Өнегелі өмір жолында еліне зор еңбегін сіңіріп, халқының тұлғалы азаматына айналған, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымында, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде жауапты басшылық қызметтер істеп, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік академиясын басқарған, Орталық Азиядағы халықаралық есірткіге қарсы күрес орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген кәсіби маман, парасатты басшы Әділ Шаяхметұлы туралы аталмыш мектепте «Ұлы дала қыраны» атты кітаптың тұсауы кесіліп, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов атындағы алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды.
Бұл іс-шараға елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, Қазақстан Республикасы Генералдар кеңесінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, ҰҚК Алматы қаласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Әбдімәлік Райымқұлов, көптеген әріптес генералдар, офицерлер қатысып, қонақ болды. Сонымен қатар кезінде Әділ Шаяхметұлына сабақ берген ұлағатты ұстаздары, оның ішінде Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Гүлжауһар Жексембина, Нағима Бекмағамбетова және басқа да мұғалімдер, азаматтың отбасы, туыстары, бірге өскен жерлестері, сыныптас, интернатта бірге оқыған достары және әріптестері жиналды.
«Әділ Шаяхметов Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет етіп келеді. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін, шекарасының берік болуын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Әділ Шаяхметұлының жоғары деңгейдегі мемлекет қайраткері дәрежесіне жетуі оның білімінің тереңдігі мен дайындығының жоғары деңгейде болғандығының арқасы деп ойлаймын.
Осы шараны ұйымдастырған мектеп-интернат директоры Роза Ербозымқызына, игі істерге атсалысқан оқытушылар мен оқушыларға ризашылығымды білдіргім келеді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.
«Өзім ұстаз болғандықтан, осы іс-шараның, әсіресе балаларға үлкен әсер бергенін байқадым. Әділ Шаяхметов өзі оқыған осы мектепке ылғи келіп, барлық өзекті проблеманы біліп, оны шын пейілімен шешуге атсалысады. Сонымен қатар Әділ Шаяхметов Саурық батыр ауылындағы бастауыш класта оқыған, мектебіне күрделі жөндеу жасауға, спорт кешенін салғызуға ықпал етті. Осындай азаматтардың қатары көбейіп, жастарға қамқорлық көрсетсе, кәсіпкерлер байлықтарынан мәдениет саласына, оқу орындарына қарайласса, ұлтымызға үлкен қызмет жасаған болар еді», деді мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева тебіреніспен өз пікірін білдірді.
Өз кезегінде генерал-лейтенант Ә.Шаяхметов: «Талантты ұстаздың шәкірті талапты болады» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Кезінде бізді білім нәрімен сусындатқан Орынша Қарабалина-Қазыбаева апайымыз бастаған ұлағатты ұстаздарымыздың біразы бүгінде зейнет демалысында, оларға шексіз алғысымды білдіремін. Білім ордасында ұстаздардың ұйғаруымен менің атыма арнап әскери дайындық сыныбын ашып, маған арнап «Ұлы дала қыраны» кітабын шығарғандары мен үшін өте үлкен құрмет», деп атап өтті.
Мектеп-интернатқа оқушылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Олар білім ордасына әр облыстардан үлкен сыннан өтіп қабылданады. Оларға қоятын талап та өте жоғары. Сондықтан жоғары деңгейдегі талаптың, жастардың өздерінің талпыныстарының арқасында мектеп ұжымы үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Сөз соңында, алтын ұя мектебіміздің, хан сарайына бергісіз ақ ордамыздың «ел үшін еміреніп, жұрт үшін жүгініп қызмет етер» (Б.Момышұлы) Әділ Шаяхметовтей шәкірттері жыл санап арта берсін дегіміз келеді. Қазақстанның көк байрағын биік ұстар азаматтарымыз осы мектептен тәрбиеленіп, алда талай белестерге жетіп, асқар шыңдарды бағындырсын деген жүрекжарды лебізімізді білдіреміз.
Роза СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының директоры