• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Маусым, 2019

Есім хан

32558 рет
көрсетілді

Қазақ хандығының тарихында ел билеген хандар көп болса да есімдері отандық тарихта алтын әріппен жазылуға лайықтылары санаулы ғана. Тарих олардың есімдерін халқына сіңірген еңбектеріне қарай бағалап, бүгінге дейін жеткізіп отыр. Керей мен Жәнібек хандар, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Тәуке хан секілді Есім ханның есімі де жазба дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетінің материалдары арқылы ел тарихында сақталған. Зерттеушілердің міндеті олардың ел тарихындағы алар орны мен атқарған рөлін анықтап, ел жадында мәңгі қалдыру болып табылады. Осыған орай, біз бұл мақаламызда 1598-1628 жылдары қазақ тағын иеленген Есім ханның тарихи тұлғалық болмысы мен тарихи рөлін қарастырмақшымыз.

Есім хан – Қазақ хандығының негізін қа­ла­ған хандардың бірі – Жәнібек ханның ұр­пағы. Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі – Жә­дік сұлтан, одан Шығай хан. Ал Шы­ғай ханның ұлдарының бірі – Есім хан.

Ортағасырлық тарихшы Қадырғали Жалайыр Шығай ханның үш әйелінен тоғыз ұлы болғанын жазса, тарихшы Т.И.Сұлтанов Шығай ханның он екі ұлы болғанын айтып, олардың есімдерін атап көрсетеді. Олар: Сейітқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Тәуекел, Есім, Шахмұхаммед, Әли, Сұлұм, Ибрагим, Шахим, Кучук, Абулай және Бусайд.

Шығай хан ұлдары ішінде танымал болып, жазба деректерде кездесетіндері бірнешеу. Сейітқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Кучук сұлтан және Абулай сұлтан секілді Шығай хан ұлдарының есімдері XVI ғасыр­дың соңы мен XVII ғасырдың ба­сын­дағы қазақ тарихындағы әртүрлі оқи­ғаларда жиі болмаса да кездесіп отырады. Ал хан тағына келіп, қазақ елінің саяси тізгінін қолдарына ұстағаны екеу, олар – Тәуекел хан мен Есім хан.

 Есім хан – Шығай ханның он екі ұлының бірі, Сейітқұл сұлтаннан, Ондан сұлтаннан және Тәуекел ханнан кейінгі төртінші ұлы. Анасы шағатайлық Яқшым бике(Жақсы бике болуы да мүмкін). Тәуекел хан екеуі бір анадан туған. Оның толық есімі – Есмұхаммед (Ишмұхаммед), бірақ жазба дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетіндегі материалдарда, сондай-ақ тарихи әдебиеттерде Ишим, Ашим, Есим, Есім түрінде кездеседі.

Есім ханның нақты қай жылы дүниеге келгені белгісіз, бірақ оны шамалап айтуға болады. Қадырғали Жалайыр д­ере­гін­дегі Оразмұхаммедке қатысты «Сегіз жа­­сында атасы Шығай ханнан айы­рылды. ...Он үш жасында өз әкесі Ондан сұлтан шахит болды. ...Он алты жасын­да бүкіл христиан падишахы Борис Федоровичке қызмет істеуге дайын болды» деген мәліметтерден Есім ханның ағасы Ондан сұлтанның 1555 жылы туып, 1585 жылы қаза тапқанын білгеннен кейін, інісі Есім ханды шамамен 1560 жылдың о жағы мен бұ жағында дүниеге келген деп есептейміз.

1598 жылғы Орта Азиядағы оқиға­лар­ды және соған байланысты Қазақ хан­ды­ғының жүргізген саясатын баяндай­тын деректерде Есім сұлтанның есімі ал­ғаш рет нақты кездесе бастайды. Бұл кезде Есім сұлтан ағасы Тәуекел хан­нан ке­йінгі ең беделді, ең атақты сұлтан­дар­­дың бірі бо­латын. Оны жазба дерек­тер де дәлел­дей­ді. Есім сұлтанның осы кезең­дегі тұлғалық бейнесін ашып көрсе­ту үшін сол жылдардағы оқиғаларға тере­ңі­рек үңіліп көрелік.

