Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:27
Зымыран уақыттың тағы бір жылы артта қалды. Өткен жылға шығысқазақстандықтардың өкпесі жоқ. Кенді Алтай жұртшылығы 80 жылдық мерейтойын аста-төк атап өтпесе де, ел есінде қалатындай мәнді де сәнді өткізді. Спорт сарайына жиналған алты мыңға тарта облыс жұртшылығы әсем ән мен тәтті күйді тыңдап, облыстың өркендеуі жайлы фильмді, театрландырылған көріністерді тамашалады.
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:27
Зымыран уақыттың тағы бір жылы артта қалды. Өткен жылға шығысқазақстандықтардың өкпесі жоқ. Кенді Алтай жұртшылығы 80 жылдық мерейтойын аста-төк атап өтпесе де, ел есінде қалатындай мәнді де сәнді өткізді. Спорт сарайына жиналған алты мыңға тарта облыс жұртшылығы әсем ән мен тәтті күйді тыңдап, облыстың өркендеуі жайлы фильмді, театрландырылған көріністерді тамашалады. Елуден астам еңбек озаттары мемлекеттің ордендері мен медалдарымен марапатталды. Өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері, облыстық Пушкин атындағы кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітова ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. «Қаламқас» ансамблінің әншісі Б.Шағатаева «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Қожалық иесі В.Г.Ворапай «Барыс» орденін, өндіріс озаттары мен қожалық иелері мемлекеттік наградаларды омырауына тақты. Оларға өңір басшысы Б.Сапарбаев салтанатты жағдайда құрмет көрсетті.
2013 жылы шырайлы Шығыста елеулі жаңалықтар болмақ. Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрына жүз жылдан асты. Тарихи ескерткішке жататын драма театрына бұдан төрт жыл бұрын «Жол картасы бойынша 43 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген еді. Бірақ ескінің аты ескі. Театрдың екі аяғынан тік тұруына ерекше еңбек сіңірген талантты режиссер әрі директоры Рүстем Есдәулетов жаңа театр құрылысын салу жөнінде өңір басшысына нақты дәлел келтіріп жүріп, жаңа құрылыстың басталуына мұрындық болған. Ақыры 600 орындық жаңа театрдың құрылысы 2011 жылы басталды. Аманшылық болса, театр 2013 жылы ашылып, оған талантты режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулеттің есімі берілмек.
Өңірде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінген. Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында Өнер үйі ашылмақ. Сондай-ақ, Ұлан ауданының Сағыр және Тайынты ауылдарында клубтар ашылмақ. Осыдан үш жыл бұрын Тарбайғатай ауданының бірнеше елді мекендерінде тасқын су болып, бірнеше ауылдарда жүздеген тұрғын үйлер істен шыққан. Әсіресе, Көкжыра және Жәнтекей ауылдары қатты зардап шекті. Аталған екі ауылда бес жүзге тарта тұрғын үй, әлеуметтік мекемелер іске қосылды. Жаңа жылан жылында екі ауылда да күн талабына сай Мәдениет үйлері бой көтермек. Зайсан ауданында да 60 пәтерлік тұрғын үй, бірнеше клуб ашылмақ. Қарашоқыдағы балалар демалатын орын, аудан орталығындағы Бәйтерек, Тәуелсіздік монументі алыстан менмұндалайды.
«Өскемен құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір жылына 20 мың тонна ет өндіріп жатыр. Кәсіпорын оның дамуына таяудағы үш-төрт жылда 6 миллиард теңге қаржы салмақ. 2013 жылы кәсіпорын құс етінен бірнеше түрлі шұжық тағамдарын шығаруды межеледі.
«Азия-Авто» көлік құрастыру зауытында бұл күндері жүрдек те сапалы 20-ға тарта тұлпар құрастырылып шығарылып жатыр. Кәсіпорын басшысы Ержан Мәндиевтің айтуынша, 2013 жылы зауытта шетелдің бірнеше жаңа түрін шығаруда жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміздегі тұңғыш автокөлік құрастыру зауыты Ресейдің «Лада» корпорациясымен бірлесіп, алдағы уақытта сапалы машиналар шығаруда ізденіс пен ілкімділік танытуда. Ал Семей қаласындағы «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2013 жылдың соңында «Беларусь» тракторының жаңа түрін шығаруды межелеп отыр. Оған қосымша Кореяның кәсіпкерлерімен бірлесіп аталмыш өндіріс орнында «Жедел жәрдем» көлігін шығару да жүзеге аспақ. Жақында облыс әкімі Б.Сапарбаев Оңтүстік Кореяға сапары кезінде екі жақты келісіге қол қойды. Жылан жылында Үржардан Алматыға төте ұшатын ұшақ шалғайдағы аудан тұрғындарын қуанышқа бөлегелі отыр.
«Казцинк», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Шығыс Қазақстан мәшина жасау зауыты» ұжымдары жаңа жылдан үміт күтеді. Облыс бойынша жалпы құны 611,9 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген. Оның біразы жүзеге асты. Бұл жоба толығымен жүзеге асқанда 22,2 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.
Шырайланған Шығыстың шарықтаған шағы толайым табыстармен ел есінде қалмақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.