1951-1954 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық міндетін атқарып келген соң, 8 жыл бойы Қазақстан Компартиясы Соколов аудандық комитетінің нұсқаушысы, машина-трактор стансасы мен «Явленский» кеңшары партия бюросының хатшысы қызметін атқарды. Осы жылдары өндірістен қол үзбей Талғар ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша аяқтайды, ал содан кейін Жоғары партия мектебін бітіреді.
1962 жылы ол артта қалған «Афанасьевский» кеңшарының директоры болып тағайындалады және 2 жылдан кейін оны озаттар қатарына шығарады. Төрт жылдан кейін білікті басшы Соколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Осы қызметте оның ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа қырлары ашылып, аудан қысқа мерзімде ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің біріне айналды. Шаруашылықтың экономикасы нығая түсті, тұрғын үй, жол, өндірістік нысандар құрылысы өріс алды. Көп кешікпей М.Сағдиев жаңадан ашылған Жамбыл ауданына басшылыққа жіберілді, ал тағы бірқатар уақыттан кейін Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол өзінің күнделікті еңбегімен және қажыр-қайратымен күрделі табиғи-климаттық жағдайдағы осы аймақта ауыл шаруашылығы өндірісін елеулі түрде көтеруге, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, елді мекендерді абаттандыруға және электрлендіруге, автомобиль жолдары мен байланыс құралдары желісінің кеңеюіне күш салды. Халық ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет істерінде елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Облыс орталығы – Арқалық қаласында педагогикалық институт пен бірнеше техникум, Мәдениет үйі және драма
театры, өлкетану мұражайы ашылды, заманауи аурухана кешендері салынды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, сондай-ақ техника жөндейтін кәсіпорындар пайда болды.1980 жылы ел басшылығы оны Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі қызметіне жоғарылатты. Осы маңызды саладағы істің жағдайы мен проблемаларына тез арада қанықты. Бұған оның шаруашылық қызметіндегі және ұйымдастыру жұмыстарындағы бұрынғы жинаған тәжірибесі жақсы көмектесті. Халыққа ішкі су қоймаларындағы балық өнімдерімен қатар теңіз балығы және балық өнімдері қолжетімді болды. Республика астанасында және облыс орталықтарында заманауи сауда-технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен жарақтанған мамандандырылған «Мұхит» дүкендерінің желісі кеңейді.
1983-1985 жылдары М.Сағдиев Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Теріскей өңірінің егіншілік мәдениетін арттыру, тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық нысандар салу, жол құрылысына байланысты күрес табандылықпен жүргізілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарында, құрылыстарда шаруашылық есеп ұстанымдарын енгізуге, ал ауыл шаруашылығында – рентабельділікті арттыруға және өз қаражаттары есебінен кеңейтілген ұдайы өндірісті қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді.
Мақтай Рамазанұлы өзіне тән қажыр-қайратпен және іскерлікпен кеңес және партия органдарының жұмыс стилі мен әдістерін жетілдіре отырып, жастарды тәрбиелеу және оқыту, халықтың денсаулығын қорғау, олардың мәдени-тұрмыстық мұқтаждарын қанағаттандыру мәселелерімен ыждағатпен айналысты, мұның барлығы зор ерлікті, табандылықты, дипломатиялық шеберлікті талап етті.
1985-1989 жылдары М.Сағдиев Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс жасады және бұл өңірді Қазақстандағы алдыңғы орындардың біріне шығарды. Бұдан кейін ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, ел Президентінің кеңесшісі болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
1991 жылдың соңынан Мақтай Сағдиев Ардагерлер Орталық кеңесіне он тоғыз жыл басшылық етті. Бұдан басқа Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасын сақтау мәселелері жөніндегі Мемлекеттік кеңес төрағасының орынбасары, ел Президенті жанындағы ұлттық кеңестің мүшесі болды.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап, Мақтай Рамазанұлы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты асқан белсенділікпен қолдап, қуаттады, сөйтіп республиканы экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыту, қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуда Мемлекет басшысының сенімді серігі бола білді. Елбасының барлық бастамаларын Республикалық Ардагерлер ұйымы дереу қолдап, ел арасында тиісті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, жастарға тәрбие беру жұмыстарында бар ынта-жігерімен атсалысты. Әрдайым осы бағытта ардагерлер еліміздегі Президент сайлауы науқандарында алдыңғы қатардан көріне білді. Осыған орай 1998 жылы Республикалық Ардагерлер ұйымының кезектен тыс III съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты президенттікке үміткерлікке ұсынғанын да атап кеткен жөн шығар.
