• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Шілде, 2019

Қараөткелде мұнаралы мешіт тұрғызған

1235 рет
көрсетілді

Елорда жұртшылығы үшін осынау мерекелі мезетте тағы да бір тамаша игі бас­тама бой көрсетті. Бас шаһардың тарихы тым әріде екені бүгінде жан-жақты айтылып, жазылып келеді. Ежелгіні айтпаған күннің өзінде Ақмола округінің алғашқы аға сұлтаны, Орта жүздің ханы Сәмекенің шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының бұл өлкеге өнеге боларлық істері өте көп болған.

Патшаның қылышынан қан тамып тұрған сонау 1842 жылдың өзінде қазақ сұлтанының өз қаржысына мешіт салдыруы – көпке үлгі, келешекке керек ғибрат іс еді. Бүгінде сол тұңғыш мешіттің орнын Қоңырқұлжа сұлтанның ұрпақтары тарихи құжаттар арқылы анықтап, қазіргі Амангелді Иманов көшесіндегі №2 үйдің қабырғасына жуырда ескерткіш тақта қойды.

Ақмоладағы сол тұңғыш мешіт Аллаға сыйынатын мінәжат орны ғана емес, жанында медресесі бар, қазақ балалары алғаш діни сауатын ашатын үлкен орталық болғанын айта кеткеніміз жөн. Тіпті аталмыш медресені елордадағы алғашқы мектеп десек те болады. Алайда тарихи нысан кейіннен кеңес өкіметінің саясатына кері келіп, белгісіз себептермен 1920 жылы өртеніп кеткен.

Алдымен Қоңырқұлжа Құдайменді­ұлы жайлы айта кетсек, жаңа ұрпақ тарихи шындық пен көркем шындық­тың аражігін осы заман көзқарасымен қай­та зерделегені дұрыс. Бұл жайын­да тарих ғылымдарының докторы Мұрат Әбдіров кеңінен жазады. «Қ.Құ­дай­мендіұлы XIX ғасырдың ортасын­да­ғы қазақ элитасының көрнекті өкілі, Ресей армиясының полковнигі, Ақмола сыртқы округының аға сұлтаны болды. Ол 1794 жылы атақты Есім хан­ның, Хан Салқам Жәңгір, Әз-Тәуке хан және Орта жүз ханы Сәмеке (Шах-Мұхаммед) хан ұрпағы сұлтан Құдай­менді Есімхановтың отбасында дүниеге келген. Құдайменді сұлтан қуандық, алтай, қарпық руларымен арғынның бірнеше еліне басшылық еткен», дейді М.Әбдіров. Ғалымның айтуына қара­ғанда өз қарамағындағы ел ішінде үлкен бедел мен құрметке ие бола білген оны патшалық өкімет «қырғыздың (қазақ­тың) ең батыл сұлтаны» санаған.

Жалпы бүгінгі елорданың тағылым­ды тарихы осы өңірге билік жүргізген Тәуке ханның ұрпақтарымен тығыз байланыс­ты. Ақмола округінің ашылуына да тікелей Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы се­бепкер болған. Патшаның алдында беделі зор сұлтан өзі көшіп-қонып жүр­­ген өлкеден жаңа округ ашып беру ту­ра­лы өтініш жазғанын тарихи құжат­тар бү­гінде ашық дәлелдеп отыр. Сол өті­ніш­­тің негізінде 1832 жылы Ақмола бе­к­і­нісінің алғашқы қазығы қағылып, Қараөт­­кел жағасы жаңа сипат ала бастайды.

Жоғарыда айтылған игі шараға қа­тыс­қан ел ақсақалдары Қоңырқұл­жаның патшаға дейін барып, қазақтан әскер алмауын талап еткенін, қолхат жаздыртып алғандығын сөз еткенінің өзі – кешегі тарихымызды бүгінде әділ таразылай алатындығымызды ұқтырғандай. Тарих ғылымдары­ның докторы Марат Әбсеметов те аға сұлтанның Ақмоладан мешіт салу үшін аянбағандығын айтады.

«Біз тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қоюды біржола ұмытқанымыз жөн. Жалпы біз оқығандай емес, Кенесары хан мен Қоңырқұлжа сұлтан құдандалы болған. Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы патшаға дейін барып, жаңа ашылған округтен мешіт салуға рұқсат алды. Оның құрылысы 1838 жылы басталып, 1842 жылы аяқталды. Сол кезде мешітке мыңдаған адам келіп, намаз оқыған. Бүгінгі бас қаламыз – көреген басшы, реформатор Тәуке ханның ордасы болды. Қоңырқұлжа да – осы айбынды бабамыздың ұрпағы», дейді ғалым.

Осы істерге бастамашы болып жүр­ген, Қара­ғанды облысынан келген аға сұл­тан­ның тікелей ұрпағы Асыл­бек Ал­тынов болса, алдағы уақыт­та Қоңырқұлжа есіміне көше беріп, ес­керткіш орнатуды қолға алып отыр­ғанын жеткізді. Айта кеткен дұрыс, Қоңыр­құлжа Құдаймендіұлы Ахмет төре ауылында жерленген. Есімдері та­рих­та белгілі тұлғалар Ахмет төре Ыбы­рай­ұлы, Сұлтан Абылаевтар осы Қоңырқұлжаның ұрпақтары.

Қорыта айтқанда, Ақмола бекінісінің құ­рылуына орыс полковниктері Бро­нев­ский, Шубинмен бірге тікелей қаты­сып, 1830 жылы дәл осы жерді, қазақ даласының нақ ортасы, бүгінгі еңселі елордамыз тұрған Еуразияның кіндігін алғаш таңдаған адам – Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы. Сондықтан, Ақмола бе­кі­нісінің алғашқы қазығының қа­ғылуы­на себепкер болған тарихи тұлға­ның есімі осы Астана күні қарса­ңын­да айрықша айтылғаны жөн деп ойлаймыз.