• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Маусым, 2019

Тұтас ұлттың тұғыры

347 рет
көрсетілді

Алдыңғы буын саясаткері ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамытудағы ерен еңбегін ерекше айтар едім. Жерден алынатын отындардан бас тарту Қазақстан үшін де, Ресей мен Иран, тағы басқа елдер үшін де маңызды. Жаңа технологиялық әдістерді дамыту, жасанды интеллект – мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының әлем алдына қойған бастамалары. Оның көшбасшылық қасиетін осыдан аңғаруға болады. Әлемдегі бір-бірімен қырғи-қабақ елдерді бітімге шақыруы сарабдал саясаткер, көреген көшбасшының нағыз қайраткерлік тұлғасын зорайта түсті.

Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы ішкі, сыртқы саясатының арқасында қазіргі жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бұл сөзімді қуаттау үшін бір ғана дәлел келтірейін. Өз алдына дербес ел болған жас мемлекет ортадан жоғары кіріс деңгейіне 20 жыл толмай жетті. Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарған жылдары жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім он есеге ұлғайды. 1990 жылғы 1600 доллардан 2018 жылдың соңында 10 мың долларға артты. 2006 жылдың өзінде Қазақстан кіріс көлемі ортадан жоғары елдер тобына енген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнымен тоқтаған жоқ. Ол осы жылдардан бастап келешек үшін қызмет ететін құрылымдық және институционалдық реформаларды жүргізе бастады. Олар мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету және серпінді, заманауи, шикізатты емес инновациялық саланың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған болатын. Сондай-ақ ол әлемдік аренадағы Қазақстан беделін көтеруге және экономиканың әлемдік қоғамдастықпен бірігуіне күш-жігерін жұмсады. Қазіргі заманның қарқыны мүлдем өзгеше. Жаппай бәсеке заманында өмір сүріп келеміз. Қазақстан болашақта одан әрі өркендеуі үшін Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген бағыт-бағдардан ажырап қалмауы тиіс.

 Джордж Вашингтон, Мұстафа Кемал Ататүрік секілді қайраткерлер елінің болашағына өзінің өмірін арнады. Оңтүстік Африкада Нельсон Мандела, Израильде Давид Бен-Гурион халқын жетістікке жетеледі. Нұрсұлтан Назарбаевты сол біртуар тұлғалармен көп нәрсе байланыс­тырады. Ол – осы елдің негізін қалаушы. Қарапайым отбасынан шыққан азамат тұтас ұлттың көшбасшысына айналып үлгерді.

 

Ариэль КОЭН,

америкалық саясаткер және журналист