• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2019

Полиция: уақыт иіріміндегі өзгерістер

435 рет
көрсетілді

Еліміздің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы құқық қорғау органдарының алдына да жаңа талаптар қойып отыр. Терроризм және экстремизм қаупі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністері саланы реформалау мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл мәселе ел Президентінің де басты назарында. Сол себептен де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ алқа отырысында ведомствоның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірқатар міндетті атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысы, соның ішінде мал ұрлығы, ұялы телефон және автобөлшектер ұрлығының жолын кесу, есірткі бизнесіне қарсы күрес, трассалардағы жол апатын азайтуға қатысты шараларды күшейтуді тапсырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданғаны белгілі. Бұл маңызды құжат 54 іс-шараны қамтитын тоғыз бағыттан тұрады. Оның 39-ын осы жылы іске асыру жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың аясында полицияның қоғаммен өзара байланыс жасаудың жаңа форматы енгізіле бастады.

Басты ұстаным – ашықтық пен қолжетімділік

Осы жаңа өзгерістердің бірі – қа­ла­лық және аудандық полиция бөлім­дерінде ашылған фронт-офистер. Бұл кеңселер аз уақыт ішінде халықтың жақсы бағасын алғанын атап өткен жөн. Тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа сервистік моделі елімізде азаматтарды барлық сұрақтар бойынша жедел қабылдап, қажетті кеңестер беру үшін құрылған болатын. Қазіргі уақытта елі­мізде 174 фронт-офис жұмыс істейді. Әрқайсысында күніне 20-30 адамға түрлі кеңес­тер беріледі. Осындай кеңселерді ашу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен бірге республикалық «Жол­да қабылдау» кең көлемді акциясын өткізу нәтижесінде тұрғындар тарапынан көптеген жағымды пікірлер түс­ті. Жергілікті полиция қызметі, әкім­шілік полиция, көші-қон қызметі департаменттерінің басшылары еш­қан­дай алдын ала жазылусыз және бюрократтық кедергілерсіз ай са­йын кабинеттен тыс, дала жағдайында қабыл­даулар өткізеді.

Тұрғындармен жедел және тікелей байланыс жасаудың тағы бір тиімді құралы – «Ішкі істер министрінің блогы». Жыл басынан бері осы блогқа 2 мың өтініш келіп түсті. Оның бәрімен өзім мұқият танысып шығамын, содан соң қажетті шаралар қабылданады, қолданушылардың барлығына сауал­дарының нәтижесі жөнінде міндетті түрде хабарланады.

Полиция халыққа жақын болуы тиіс. Біздің арамызда тек қана жеке пайдасын ойлайтын қызметкерлерге орын жоқ.

Жемқорлыққа қарсы қызмет

Ішкі істер органдарын жаң­ғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол карта­сында жем­қорлыққа жол беретін жағдайлар мен себептерді жоюға ай­рықша назар аударылды. Сол себепті біз­дің ведомствода жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған бірқатар шара қабылдануда.

Соның бірі көп жылдардан бері өзектілігін жоймай келе жатқан – «Шеп» стационарлық бекеттері. Оның қызметіне байланысты көп шағым түскені бізге белгілі. Өйткені дәл осындай бекеттерде көліктерді себепсіз тоқтату, жемқорлық пен парақорлық фактілерінің таралуына жол беріледі.

Мәселен, 1998 жылы елімізде поли­цияның 320 стационарлық бекеті жұмыс істеді, 2003 жылы олардың саны 68-ге дейін азайды, ал 2013 жылы – 46, 2018 жылы 36-ға төмендеді. Бекеттердің саны қысқарғанына қарамастан, мәселе сол күйінде қалған болатын.

Қалған бекеттердегі жол қозға­лысын қадағалау қолданыстағы автоматты мониторинг жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Ішкі істер министрлігінің жем­қор­лыққа қарсы бастама­лары­ның бірі – тіркеу-емтихан бөліністерін тарату. Бұл жаңа­лық қоғамды елең еткізді. Жасыра­тыны жоқ, тіркеу емтихан бөлі­ніс­тері көптеген басшыларға жем салынған астау қызметін атқарып келген болатын.

Осыдан екі ай бұрын Қаржы министр­лігінің ақпараттық жүйе­сімен біріктіру жүр­гіздік, соның нәтижесінде автокөлігін тіркетуге келген азаматтарға салық және кеден органдарынан рас­таушы құжат­тарды ұсыну қажет­тілігі болмай қалды.

Бұған қоса, бұл бағытта біз тағы алға жыли түсуді көздеп отырмыз. Таяу уақытта полиция мамандандырылған ХҚО-дан толықтай кетеді. Автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу кезінде емтихандар қабылдау мін­де­ті Мемлекеттік корпорацияға бе­рі­леді. Сонымен бірге аталған қыз­мет­терді кәдімгі ХҚО-дан алуға бола­ды. Осылайша біз тіркеу емтихан бөлі­ністерін алдағы шілде айынан бастап толықтай таратамыз.

Әлеуметтік қорғау – қызметкерді қолдау

Ішкі істер министрлігі құры­лы­мындағы адами фактордың маңыз­ды­лығын ескере отырып, Жол картасына еңбекақыны көтеру және тұрмыс жағдайын жақсартуды қарастыратын қыз­меткерлерді әлеуметтік қол­даудың жеке тармағы енгізілді.

