жылдары көп айтылып жүр. Алайда, соттар заңның үстемдік құруына толық кепіл болып отыр деп айтуға әлі ерте. Сондықтан да Президентіміз: «Судьялар мен осы қызметтен үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек», – деп орынды талап қойды.

Төртінші бағыт – жаңа жұ­мыс орындарын ашу және ха­лық­ты лайықты жалақымен қамту­дың әлеуметтік маңызы зор. Сондықтан да Мемлекет басшы­сы: «Мемлекеттік бюджет­тің қаражатын, ең алдымен, келе­шегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет», деп, Үкіметке нақ­ты міндет жүктеді. Осы орайда, ең алдымен, Қасым-Жо­март Кемелұлының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту, даңғойлық пен ысырап­шылдыққа жол берген шенеу­нік­тер­ді қатаң жазаға тарту жөнінде берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау қажет деп ойлаймын. Парламент депутаттары көтеріп жүрген тағы бір өзекті мәселе – Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл біршама көтерілген ең төменгі жалақы мөл­шерін алдағы уақытта мүм­кіндігінше арттыра түсу қа­жет­ті­гі де анық. Мұның өзі, әсі­ресе, жалақылары төмен ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің жағ­дайларын жақсартуға оң ық­па­лын тигізер еді.

Бесінші бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Мем­лекет басшысы түрлі санат­та­ғы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрық-ша назар аударып, Үкіметке бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді міндеттеді. Осы орайда Елбасының Nur Otan партия­сының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, ең алдымен, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қолға алынғандығын айта кеткен жөн. Мәселен, Парламент таяуда көп балалы отбасылардың Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және жетім балалармен қатар, бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын заңдастырды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019-2025 жылдары тұрмысы төмен көп балалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтерлер салынбақшы. Биыл осындай 6 мың пәтер пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, қазір тұрғын үй кезегінде тұрған 32 мыңдай көп балалы отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқ­таж емес бір бөлігінің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 20 жылға мөлшерлемесі 2 про­цент­тік кредит алып, жайлы баспана сатып алуына мүмкіндік туғызылды.

Әрине, әлі де ойланарлық мәсе­лелер де бар. Айталық, Үкі­мет ауыл тұрғындарының Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент сияқты ірі қалалар мен облыс­тардың орталықтарына көшу үрдісі тоқталмайтындығын ескеріп, оларды жұмыс күші жетіс­пейтін, қоныс аудару бағ­дарламасына енгізілген өңір­лерге көшіру мәселесін қарас­ты­руы қажет деп санаймын. Себебі Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Құмар Ақса­қа­лов жуырда әлеуметтік желі­лер­ге шығып, жұмыс күші артық облыстардан Қызылжар өңі­рі­не қоныс аударуға келісетін механиза­торлардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің көп балалы отбасыларына болашағы бар деп танылған 150 елді мекенде жайлы коттедждер салғызып беруге уәде етті. Міне, осы бастаманы Үкімет жан-жақты қолдаса және оны жұмыс күші жетіспейтін, демографиялық ахуалы төмен Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да енгіз­се, құба-құп емес пе?!

Президент алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат жүргізу екендігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы мұғалімдердің ғана емес, дәрігерлердің де мәртебесін көтеретін заңдар қабылдауды ұсынды. «Алты алаштың баласы бас қосқан жерде төр – мұға­лім­дікі» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз беделі көте­ріл­мей, білім беру саласы алға бас­пайтыны анық.

Жетінші бағыт – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары ретінде «Қуатты аймақтар – қуатты Қа­зақ­стан» қағидасы қуатталып, азамат­тарды толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті деңгейде шешу тапсы­рылып отыр. Жергі­лік­ті өзін өзі басқару жүйесі одан әрі нығайтылмақшы. Алдағы уақытта, әсі­ре­се демографиялық ахуалы төмен, автомобиль жол­дары нашар, білім беруде, меди­ци­налық қызмет көрсетуде және таза ауыз­сумен қамтамасыз етуде елеу­лі проблемалар бар солтүстік өңірлерге айрықша назар аудару қажет деп ойлаймын.

Сегізінші бағыт ретінде Мем­­лекет басшысы «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы басты рухани бағдарымыз болып қала беретіндігін және оны алдағы уақытта жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттау қажеттігін айтты. Бұл ретте ойланарлық мәсе­лелер де бар. Әсіресе, бұқа­ралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі­лердің қоғамдық санаға тигі­зіп отырған ықпалын тал­дап, талқылап, оларды мем­ле­кет­шіл­дік ұстанымды, ұлттық құн­ды­лық­тарды қастер тұтуға міндет­темей болмайтындығы даусыз. Әйтпесе, телеарна арқылы қыз абыройын ақшаға сатуды насихаттау сияқты жұртшылықтың орынды наразылығын туғызған шектен шығушылықтар тыйылмасы анық.

Тоғызыншы бағыт – сыртқы сая­сатта Мемлекет басшысы сын­дарлы, теңдестірілген, көп­век­торлы бағытымызды одан әрі жалғастыратынымызды, әлем­дік аренада ұлттық мүддемізді нық ілгерілетіп, қорғай­тын­ды­ғымызды мәлімдеді. Прези­дент­тің «Еліміздің сыртқы саяси қызметі Отанымызға, ұлттық бизнеске, әр азаматқа нақты пайда әкелетін болады» деген сөзі Елбасының Сыртқы істер министрлігіне елімізге шет мемлекеттерден инвестиция тарту міндетін жүктеген шеші­мі­нің дұрыстығын тағы бір қуат­тағанын аңғартады.

Оныншы бағыт ретінде жас ұрпаққа ерекше назар аудар­ған Мемлекет басшысы жас­та­рымыздың алдында Қазақ­стан­ның дамуында шешуші рөл атқару, прогрестің қозғаушы күші болу міндеті тұрғандығын атап айтты. Елбасының жас­тар­ға жасаған қамқорлығы одан әрі жалғастырылып, оларды жұ­мысқа орналастыру бағдар­ламалары енгізілмекші, мемле­кет­тік қыз­мет­тің барлық дең­гейіне жас талантты басқару­шы­­ларды ілге­рілету үшін «Пре­зи­­дент­тің кадр­лық резерві» қалып­­­тас­ты­рыл­мақшы. Бұл ретте Пре­зиденттің жаңа кадрлық тағайындаулары көпшіліктің көңі­лінен шыққандығын, билікке бі­лім­ді де білікті, келешегі зор жас басшылар келіп жатқандығын айтқан жөн. 

Мемлекет басшысы алға қой­ған маңызды міндеттерді ойда­­ғыдай іске асыру үшін, ең алды­мен, қоғамымыздағы тұ­рақ­ты­лық пен келісімді көзіміздің қара­шы­ғындай сақтауымыз қажет. «Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенім­нің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жас­тар­ды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкіл­де­рі кіретін болады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. «Келісіп піш­кен тон келте болмас» демекші, Президенттің халық пікірімен сана­суға ерекше мән беріп отыр­ға­ны елдің бірлігін нығайта түсері хақ. Ал бірлік бар жерде бере­ке де болатындығы күмәнсіз.

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі