• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Маусым, 2019

Сан тарихтың кіндігі- көне Сегізсай

459 рет
көрсетілді

Шырайлы Шыңғырлау, шұрайлы Шыңғырлау деп әспеттейтін туған даламыздың шырайы табиғаттың өзі бойтұмар еткен алып таулары мен көзмоншақ көлдері болса, шұрайы - қойнауындағы құм жасырған қалың тарих. Бұл туралы бұған дейін де талай мәрте жазылып, тарихшы, археолог ғалымдар мен зерттеушілердің ортақ ой-пікірлері тоғысқан тақырып. Десек те, бүгінге дейін негізінен ресейлік ғалымдардың зерттеулері арқылы белгілі болып келе жатқан әлемдік көне ескерткіштер тізіміне енген Сегізсай қорғандар мен қорымдар кешенін өзіміздің ғалымдардың, археологтардың зерттеуге, білуге деген қызығушылығы зор.

 350-тарта қорғандары бар Есен-Амантау үстіртінде өткен ғасырдың 66-шы жылдарынан бері зерттеулер жүргізіліп келе жатырғаны бұған дейін де айтылды. Осы аралықта 150-ден аса қорғандар қазылып археолог, антрополог, тарихшы пайымынан өтті. Енді, әлі де зерттелетін түрлі қорғандардың бар екені белгілі. Сол ауқымды жұмыс алдында өткен жұмыстарды екшеп, барлық зерттеу нәтижелерін талдау, қорытындылау және жаңа жұмысты жоспарлау сынды сараптау қажеттілігі туындаған еді.

Міне, осы мақсатта Шыңғырлау ауданында  Ресей және Қазақстан археолог, антрополог және тарихшы ғалымдарының қатысуымен "Көне Сегізсай" тақырыбында халықаралық симпозиумы ұйымдастырылды. Сегізсай аймағындағы Сақ-Сармат дәуірлерінен сақталған көптеген қорғандардың, обаларды зерттеген экспедициялар жұмыстарының нәтижелері, сол дәуірлердегі халықтардың қоныстану үрдісі, табылған қорғандардағы антропологиялық зерттеу тұрғысында бірқатар мағлұматтар берген шара аудан тарихына тың деректер қосты. Бұған әр жылдары Көне Сегізсай қорғандарынан табылған жәдігерлермен жұмыс жасаған археолог, антрополог және тарихшы ғалымдардың келуі себеп болды. Симпозиумға ұйымдастырушылар тарапынан  арнайы шақыртылған қонақтар арасында Мәскеу қаласынан тарих ғылымдарының докторы А. С. Балахванцев, тарих ғылымдарының кандидаты Е. П. Китов, Самара қаласынан тарих ғылымдарының докторы  А. А. Хохлов пен В. Н. Мышкин, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының м.а Б. Жұмабаев, БҚО тарих және археология орталығының директоры Ж.Сафуллин, аға ғылыми қызметкері Я.Лұқпанова, БҚО тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Т.Жүсіпқалиев, тарих ғылымдарының магистрі А.Құрымбаев болды. Олар өз зерттеулері, одан шыққан нәтижелері туралы аудандық мәдениет үйінде өткен пленарлық жиында баяндамалар оқып, жергілікті тұрғындармен бөлісті.

Облыстық музейде Сегізсай қорғандырынан табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылып, көрмені тамашалаушыларға мол мағлұматтар берілді.

Пленарлық жиын барысында әлемдік үрдіске сәйкес ерте дәуірдің ескерткіштерін және құлпытастарды жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени мұралар тізіміне қосу, Елекшар, Сегізсай сынды бірегей ескерткіштерге мемлекеттік мекемелердің (прокуратура, БАҚ) назарын аудару, жер телімдерін бөлу кезінде тарихи және мәдени мұраларды сақтау және қорғау мәселесінде бақылауды күшейту, апатты жағдайдағы ескерткіштерді зерттеуге қаржылар  табу, Сегізсай кешенінен табылған археологиялық жәдігерлерді жүйелендіру, өңдеу және Батыс Қазақстан тарих және археология орталығымен бірлесе отырып, Сегізсай кешені жәдігерлері каталогын шығару, Сегізсай қорғандар кешенін республикалық маңызы бар «Рухани жаңғыру» ескерткіштер тізіміне қосу, Лебедевка-Сегізсай қорғандар кешені ескерткіштерінің бірегейлігін ескере отырып, үш жылда бір рет тақырыптық симпозиумдер өткізу, ғылыми симпозиумның материалдарын Д.В.Марыксин және Я.А.Лұқпанованың өңдеуімен мақалалар жинағы етіп шығару туралы резолюция қабылданды.

Түс қайта симпозиум жұмысы далалық семинарға ұласты. Ғалымдар тобы жергілікті жұртшылыққа әбден таныс Елекшар қорымындағы құлпытастармен танысып, «Хасен хазірет» мешітінде болды, обаларды аралап, обалардың орналасуы, геометриялық пішіні бойынша пайым-пікірлерін ортаға салды. Бұдан әрі Сегізсай қорғандар кешеніне барып, Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменовтың жетекшілігімен жүргізіліп жатырған археологиялық қазба жұмысымен танысты.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ

БҚО Шыңғырлау ауданы