1598 жылы Орта Азияда шайбанилық II Абдулла, көп ұзамай сол жылдың жаз айларының бірінде оның ұлы, әрі мұрагері Абд ал-Мумин хан өлтіріліп, билікке үміткерлер арасында күрес бас­талып кетеді. II Абдулланың белгілі әмірлерінің бірі, әрі оның жақтасы, Абд ал-Муминді өлтіруге қатысқан Абд ал –Уаси би деген әмір Тәуекел ханға хабар жіберткізіп, оны қолдайтынын білдіреді де, Орта Азияны бағындыруды үгіттейді. Осыған байланысты Тәуекел хан тез арада 100 мыңдық әскер жиып, аумақты жаулауға аттанып кетеді.

Тәуекел хан аз уақыт ішінде Орта Азия­­­ның Ташкент, Ахси, Андижан, Самар­­­қан сияқты ірі қалалары мен өңір­­лерін басып алады. Самарқанда 20 мың­­дық әскермен інісі Есім сұлтанды қал­­ды­рады да, өзі 70-80 мың әскерді бас­қарып шайбанилар әулетінің астанасы Бұхараға бет алады. Тәуекел хан қала­ны қоршап алады, бұхарлықтар болса қала бекінісін нығайтып, жан аямай соғысуға бел буа­ды. Он бір күн бойы алма-кезек ұрыс болып тұрады да, он екінші күні Бұхара әскері қаладан шығып қазақтарға ша­буыл жасайды. Таң атқаннан күн батқанға дейін шайқас болып, нәтижесінде қазақ әскерлері шегінуге мәжбүр болады. Мұн­дай хабарды естіген Есім сұлтан ашула­нып ағасына мынадай сипатта хабар жі­береді: «Соншама әскермен азғантай ғана Бұхара әскерінен жеңіліп, шегіну деген ұят және өте қатты ұят нәрсе, егер хан Самарқанға келсе, бұл жақта да Бұхара жақтағыдай самарқандықтардың бізге бағынбауы мүмкін. Хан шегінісін тоқ­татып, кері оралсын, мен оған өз әс­керім­мен қосыламын». Тәуекел хан інісі­нің кеңесін құп алады да, қайтадан Бұ­хараға бет алады. Көп ұзамай оған Есім сұлтан келіп қосылады. Бұхараға да Балхтан көмекке күш келіп жетеді. Екі жақ арасындағы шайқастар қайта жалғасып, бір айдай уақытқа созылады. Соғысушы екі жақ түпкілікті жеңіске жете алмайды. Осындай бір сәтте Тәуекел хан әскерді өзі бастап ұрысқа түседі. Қарсыластар жағынан көп әскер шығынға ұшырап, бұхарлықтардың ең беделді және танымал адамдары қаза табады. Осы шайқаста Тәуекел ханның өзі де ауыр жарақат алады. Хан жараланғаннан кейін қазақ әскерлері Ташкентке оралады. Ал көп ұзамай Тәуекел хан қайтыс бола­ды». Міне, осы келтірілген дерек мәлі­метінен Есім сұлтан туралы бір­не­ше пікір айтуға болады. Біріншіден, ол Тәуекел ханнан кейінгі билеуші әулет ішіндегі ең көрнекті тұлғаның және әскербасылардың бірегейі болса керек. Екіншіден, көп әскермен Бұха­ра түбінен шегінген Тәуекел ханға айт­қан сөзі және сөзін ханға тыңдата білуі оның қайсарлығын, өжеттілігін, намыс­шыл­дығын, табандылығын білдірсе керек.

Тәуекел хан қайтыс болып, Есім хан таққа отырғаннан кейінгі ең алғашқы жүзеге асырған шарасы Мауереннахрға қатыс­ты түйінді мәселені шешіп, оны ретке келтіру болатын. Искандер Мун­ши ол жөнінде былай деп жазады: «Біршама уақыт өткеннен кейін нахш­­бендилік шейхтердің араласуымен Ташкенттегі қазақ билеушісі мен орта­азиялық билеушілер арасында бей­­біт­шілік орнатылып, Самарқан әскер­­лері Таш­кентке қарсы ешқандай әре­кет жаса­майды деген келісімге келеді». Бұл дегені­міз – Қазақ хандығының аумағына Ташкент аймағының қосылуын Мауе­рен­нахр билеушілерінің заңды түрде мойындағанын білдіреді. М.Әбу­сейітованың пікірінше, бұл келісімшарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосады.

Біздің ойымызша, Есім ханның би­лікке келуі осындай аса маңызды шараны жүзеге асырумен басталады. Жалпы ал­ған­да, Шығай ханның ұлдары Тәуекел хан­ның қайтыс болуы мен Есім ханның сая­си билікті қолына алуы – қазақ елі тари­хында бір дәуірдің аяқталып, келесі дәуір­дің басталғандығын көрсетеді.

