• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2013

Әкім және оның сыбайластары

348 рет
көрсетілді

Әкім және оның сыбайластары

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:37

Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ мен Экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат ЭЛИМАНОВ Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары және мердігер ұйымдардың басшылары жасаған сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды жасау дерегі бойынша қылмыстық істерді тергеу аяқталғанын хабарлады.

 

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:37

Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ мен Экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат ЭЛИМАНОВ Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары және мердігер ұйымдардың басшылары жасаған сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды жасау дерегі бойынша қылмыстық істерді тергеу аяқталғанын хабарлады.

Аталған қылмыстық істерді тергеу барысында тергеу-жедел тобы 68 сараптама жасап, 750-ден астам адамнан жауап алып, 79 тінту жүргізіп, 30 мыңнан астам құжаттарды қараған. Осы жұмыс нәтижесінде Атырау облысының аумағында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрып, оның басшылығымен 6 жылдан астам уақыт (2006-2012 жылдар аралығы) әрекет еткен қылмыстық топ жойылыпты.

Анықталғандай, Рысқалиев жоғары өкілеттікке ие бола тұра, мемлекеттік қаражатты ұрлау мақ­сатында 35 адамнан 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Ол қыл­мыс­тық топтың құрамына Атырау облысының басшыларын, яғни өзінің бірінші орынбасары Дәу­кеновті, орынбасары Әбдіровті, аймақтағы маңызды лауазымдарға өзі тағайындаған облыс әкімдігінің басқарма бастықтарын, сондай-ақ, өзімен сыбайлас кәсіпкерлер мен туысқандарын тартқан.

Рысқалиев облыс әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін өзіне берілген билікті теріс мақсатта пайдалануға бел буып, тапсырылған бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлікті ұрлау үшін бірнеше қыл­мыстық желілерді ойластырған.

Бюджеттік қаражат Рысқалиевпен сыбайлас және оның жақын туыс­қан­дарының бақылауындағы кәсіп­орындарды мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңімпаз ретінде тану, олармен көрінеу жоғары бағаларға келісімшарттарға қол қою, жұмыстарды атқарудың жалған актілері бойынша кәсіпорындарға негізсіз қаражат аудару және оны жалған кәсіпорындардың шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен ұрланып отырған.

Бұл қылмыстарды жасау үшін Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен Рысқалиевтің бақылауындағы кәсіпкерлер тар­тылған. Олар Рысқалиевтің бас­тауымен құрылған негізгі ұйымдас­қан қылмыстық топтың ұйытқысына айналды. Оған қоса, 2008 жыл­дың аяғында Р.Әлбақасов пен О.Пав­личенко өздеріне жүктелген қыл­мыстық рөлдерін атқара отырып, Рыс­қалиев басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың ішінде жалған заңды тұлғаларды тіркеу және қара­жатты заңсыз қолма-қол ақшаға аударумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты құруға кіріскен.

2010 жылдан бастап көрінеу төмен бағамен коммуналдық меншіктегі Атырау қаласы мен облыстың 7 ауданының газ құбырлары мен құры­лымдары, ғимараттар мен жабдықтар және басқа мүліктік кешендер заңсыз жекешелендірілген.

Тергеудің 8 айында (2012 жыл­ғы 21 тамыздан 2013 жылғы 18 сәуірге дейін) қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қыл­мыстық топқа қатысу, бюджет қаражатын ұрлау, жалған кәсіп­керлік, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, қызметтік өкілет­тігін асыра пайдалану, алаяқ­тық, жалған құжат жасау және қызметтік жалғандық жасау бойынша 73 қылмыстық іс қозғалды.

Сөйтіп, қылмыстық істің материалдары 400 томды құрады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айыппен 11 адам қамауға алынды, олардың арасында облыс әкімдігінің бұрынғы аппарат жетекшісі Керімов, қаржы басқармасының бастығы Жантеміров, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Жиенбаев, «Госэкспертиза» РМК директоры Құралбаев, оған қоса сыбайлас кәсіпорындардың директорлары мен ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқандар бар. 10 адам үй қамауына алынып, 2 адамға ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Ағымдағы жылғы 18 сәуірде аталған 23 адамға айыптар тағылып, оларды қылмыстық істің материалдарымен таныстыру процедурасы бас­талды. 11 адамды сырттай қамауға алу туралы санкция беріліп, іздеу жарияланды, олардың ішінде облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев, оның ағасы Аманжан Рысқали және олардың күйеу балалары Әлбақасов, Желдібаев, Ізбасар, сондай-ақ, оларға тәуелді фирмалардың директорлары мен құрылтайшылары бар.

Аталғандарға қатысты қылмыс­тық істің материалдары бөлек өнді­ріске шығарылды.

Еске салсақ, 2013 жылғы 23 қаң­тарда Атырау облысының бұрын­ғы әкімі Бергей Рысқалиевке бюджет қаражатын ұрлау, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойын­ша айып тағылып, сол күні оған іздеу жарияланған еді. Ағымдағы жылғы 24 қаңтарда Атырау қаласының №2 сотының үкімімен оған қатысты сырттай қамауға алу туралы бұл­тартпау шарасы тағайындалған. Ал 25 қаңтарда Бергей Рысқалиевке қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен оны басқару деректері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

2013 жылғы 20 ақпанда Қаржы полиция­сы агенттігі Бергей Рысқа­лиевке қатысты 2009 жылы өзінің туыстары А.Рысқали мен Р.Әлбақасов арқылы бопсалау жолымен М. деген кәсіпкерден жалпы сомасы 250 млн.теңгені құрайтын 3 кәсіпорынның жарғылық капиталдарындағы үлесі түрінде пара алу фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғапты.

Рысқалиев басқарған қылмыстық топтың әрекеті нәтижесінде мемлекетке және бірқатар адамдарға аса ірі мөлшерде жалпы сомасы 71 млрд.теңгені құрайтын залал кел­тірілген. Тергеу барысында қабыл­данған шаралар нәтижесінде 23,4 млрд.теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылған. Одан әрі мемлекетке келтірілген залалды өтеу мақсатында айыпталушылардың жалпы құны 39 млрд.теңгені құрайтын 560 қозғалмайтын және қозғалатын мүлік түріне тоқтам салынған, олар­дың ішінде 4 аяқталмаған құрылыс нысаны, 68 жер телімі, 116 бірінші және екінші сатыдағы әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, кеңселер, пәтерлер мен басқа құрылыстар, 197 көлік құралдары, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капи­талдарындағы 19 үлес, 145 өндіріс құрал-жабдықтары, жалпы сомасы 1 млрд. 100 млн.теңгенің 11 банк шоттары бар.

Алмас БОЛАТОВ.