Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:23
Ел ішінде МАИ туралы анекдот, күлдіргі әңгімелер өте көп. Кез келген көлік жүргізушісі алатаяқтылармен арада болған жағдайды майын тамызып айтып береді. Жүргізушілер үшін МАИ жол бойында тек ақша жинау үшін тұрады, бұлар жол ережесін бұзған сайын олар қуанады, құжаттарын тексеру үшін тоқтатса да бірден «бірдеңе дәметіп тұр» деп ойлайды. Әрине, шопырлар да мұндай әңгімелерді аспаннан алмайтыны белгілі. Алатаяқтылардың алақаны қышығаны бір бөлек, олар сол параны алу үшін ойлап таппайтындары жоқ. Өткенде ғана «Титус» сайтында шымкенттік бір МАИ қызметкерінің ана құжатты бір сұрап,
Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:23
Ел ішінде МАИ туралы анекдот, күлдіргі әңгімелер өте көп. Кез келген көлік жүргізушісі алатаяқтылармен арада болған жағдайды майын тамызып айтып береді. Жүргізушілер үшін МАИ жол бойында тек ақша жинау үшін тұрады, бұлар жол ережесін бұзған сайын олар қуанады, құжаттарын тексеру үшін тоқтатса да бірден «бірдеңе дәметіп тұр» деп ойлайды. Әрине, шопырлар да мұндай әңгімелерді аспаннан алмайтыны белгілі. Алатаяқтылардың алақаны қышығаны бір бөлек, олар сол параны алу үшін ойлап таппайтындары жоқ. Өткенде ғана «Титус» сайтында шымкенттік бір МАИ қызметкерінің ана құжатты бір сұрап, мына құжатты бір сұрап, ақыры түк таппаған соң жүргізушіге «РНН, СИК-ің бар ма?» деп тиіскенін айдай әлемге көрсетті.
Ал бірақ шын мәнінде МАИ қызметінің өміріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алар орны ерекше. Өзіңіз ойлаңызшы, егер жол бойында МАИ қызметкерлері тұрмаса, онда жүргізушілер ойына келгенін істер еді. Онсыз да әдемі көлікке мінсе арқасы қозып кететін кейбір қызуқанды шопырлар, әсіресе, жастар жағы бір-бірімен жарысып, бірін-бірі қуалап, оның соңы орны толмас өкінішке ұласып жатқаны жасырын емес. МАИ болмаса жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізуден қорықпас еді. Бұл тек өзінің ғана емес, басқа да адамдардың өміріне қауіп төндіру деген сөз.
Сондықтан МАИ қызметінің қиындығы, қызығы, беделі, абыройы туралы мақала жазғымыз келіп ОҚО ІІД Жол полициясының бастығы Артықбек Жаппаровпен телефон арқылы тілдестік. Кездесу уақытын белгілегенмен оны өз кабинетінен табу өте қиын болды. Түсінеміз, жол полициясы бастығының шаруасы көп, бірде ойда, бірде қырда дегендей… Ақыры кабинетінде жолығып, аттың жалында, түйенің қомында отырғандай асығыс түрде сұхбат алып үлгердік, әйтеуір. Өйткені, облыстың бас жол полициясының телефонында тыным жоқ. Негізі ұялы телефонда ұят жоқ, шырылдай береді. Соны ұстап жүрген адамдар ұялуы тиіс. Жоқ, Артықбек Жаппаров мырза алдымда адам отыр-ау, сұхбат беріп отырмын-ау деп қымсынбады. Оның үстіне қайта-қайта тыпыршып, бір жиналысқа асығып тұрғанын ескертумен болды. Әйтеуір, бізден тезірек сытылғысы келді. Содан МАИ-дың осы уақытқа дейін атқарған жұмысы туралы толық мәлімет беруді сұрадық. Міне, осы жерге келгенде Жаппаров мырза қатты қипақтады. Қолындағы екі-үш беттік мәліметті бір берді, одан «ішінде өзгертетін жері бар екен» деп қайтып алды. Соңында «мәліметтің бәрін екі-үш күнде толық қолыңызға тигіземін» деген соң, электрондық поштамызды да жазып беріп, қайттық. Бұл өткен жылдың соңғы айлары болатын. Содан Жаппаровты жоғалттық. Телефон соқсаң, «міне, міне жіберемін» дейді де, ізім-қайым жоқ болады. Қазір жариялылық заманы, кез келген мекемеден баспасөз хатшысы арқылы сұраған мәліметімізді қиындықсыз ала беруші едік, ойпырмай, облыстық МАИ-ден қыстың күні қар сұрап алудың өзі қиын екен.