Ал оңтүстіктегі жағдайды жоғарыда айтып өттік.

Осылайша, XVI ғасырдың соңғы жылын қазақ халқының этникалық аума­ғының біріктірілу процесі аяқталған жыл деуге болады. Осыншама зор аумақ­ты, он­дағы ру-тайпалар арасындағы қаты­нас­тарды күшпен немесе жарлықпен ұстап тұрудың мүмкін еместігін білген Есім хан және оның жақтастары жаңа талап­тарға сай жаңа әдет-ғұрып заң­дары­ның жинағын өмірге енгізеді. Ауыз әдебиетінің материалдары арқылы бізге тек сол заңдардың атауы – «Есім ханның ескі жолы» ғана жетеді.

Есім ханның билік етуінің алғашқы кезеңінде елдің сыртқы саяси жағдайы неғұрлым қолайлы болса, ішкі саяси жағдай соғұрлым қолайсыз болады. Есім ханға қарсы бірінші боп Түркістан өңіріндегі қарақалпақ тайпалары бас көтереді. 1603 жылдың күз айында олар шайбанилық бір сұлтанды хан көтеріп бөлектене бастайды. Екі жақ арасындағы алғашқы ұрыстар сәтсіз болып, қазақ ханы Ташкент, Сайрам қалаларынан айы­рылады. Тек 1605 жылы ғана Есім хан қарақалпақ ханы Жалған Әбдіғаппарды өлтіріп қана барып, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтап қалады.

Қарақалпақ бүлігінен кейінгі екін­ші бүлікке қазақ сұлтаны – Тұрсын Мұхам­мед сұлтанның бүлігін жатқызуға бола­ды. Оның бүлігі Есім ханға өте ауыр соқ­қы боп тиеді. Шамамен 1613-1614 жыл­дары Есім ханнан билікті тартып алған Тұрсын хан 13 жылдай Ташкентте хан болып отырады. Ал Есім хан болса Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетуге мәжбүр болады.

Тұрсын ханның шыққан тегі ғылымда әлі күнге дейін анықталмаған. Бұл мә­се­леге арнайы көңіл бөлген Т.И.Сұл­танов оның әкесі Жолым сұлтан деп санайды. Жолым сұлтанның есімі XVI ғ. 60-жылдарындағы оқиғаларды баяндайтын деректерде Хақназар ханмен, Шығай сұлтанмен бірге айтылуына қарағанда, ол Жәнібек ханның тоғыз ұлының біреуінен тараған болса керек. Өкінішке қарай, қай ұлдың ұрпағы екендігі әлі күнге дейін белгісіз.

Т.Сұлтанов Тұрсын ханның қан­дай жағдайда Есім ханнан билікті тартып алғанын ешбір деректе айтылмай­тындығын айта келе, ол билікті алу үшін күресте Мауереннахрдағы аштар­ханилық әулеттің билеушісі Имам­құл ханға (1611-1642 ж.ж.) арқа сүйегенін жазады. 1613/14 жылы Таш­кент аймағын билеп отырған Тұрсын сұлтан аштарханилық ханға арызданып, онда кейбір қазақ сұлтандары мен қырғыздардың бірігіп оның ұлысы аумағына тонаушылықтар жасап отырғанын жеткізеді. Мұндай жағдайды Иманқұл хан қалт жібермей, қазақ билеушілері арасында іріткі салу үшін және Ташкент секілді геосаяси және экономикалық маңызы зор аймақта өз адамын отырғызу үшін бірден мол әскермен Ташкентке аттанады. Т.Сұлтановтың пікірінше, осы жылдан бастап Тұрсын хан Ташкенттің және оған көршілес аймақтардың билеушісі әрі қазақтардың ханы болып есептеледі. Ол өз атынан ақша шығарып, баж салығы мен харадж салығын жинай бастайды. Мұндай жағдайда Түркістанда отырған Есім ханның қандай шара қолданатыны белгілі. Бірақ та ешбір жазба деректе осы жылдары Есім хан мен Тұрсын хан арасында шайқастардың болғандығы жөнінде ешқандай мәлімет кездеспейді. «Тұрсын ханның Есім ханмен қатынасы әртүрлі қалыптасты, ол бірде шиеленісіп әскери қақтығысқа дейін барды, кейін хандар бірін-бірі кешіріп, қайта достас­ты», – деп баяндайды Т.Сұлтанов.

