• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Шілде, 2019

Жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды

309 рет
көрсетілді

Елордада білім саласындағы бақылау жөніндегі аумақтық департаменттер жанындағы жобалық топтардың тармақталған желісі бар кеңсесінің ресми ашылуы өтті. Салтанатты шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысты.

Жобалық кеңсе М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ базасында Білім және ғылым министрлігі және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының лауазымды тұлғалары, сондай-ақ академиялық сараптама саласынан тартылған тұлғалар мен қоғам өкілдерінен құрылады. Бұл жоба білім және ғылым жүйесіндегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін жоюға, сонымен қатар азаматтардың Министрлікке, білім беру ұйымдарына және ғылыми ұйымдарға деген сенімін арттыруға бағытталатын болады.

Бұл нәтижеге сыбайлас жемқорлық фактілерін талдау және азайту, бизнес үрдістерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жолымен қол жеткізілетін болады.

«Бүгін біз осы университетке арнайы келіп білім саласы бойынша жобалық кеңсе ашқалы отырмыз. Жалпы білім саласы жемқорлықпен күресу бойынша және жемқорлыққа мүлдем жол бермеушілік мәдениетін қалыптастыру қажет. Білім - өте ауқымды сала. 10-15 миллион Қазақстан азаматының білім саласына қалай болса да, күнделікті қатысы бар. Тек мұғалімдердің өзі 300 мыңға жуықтайды. Білім саласында болып жатқан мәселелердің барлығы халықтың басты назарында екені белгілі. Елбасының тапсырмасына сәйкес Адалдық алаңы негізінде осы тәжірибені іске асыру барлық республика бойынша жүргізіліп жатыр. Біздің министрлікте осыған қосылуда. Негізгі мақсатымыз жемқорлықпен күресу. Білім беру саласы, тәрбие саласы тікелей біздің министрлікке жүктелгеннен кейін ол жауапкершілікті жүйелі жұмыстар арқылы шешуге, жемқорлыққа жол бермеуге, адалдық мәдениетін қалыптастыруға жүйелі жұмыстар атқарамыз», деді Асхат Аймағамбетов.        

Аталмыш жобалық кеңсе білім және ғылым жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша пәрменді шаралар әзірлейтін және осы салада стратегиялық жоспарлауды жүзеге асыратын тиімді құрылым болады деп күтілуде.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев Қазақ мемлекеттік заң университеті еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың «иісі» де жоқ жоғары оқу орындарының бірі саналатынын баса айтты.

«Қазақстан бүгінгі таңда жемқорлықтан таза, заманауи мемлекет құруда. Заманауи елдің ең негізгі басымдығы - ашықтық, айқындық, қоғам алдында есеп беретін мемлекет түзу. Мұнан кейінгі басымдық -  кәсіби, дербес, экономикалық тұрғыда ынталандырылған мемлекеттік аппарат қалыптастыру», деді Алик Шпекбаев. 

  Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»