Қарт құрлықтың өкілдері бұл жарысты үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін лицензиялық әлем чемпионатына даярлық ретінде қарастыруда. Бұл күндері Беларусь елінің астанасына атағы алысқа жайылған балуандардың көбі жиналды. Мәселен, еркін күрестен өтіп жатқан жарыста Олимпиада чемпиондары – ресейлік Абдулрашид Садулаев, түркиялық Таха Ақгүл, грузиялық Владимир Хинчегашвили, Олимпиада ойындарының жүлдегелері – Хаджи Алиев, Тогрул Асгаров, Джабраил Гасанов (барлығы да – Әзірбайжаннан), Франк Чамизо (Италия), Сонер Демирташ (Түркия), Гено Петриашвили (Грузия), Ибрагим Саидов (Беларусь) және тағы басқа саңлақтар күш сынасуда. Және де әр жылдары әлем және Еуропа чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген сайыпқырандардың да Еуропа ойындарында атой салуларына тамаша мүмкіндіктері бар.
Алғашқы жарыс күні (25 маусым) 57, 74, 86 және 125 келі салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынуда. 26 маусымда 65 және 97 кило салмақтағы бастапқы бәсекелер және 57, 74, 86 және 125 кило салмақтағы финалдық сайыстар өтеді.
Грек-рим және әйелдер күресінен өтетін жарыста да қарт құрлықтың кіл мықтылары күш сынасады. Еуропа ойындарында күрес түрлерінен барлығы 50 мемлекеттен келген 288 балуан өнер көрсетеді. Олар 18 жүлде жиынтығын сарапқа салады.