Есім хан өмірінің бір кезеңін Шығыс Түркістан аумағында өткізген жылдар құ­рай­ды. 1613/14 жылы Тұрсынмұхам­мед хан билікті иеленгеннен кейін Түркі­стан­дағы Есім ханмен арадағы қатынас шиеленісіп кетеді. Жоғарыда айтып өткен қазақтың екі ханы арасындағы текетірес кезең 4-5 жылдай уақытқа созылады да, оның ақыры Есім ханның өз жақтастарымен бірге Шығыс Түркістан жаққа кетуіне алып келеді.

Шығыс Түркістан аумағы қазақ билеу­ші­лері үшін беймәлім аймақ емес еді. 1514 жылы шағатайлық Сайд хан ол жақ­тағы билікті басып алып, Могулия деп аталатын жаңа мемлекеттің негізін қалаған бо­латын. Ал Сайд ханның 1513 жылы Қасым ханның Ордасында келіссөздер жүргізіп, 20 күн бойы демалғаны, соған байланыс­ты «қазақтармен татуласу» деген сол күндердегі оқиғалардан хронограмма­ның қалғаны белгілі. Сайд ханның ұлы, әрі мұрагері Абд ар-Рашид ханның би­лі­гі тұсында (1533-1559/60) қазақ-моғол арасындағы саяси қарым-қатынас­тар достық сипаттан жаулық сипатқа ауыса­ды. Тоғым ханның 37 сұлтанмен қаза табуы осы Абд ар-Рашид ханмен со­ғыста болған. Абд ар-Рашид хан қай­тыс болғаннан кейін оның тоғыз ұлы мен олардан тараған ұрпақтар арасында күрестер өрбиді де, күресуші жақтар өз­деріне одақтас ретінде қазақ хандары мен сұлтандарын шақыра бастайды. Сондай күрестің біріне кезінде Тәуекел хан араласып, Шалыш пен Тұрпанда Абд ар-Рашид ханның немересі, Хұдабанда сұлтанның билікке келуіне жәрдемдескен болатын.

XVII ғасырдың басында да бұл аумақ­тағы күрес Абд ар-Рашид ханның ұрпақ­тары арасында өрбіп, тіпті одан әрі күшейе түседі. Негізінен алғанда күрес Қашғар мен Яркендті билеген Мұхаммед сұлтанның (1592-1610 жж.) ұлы Шуджа ад-дин Ахмед хан (1610-1615 жж.), оның мұрагері, әрі ұлы Апақ хан (Абд ал-Латиф хан) (1615-1627 жж.) мен Ша­лыш, Тұрпан өңірінің билеушісі, Абд ар-Ра­шид ханның ең кенже ұлы – Абд ар-Рахим хан арасында өтеді. 1615/16 жылы Шуджа ад-дин Ахмед хан қайтыс бол­ған­нан кейін Тұрпан билеушісі Абд ар-Рахим хан Ақсу қамалын басып алу үшін бірнеше рет жорық ұйымдастырады, бірақ ол жорықтар ешқандай нәтижеге қол жеткізбейді. Өйткені оның күші аз­дау бола­тын. Сол себепті де ол өзіне одақ­тас із­дес­тіре бастайды да, Есім ханды шақырады.

Есім хан Шығыс Түркістанда алты жыл­дай болып, ол жақтағы саяси оқиға­ларға белсене араласады. Бірнеше рет Абд ар-Рахим ханмен бірлесіп, Ақсу қа­ма­лын иемденуге күш салады. Бірақ оның бұл әрекеттері оң нәтиже бере қоймайды.

1623/24 жылы Есім хан Шығыс Түркістаннан қайтып оралады. Оның кері оралуының себептері жазба деректерде айтылмайды. Біз оның бірнеше себептері болған деп топшылаймыз. Бірінші себепке Апақ хан мен Абд ар-Рахим хан арасындағы ұзаққа созылған нәтижесіз ұрыстардың салдарлары жатса керек. Ал екіншіге Тұрсын хан екеуінің арасындағы шиеленістердің бәсеңсіп, Ташкент билеушісі арнайы шақырған деген болжамды жатқызамыз. Өйткені 1624 жылдан бастап ол Тұрсын ханмен бірге болады. Қалай болғанда да осы жылдан бастап Есім хан туған жеріндегі саяси оқиғаларға араласып, жазба деректерде жиі атала бастайды. Т.Сұлтанов «Бахр ал-асрар» дерегінің мәліметіне сүйеніп, 1624 жылы Есім ханның Тұрсын хан ұйымдастырған Әндіжан жорығына қатысқандығын айтып өтеді. Бұл жорық қазақ хандары үшін өте сәтті аяқталып, Бұхара әскерлері жеңіліске ұшырайды. Осыдан кейін Есім хан Түркістан қаласына орнығады. Түркістан қаласында оған жолығып, оны паналаған, ол туралы дерек қалдырған адам, ол – Әбілғазы баһадур хан.