Мақтай Рамазанұлы 80 жасқа толғаннан соң Президенттің қабылдауында болып, бірге істеген жылдарына ризашылығын білдіріп, денсаулығына байланысты жұмыстан босатуға өтініш жазған. Өкінішке қарай, содан кейін көп ұзамай 84 жасқа қараған шағында бақилық болып кетті.
Марқұмның балаларының өтініші бойынша, күні кеше ғана өмірден озған, көп жыл Ардагерлер ұйымындағы Мақаңның орынбасары, генерал Мұқышев Бекболат Бапанұлының құрастыруымен кезіндегі басшысының ғибратты өмірін және еңбек жолын еске алу мақсатында «Нар Тұлға» атты естелік кітап жарық көрген болатын. Осы еңбек М.Р.Сағдиевтің рухын биіктетіп, артында өшпес із қалдырған мұра ретінде мазмұны мен мағынасы жағынан келешек ұрпаққа, республикамыздың жастарына, студенттер мен оқушыларына тәлім-тәрбиесімен бірге тынымсыз еңбектің, қажымас қайраттың, шешендіктің, кісіліктің үлгісі ретінде таптырмас дүние болып шықты.
Мақаң туралы жүрекжарды естеліктерін жазып берген, әр кездері қатар қызмет атқарған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар оның бейнесін үлкен құрметпен сипаттаған. Аманжол Қаликов, Сұлтан Жиенбаев, Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Қайырбек Сүлейменов, Вера Сидорова, Бижамал Рамазанова, Кенжеғали Сағадиев, Серік Қирабаев, Кәкімбек Салықов, Еренғайып Шайқұтдінов, т.б. барлығы 64 адам болды. Белгілі ақын-жазушылар – Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жүнісов, Есләм Зікібаев, Көкен Шәкеев, Серік Тұрғынбеков, Қонысбай Әбілов, т.б. Мақаңа өлеңдерін арнады.Мен де бірнеше мәрте Мақаңмен кездесіп, әңгімелескен сәттерді еске түсіріп және бүгінгі еліміздің ардагерлер ұйымының тыныс-тіршілігіне тікелей араласып жүргенімде ол кісінің парасатты болмысына, өткен игі істеріне тәнті болғанмын.
Мақтай Сағдиев сертке берік, адал мінезімен ел бірлігіне сай туған шын мәніндегі ақылман саясаткер, білікті мемлекет және қоғам қайраткері екенін дәлелдеп өтті. Сол асылдығын Президент те таныды, сыйлай білді.
Мақтай Сағдиевтің дүниеден озуына байланысты ел Президентінің марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатында: «Мақтай Рамазанұлы ұзақ та ғибратты ғұмыр кешті. Ол әртүрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық дарынын туған елінің игілігіне жұмсады. Қай қызметте де өзін қарапайым, жан-жүрегі адал әрі істің көзін білетін беделді тұлға ретінде танытып, халқымыздың шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Ол кісінің еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз ұмытпайды» делінген.
М.Р.Сағдиевтің ерен еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты түрде бағаланды. Ол үш рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы», «Парасат» ордендерімен және де көптеген медальдармен марапатталды.
Мақтай Рамазанұлы артына асыл мұра «Шындық бар жерде сенім бар», «Биік арман айғағы» және «Табанымда туған жердің ыстығы» атты кітаптар қалдырды. Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің еліміздің ардагерлер ұйымындағы салмақты да салиқалы жолын кейінгі ізбасарлары жалғастыруда. Бақтықожа Ізмұхамбетов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы