Дүние жүзінің көптеген елдері осы латын қаріптерін қолдану арқылы жаңа технологияларға жақындай түскенін көкірегі ояу, көзі ашық жанның бәрі біледі. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей көз үйренсе, бәрі де басқаша көрінетіні белгілі. Мәселен, «қ» дыбысын алайықшы. Кейінгі латыншаға көшкен жағдайда оны «Q», «q» таңбасымен қолданудың төл дыбысымызға дәл келетіні жиі айтыла бастады. Менің атым «Qazaq» деп әлемді мойындатып жүрген атақты кәсіпқой боксшымыз Қанат Исламнан бастап, Қазақстан телеарнасы ұсынған «Qazaqstan» атауына орай өз аттарын өзгерткен «Saryarqa» телеарнасына да, «Qazaq Radiolary» мен «Qazsport»-қа да көзіміз үйрене бастады. Ертең «Егемен Қазақстан» газетіміз де «Egemen Qazaqstan» болып шығып жатса, рухымызды асқақтата түседі.
Елбасымыз елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру үдерісінде тіліміздің де жаңа белеске көтерілуіне ерекше назар аударып келеді. Ал Елбасымыздың 2015 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында әлемнің ең жоғары мінберінен тұңғыш рет мемлекеттік тілде сөйлеген сөзі ешқашан да ұмытылмайтын сәт. Әлемнің екі жүзге жуық басшысының қазақ тілін тыңдағаны ұлтымыз үшін тарихи оқиға болды. Тәуелсіздігіміздің 24-жылдығын атап өту барысында Елбасымыз қазақша баяндаған себебін: «біздің тіліміз дүние жүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Әрі қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым, сондықтан мен айтқаннан кейін, менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін», деп түсіндірген еді. Осы бір тарихи сәтке орай ана тіліміздің нағыз жанашырларының бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев өзінің әріптестері мен Үкімет мүшелерін, мемлекет қызметкерлерін Елбасымыздан үлгі алуға шақырған болатын. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да
«...Қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Міне, қазақ тілі енді тағы бір жаңа белестің алдында тұр. Латын әліпбиі ең алдымен өркениет жолындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, прагматикалық сананың орнығуына жол ашады. Цифрлы технологияның еркін енуіне, әлемдегі кең таралған тілдерді үйренуге жақсы жағдай жасайды.
Сондықтан «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қалың жұртшылықтың таразысынан өткен, Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген елдігімізді, ұлттығымызды айқындайтын ана тіліміздің жаңа әліпбиі көңілімізден шықты. Сәдуақас ЖҰБАТОВ, запастағы полковник