1625 жылы болашақ Хиуа ханы, әрі тарихшы Әбілғазы Түркістандағы Есім ханға келеді. Бұл туралы ол өзі жаз­ған «Түрік шежіресі» атты кітабының «Үр­­геніш өзбегінің бұзылғанының бая­ны» деген тарауда айтып өтеді. Онда ол өз еліндегі қырғыннан қашып шы­ғып, қазақтарға келгенін баяндайды. «Түркі­станда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қалдырып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылды, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл – Йадгар хан ұлы Әбілғазы, еш уақытта бізге бұл жамағаттан кісі келіп қонақ бол­ған жоқ еді, бізден барғандар көп бо­лар, бұл Сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», деді. Тұрсын хан: «Жақсы, се­нің айтқаның болсын» деп өзімен бірге Таш­кентке алып кетті. Ташкентте Тұрсын хан қасында екі жыл тұрдым. Екі жылдан соң Есім хан Тұрсын ханды өлтірді. Есім хан­ға: «Сіз екі ханнан пайда тие ме деп ке­ліп едім, Сіздің ісіңіз мұндай болды, енді рұқсат болса, Имамқұл хан қасына кетейін», – дедім. «Жақсы айтасың, солай қыл», деді. Келіп Имамқұл ханды көрдім...»

Жоғарыда атап өткеніміздей, Есім хан мен Тұрсын хан бірде араздасып, бірде татуласып жүрген болатын. Әбілғазының қазақ арасында болған екі жылдан астам уақытының алғашқы кезеңінде екі хан арасында татулық қатынас орнап тұр­ған еді. Тұрсын ханның Түркістанға келуі, Есім ханның оған барып көрісуі, Әбілғазы жөнінде айтқан әңгімелері біздің осы ойымызды дәлелдейді. Одан кейін екі хан арасындағы қарым-қатынас белгісіз себептерге байланысты қайтадан бұзылып, араздық, алауыздық қайта орнайды. Бұл араздық екі хан арасындағы ұзаққа созылған күрделі әрі шиеленісті қарым-қатынастың соңғы мәресі болды. Ақыры, ол қарым-қатынас Әбілғазының жазғанындай, 1627 жылы Тұрсын ханның өлтірілуімен аяқталады.

Жазба деректерде Есім ханның Тұрсынды өлтіруі туралы мәліметтер сақталған. XVII ғасырдағы ортаазиялық тарихшы Махмуд бен Уәли ол жөнін­де былай деп хабарлайды: «Сол жылы (1626/27 жыл) Есім сұлтан қалмақтарға жорық жасауға шешім қабылдайды. Ол «туы астына бүкіл алаш әскерін басқа да қоластындағы ұлыс адамдарын, Тұрсынға қарайтын қатағанның бір бөлігін жиып, Моғолстанның бір шетіне аттанады да, қалмақтарға шабуыл жасап, оларды тонауға ұшыратады. Осы кезде Тұрсын сұлтан көптен бері өзінің басты саяси қарсыласын жоюды көздеп жүрген болатын. Ол тез әскер жасақтап, Түркістанның бір жерінде орналасқан Есім ханның Ордасын талқандап, ондағы адамдарды қыруды көздейді. Оның адамдары Ордаға бас салып, көп адамдарды қырады да, Есімнің әйелдері мен балаларын, барлық қызметшілерімен Ташкент­ке алып кетеді. Жеңіске масаттанған Тұрсын хан Есімнің көзін біржолата жою үшін «оның жорықтан оралар жолын күзетіп, тұтқиылдан ұстамақ болады». Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ол өз әскерімен Есімге қарсы аттанады. Екі жақ Сайрам түбінде кездесіп, ұрыс басталып кетеді. Тұрсын жеңіліс тауып, Ташкентке қарай шегініп кетеді. Қалған әскерімен Тұрсын хан Ташкентке келгенде Андижан жақтан басқа бір қарсыласының әскері шығып, Ташкентке үлкен қауіп төндіріп тұр екен. Бұл жағдай Есім ханға белгілі болады. Ол қолайлы сәтті құр жібермей, Сайрамнан тез жиналып, Ташкентке қарай аттанады. Екі қазақ ханының Ташкент түбінде екінші ұрысы болады да, Тұрсын хан әскері жеңіліс табады, ал Тұрсын ханның өзі қаза табады. Оны өзіне жақын адамдарының бірі өлтіреді. Есім хан Тұрсын ханның басын кесіп алып, Бұхара ханы Имамқұл ханға жібереді. Өз кезегінде Бұхара билеушісі Есім ханға Түркістан, Ташкент және тағы басқа қалалар мен елді мекендерді басқаруға хан жарлығын шығарады. Тұрсын ханның өлтірілуі туралы орта ғасырлардағы орта­азия­лық автордың мәліметі, міне осындай.

