28 мемлекеттен келген 413 балуанның қатысуымен өткен доданы Қазақстан құрамасы үш жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, 48 кило салмақ дәрежесінде белдескен Ғалия Тынбаева мен Ақмарал Науатбек өздерін өте жақсы қырларынан көрсетіп, ақтық сында күш сынасу құрметіне бөленді. Қазақтың қос қызының арасында өткен финалдық бәсекеде Ғалияның мерейі үстем болды. Ол бас жүлдені олжаласа, Ақмарал күміс медальді мойнына ілді. Сондай-ақ осыдан бірер күн бұрын 66 кило салмақта өнер көрсеткен Нұрзат Сәлімбаев үшінші орынға табан тіреген болатын.
Ұлдар арасындағы жарыста жергілікті дзюдошылардың мерейі үстем болды. Венгрия құрамасының үш бірдей өкілі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Қыздар бәсекесінде Ұлыбритания мен Германияның балуандары екі реттен алтыннан алқа тағынды.