• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2019

Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен бірге

266 рет
көрсетілді

Елордадағы жастар ұйымдарынан, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардан, сондай-ақ қала тұрғындарынан жиналған гуманитарлық көмек Арысқа үшке бөліп жөнелтілді. «Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен бірге» деген жазуы бар 10 жүк көлігіне азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар және киім-кешек тиелген.

«Арыс тұрғындары өз қалаларына орала бастады. Қазір оларға ең алдымен азық-түлік, жеке гигиеналық құралдар, киім-кешек қажет. Осындай қиын уақытта жұдырықтай жұмыла білген барлық қала тұрғындарына алғысымды білдіремін. Апат болған алғашқы екі күнде мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар Арысқа көмек ретінде бір күндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударды. Кеше 3 жүк көлігі шыққан, бүгін төртеуін аттандырып отырмыз. Ал ертең тағы 3  жүк көлігін жібереміз», деді өткен жұмада жолға шыққан көмек керуенін шығарып салуға келген  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, астаналық тұрғындар Арыстағы ағайынға барынша белсенді көмек жинап жатыр. «Елорда халқы Арыстағы апатты күйзеле қабылдағанын көмектесуге ниетті адамдардың молдығынан байқауға болады. Өзім де Арыстың тумасымын. Осында оқуға түсіп, жұмысқа орналастым. Қиын кезде зардап шеккен жұртқа көмек қолын созып жатқан нұрсұлтандықтарға Арыстың тумасы ретінде алғыс айтамын. Өз замандастарымыз қаржылай көмек жинау үшін бірлесіп барып қан да тапсырды. Соның ақшасын корпоративтік қорға аударды», дейді ол. 

Ерлан Каналимов Арыс қаласындағы үйлерді қалпына келтіруге 19 құрылыс жасағы қатысатынын айтты.  «Қала әкімінің тағы бір орынбасары құрылыс мамандарымен Арыста жүр. Біздің ұсынысымызды елорданың құрылыс компаниялары қолдап, 19 құрылыс жасағы құрылды. Әр жасақта кемінде 10 маман бар. Құрылыс материалдарын да өзіміз алып барамыз. Алдымен үй иелерімен бірге әр үйдің ақау актісі жасалады. Сол бойынша бізге бөлінген 9-сектордағы 500 үйдің қайсысын жөндеу керектігі анықталады. 19 жасақ палата қалашығында жатып, бір айдың ішінде үйлерді қалпына келтіреді. 50 ерікті жас барып, тұрғындардың көшуіне көмектеседі. Қазірдің өзінде 50 ерікті студент медициналық көмек көрсетіп жүр», деді әкімнің орынбасары.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»