Осылайша, XVII ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ хандығының ішкі саяси өмірінде ұзаққа созылған саяси текетірес Есім ханның жеңісімен аяқталады.

Ал енді не себепті ұзақ уақыт бойы Есім хан Тұрсын ханның озбырлығына, екі­жүзділігіне шыдап, төзіп келген деген сұ­раққа жауап бере кетелік. Біз оның бас­ты себебін Есім ханның жеке ба­сын­дағы қара­пайым мінездері мен өте дін­дар болуы­нан деп түсіндіреміз. Ол – атасы Жәдік сұлтан, әкесі Шығай хан се­кілді мұ­сыл­­маншылықты берік ұстаған­дық­тан өз туысының қанын бекер шашуға бар­маған, ел бірлігін ойлаған және Тұрсын хан­ның уәдесіне, антына сеніп отырған. Ал Таш­кент билеушісінің соңғы іс-әрекеті – ешбір заңға сыймайтын, ешбір қисынға келмейтін іс-әрекет болғандықтан, ол Тұрсын ханды өлтіруге барған деп ойлаймыз.

Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкен­нен кейін өзінің Ордасы орналасқан Түркі­станға қайтып оралады. Онда ол бір жыл­дай өмір сүріп, келесі 1628 жылы ша­ма­­мен 70 жасқа қараған шағында өз ажа­лы­­нан қайтыс болады. Оның денесі Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесі жанына қойы­лып, қабірінің басына кішігірім мавзолей салынады.

Деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады. Атақты Тәуке хан – Жәңгір ханның ұлы немесе Есім ханның немересі болып келеді.

Осылайша, Есім ханға қатысты жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, мынадай тұжы­рымдар жасаймыз.

Бірінші, Есім ханның шығу тегі XIII ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақтың ханы болған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан бастау алса, XIV ғасырдың ортасында осы аумақта дербес Ақ Орда деген мемлекет құрған Орыс ханмен жалғасып, XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханға дейін жетеді. Одан кейін атасы – Жәдік сұлтан, әкесі – Шығай хандармен жалғасып, нағыз текті әулеттің өкілі екендігін көреміз. Сонымен бірге аталары мұсылманшылықты берік ұстанған, атақты дін басыларының мүриді болған тұлғалар екендігіне көз жеткіземіз.

Екінші, Есім хан 1598-1628 жылдар ара­­лығында 30 жыл бойы ел тізгінін қолы­­на ұстап, оның бірлігі мен тұтастығы үшін күрескен. Оның билігінің алғашқы жылдары қазақ халқының этностық тер­риториясының қалыптасуы аяқталады. Жаңа заманға сай жаңа қатынастарды рет­тей­тін құқықтық негіз – «Есім ханның ескі жолы» атты заң жинағын өмірге енгізеді.

Үшінші, Есім ханнан бастап Қазақ елінің астанасы нақтыланып, бұрынғы Йасы қаласы – Түркістан деген жаңа атауға ие болады. Есім хан салған осы жол бойынша Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы міндетін бірнеше ғасыр бойы атқарады.

Төртінші, Есім ханның ағасы Ондан сұлтанды есептемегенде, Есім ханнан бастап қазақтың барлық ресми хандары, сондай-ақ қарапайым халықтан шығып, өз заманында саяси, әскери, рухани, мәдени көсем бола білген тұлғалар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерленеді де, қаланың рөлі мен маңызын, қасиеті мен құдіретін одан әрі арттырады.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы