Алматыда С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде өткен әдеби кездесу «Адасқандар» романының кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес туралы сыр» тақырыбын қозғады. Қаламгер қауым академик-жазушы С.Мұқановтың шығармашылық шеберханасына бір сәтке үңіліп, «Адасқандар» романының жазылу тарихын еске алды.
«Жазушыға шулы даңқ әкелген роман 1931 жылы оқырмандар қолына тиіп, кейін орысша «Сын бая» деген атпен Мәскеуде жарық көрді. 1959 жылы жазушының өзгерту-толықтыруларымен «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басылып шықты. С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1999 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан «Адасқандардың» ең алғашқы нұсқасы (1931 жылғы) оқырмандар қолына қайта тиді» деп романның жазылу тарихынан сыр шерткен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбеков музей сөресінде сақталған шығарманың бір данасы мен Сұлтанбектің С.Мұқановқа берген күнделігі сияқты роман тарихына қатысты мәліметтерден хабардар етті. «Сұлтанбек пен Бәтима» атты дастан да бар. Оның авторы Сұлтанбек Әбеуұлының өзі. Көп жыл өткен соң Сәбең Бәтимаға жолығып, кейінгі жолдасымен суретке де түскен. Оқырмандарды кітап кейіпкерлері Бүркіт (Сұлтанбек Әбеуұлы) пен Бәтестің (Бәтима Мақашқызы) және Мүсәпірдің (Мұстафа Көшековтің) тағдырлары қатты қызықтырды. Бұл туралы профессор Құлбек Ергөбек монографиялық еңбек те жазған болатын. Музей экспозициясында ол жайында «Кейіпкермен кездесу» атты мақала сақталған. «Адасқандардың» ақиқаты туралы әңгіме көнекөз қарияларды, бүгінгі жастарды да толғандыратыны анық.
Кездесу барысында «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына қатысты пікірлер де көпшілік назарында болды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылған «Егеменнің» ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист-жазушы Қайсар Әлім қозғалған тақырыпқа қатысты тың деректерді ортаға салды. Оның да реті бар еді. Ол роман кейіпкерлері туып-өскен, осы оқиғаның бастауы болған Қызбел ауылының тумасы. Сондықтан да ол «Адасқандар» романының кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес туралы, олардың туып-өскен ортасы жайлы сыр шертіп, ел ішіндегі аңызға бергісіз әңгімеден ой өрбітіп, оқыс оқиғаның көркемдік шындыққа айналуы тұрғысындағы өзіндік пайымымен бөлісті.
Қайсар Әлім сонымен қатар бұл махаббат оқиғасының «Еңбекші қазаққа» да қатысты жақтарын мәлім етті. Мәселен, Сұлтанбектің сотына қоғамдық айыптаушы болып қатысқан С.Мұқанов «Еңбекші қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, Сұлтанбек қолынан қаза тапқан Мұстафа Көшеков (Мүсәпір) те осы газетте қызмет еткен. Ал Бәтима Мақашқызын (Бәтес) Қызбелден Қызыордаға оқуға алып келген Балқай Байтоғаев осы басылымның корректоры (Белгілі әнші Абай Байтоғаевтың әкесі ) болған еді. Ал Сұлтанбектің ақылшысы әрі нағашысы М.Дулатов «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының стилистика жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған. Сұлтанбектің оқуға берілуін қатты талап еткен Ж. Аймауытовтың да бір кездері газет басшылығында болғанын білеміз. Міржақыптың үйінде жиылып отырып, Сұлтанбекті шақыртып алып, түзу жолға салуға атсалысқандар ішінде М.Әуезовтің (газетті басқарған) болғаны да көпке белгілі жайт. Тарихтың аты – тарих! Ол жариялылықтың жақтасы! Тарихта іште бүгілетін сыр болмайды екен. «Адасқандар» мен «Мөлдір махаббат» романдарының кейіпкерлері турлы сыр ақтарған Қайсар Әлімнің тақырыпты «Егемен Қазақстан» газетінің тарихымен сабақтастыра әңгіме тарқатуының негізгі себебі осындай деректермен байланысты болса керек-ті.
Осы кездесуде Қайсар Әлім музей ұжымына елорда түбіндегі ауылда тұрған Ө.Қазиханұлының төріне сән берген Сұлтанбек Әбеуұлының (Бүркіт) портретін (бұрын еш жерде көрсетілмеген) сыйға тартып, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына, Ықылас, Д.Қонаев, Н.Тілендиев және Алматы музейлеріне өз кітаптарын тапсырды. Кешке «Егеменнің» ардагері, алматылық қаламгер Дәулет Сейсен қатысты. Әнші Саят Бөдес бірнеше халық әндерінен шашу шашты.