«Жазған кұлда шаршау жоқ», енді ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Обалы не керек, баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова өте сыпайы сөйлесіп, бар сауалымызды, сұрайтын мәліметімізді департаменттің сайтына, облыстық ІІД-нің бастығы Асқар Оспановтың атына жолдауымызды өтінді. Жібердік. «Сіздерге қарасты Жол полициясының жұмысы туралы мәлімет алу өте қиын. Міне, бір айдан асты Жол полициясы мәліметті әне береміз, міне береміз деп алдап келе жатқанына… Неге екенін қайдам, олар мәлімет беруге мүлдем құлықсыз» деген сұрағымызға көп өтпей-ақ жауап келді. ОҚО ІІД-нің бастығы, полиция полковнигі Асқар Оспанов біздің сауалымызға қысқаша: «Оңтүстік Қазақстан облысы Жол полициясы қызметі туралы мәліметтерді алу үшін, сіз ОҚО ІІД Жол полициясы басқармасының басшылығына сізге қажетті сұрақтар бойынша қатынас хат арқылы немесе өзіңіз келіп жол полициясы жұмысына қатысты толық ақпараттарды алуыңызға болатынын хабарлаймын», деп жауап беріпті.
Анекдот деген осындайда еске түседі ғой. Алыс аудандағы бір топ полиция қызметкерлері облыстағы бастығына арыз жазыпты. «Құрметті Пәленше Түгеншеұлы, сізге арыздануымызға бізде ақшаның шексіз жиналатыны себеп болып отыр. Бізге облыстан келетін комиссия көп. Әрқайсысына бөлек-бөлек ақша жинаймыз. Қалай «комиссия келеді екен» дегеннен бастығымыз шақырып алып, ақша жинауға тапсырма береді…» деп басталатын арызды облыстағы бастық оқып болған соң, тез арада осы жайтты тексеруге әлгі ауданға тағы бір комиссия жіберіпті.
Міне, Оспанов мырзаның да жауабы осы сияқты болды. «Облыстық МАИ-ден мәлімет ала алмай жүрміз» деген сауалымның сөздерін ауыстырып, «мәліметті облыстық МАИ-ден аласыздар» деген жауабына күлесіз бе, жылайсыз ба? Жақында ғана Елбасының құқық қорғау органдары басшыларымен өткен үлкен жиында Оңтүстіктің жол полициясы саласы қатты сынға ұшырады. 12 қаңтар күні Шымкент қаласындағы Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысында МАИ қызметкерлері М.Өміров жүргізіп келе жатқан жеңіл көлікті тоқтатады. Неден тұтанғанын қайдам, әйтеуір арада түсініспестік туындаған. Содан, қысқасы, Өміровке қарсы көліктің мемлекеттік нөмірі жоқ және полиция қызметкеріне қарсыласты, күш көрсетті деген айыппен қылмыстық іс қозғалады. Шынында тексеру барысында көліктің артқы нөмірі жоқ болып шыққан әрі полиция қызметкерінің погоны жұлынған. Бірақ, артынша М.Өміров прокуратураға арызданып, нәтижесінде әлгі МАИ қызметкерлері көлікті тоқтатқан жерге жақын орналасқан «Оскар» валюта айырбастау пунктінің бейнекамерасының түсіргендерін қарап шығуға тура келеді. Онда жүргізуші көліктен түспестен құжаттарын көрсетіп жатқанда, полицияның ымдауымен белгісіз біреудің көліктің артқы нөмірін шешіп алғаны және полиция қызметкері көліктің артқы орындығына отырып погонын өзі шешіп тастағаны анық түсіп қалған. «Нәтижесінде облыстық жол полициясының бірнеше қызметкерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 308-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды» дейді әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Болат Жұматаев.
Міне, «алатаяқтылар туралы анекдот неге көп?» деп ешкімді жазғыра алмайсың, оны өмірдің өзі тудырады. Жол полициясының жоғарыдағы сорақы тірлігі өмірден алынған анекдот емей, немене? Әйтсе де, Артықбек Жаппаровтың бізбен емін-еркін сөйлеспей, мәліметтерді бермей жасырып қалғанына қарағанда, Оңтүстіктің жол полициясында біз білмейтін талай былықтың, талай анекдоттың бүркеулі жатқанын айтпай-ақ түсінесің.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.