Жақында өткізілген штатты оңтай­ландыру 16 млрд теңге қаржыны үнем­деуге мүмкіндік берді. Бұл қаржы Үкі­меттің бөлген 20 млрд теңгесімен бірге біздің қызметкерлеріміздің еңбекақысын көтеруге бағыт­талады. Мәселен, қызметін жаңа бастаған патрульдік полиция инс­пекторы бұрын 103 мың теңге алса, енді 146 мың теңге алатын болады.

Полицейлердің тұрғын үй мәселесі тұрғын үйді жалға (аренда) алғаны үшін өтемақы алуға құқығы бар қызмет­керлердің тізімін кеңейту арқылы ше­шіледі. Бұл тізімге полицияның учас­келік инспекторлары, кәмелетке толма­ғандар ісі жөніндегі инспекторлар, па­т­рульдік полиция қызметкерлері және олардың басшылары енгізілді.

Сонымен қатар тұрғын үйді жал­ға алғаны үшін өтемақы төлеудің қол­даныстағы механиз­мін арнайы органдар мен әскери қызметкерлеріне қа­ралған төлемге балама ретінде ауыстыру мәселесі қаралуда.

Мемлекет басшысының тапсырмалары

Қазіргі замандағы ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттары қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзу­шылықтың алдын алу болып анықталды. ІІМ алқа отырысында берген осы және басқа да маңызды міндеттер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша бақылауында.

Соның ішінде Мемлекет басшысы ұрлықпен күрес шараларын күшейтуді қатаң тапсырды. Себебі қазіргі кезде тіркелген қылмыстардың 60 пайызын ұрлық құрайды. Сондықтан біздер ұрлыққа қарсы күрестің арнайы бағдар­ламасын қабылдап, іске асырудамыз. Бұ­ған қоса, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру үшін бірқатар заң актісі әзірленді.

Сонымен, ауыл тұрғындарына ауыр тиетін мал ұрлығына жазаны қатаңдату үшін Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізу жөнінде бастама көтердік. Сондай-ақ ауылдағы малдарды бағуды ұйымдастыруды реттейтін нормаларды әзірлеуге қатысты заңдарды жетілдіру, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган­дарға сәйкесті Тәртіпті әзірлеуге өкілет­тілік беру мәселесі қаралуда.

Біздің үлкен мегаполистер үшін авто­бөлшектер, соның ішінде айна ұрлығы үлкен мәселе. Ұрланған автобөлшектер базарларда және тағы басқа жерлерде еркін сатылып жатқаны жасырын емес. Осыған байланысты біздің бастамамыз бойынша «Ішкі сауда тәртібіне» өзгерістер енгізілуде. Бұл өзгерістер автобөлшектерді тек арнайы дүкендерде сату тәртібін қарастырады.

Осы арада атап өтер жайт, биылғы жылдың ақпанында қылмыстық заңна­маға қайталап ұрлық жасағандарға жазаны қатаңдататын норма енгізілді. Бұл ұрлық түрі ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылғандықтан, қылмыскерге жә­бір­ленуші тараппен татуласып, қатаң жазадан қашып құтылу мүмкіндіктері жойылды.

Ұрлыққа қатысты тағы бір өзекті мә­селе – ұялы телефон ұрлығы. Біз­дің бастамамызбен «Абоненттік құры­лым­дарды тіркеу тәртібі» бекітілген болатын. Сондықтан қазір ұялы телефон ұрлау­дың мәні болмай қалды, ұрланған жағдай­да абоненттік құрылғыны ұялы байла­ныс операторлары бұғаттап тастайды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде тіркелген ұрлық саны 12%-ға дейін қысқарды.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-шараларды күшейту ең маңызды мә­селелердің бірі. Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың осы бағыттағы тапсыр­масын біз үш бағытта атқарып жатырмыз.

Біріншісі, ІІМ арнайы бөлімшелерінің жедел топтарының қызметі. Бұл топтар ірі есірткі сатушыларды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызме­тіне тосқауыл қою және есірткі, әсіресе синтетикалық есірткі тасымалы каналдарын жою бағытында да үлкен жұмыстар атқаруда. Осы жылдың соңғы 5 айында бұл бөліністер 980 есірткі қылмысын анықтады, соның ішінде өткізуге қа­тысты 707 және есірткіні ірі мөлшерде сақ­тау бойынша 167 факті тіркелді. Бар­лығы 3 тонна 409 грамм әртүрлі есірт­кі, дәлірек айтқанда 11,144 кило ге­роин және 2,621 кило синтетикалық есірт­кі тәркіленді. Аталған мерзімде 4 ұйым­дасқан қылмыстық топтың қызметі тоқ­та­тылды, олардың басшылары мен қаты­су­шылары үстінен 8 қылмыстық іс қозғалды.

Екіншісі, Қылмыстық кодекске есірт­кіні интернет-ресурстар арқылы тарату­шылардың қылмыстық әрекетін саралайтын жеке бап енгізу. Бәрімізге белгілі, интернет қолданушылардың көпшілігі жастар, сондықтан электронды ресурстарды жоғарыда айтылған қыл­мыстық мақсаттарға пайдалану қоғам үшін өте қауіпті.

ІІМ арнайы бөліністерінің жедел топ­тары 2017 жылы 430 есірткі сайтын анықтап, бұғаттаса, 2018 жылы 5 мың­нан астам, 2019 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 3700-ді құрады.

Үшіншісі, орталық аппаратта бірінші рет арнайы бөлініс құрылды. Бұл бөлініс ақпараттық-коммуникациялық жүйеде есірткі қауіпсіздігі мәселесімен айналысады. Бөліністің құрамы міндетті түрде ағылшын тілін меңгерген жоғары технология саласындағы білікті мамандардан құралды.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ,

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты