• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Шілде, 2019

Толғауы тоқсан әлеуметтік көмек

585 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде көп балалы аналарға жәрдемақы төлеудің жаңа үлгісін Үкіметке ұсынды. Оның негізінде тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) әрбір балаға 21 мың теңгеден айналуы тиіс екенін айтқан. Сәуірде тағайындалуы тиіс көмекке осы уақытқа дейін қол жеткізе алмай жүрген азамат жақында редакциямызға хабарласты.
Кедергі келтірген жөргек пұл

Азия Кемелбек – 4 баланың анасы. «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан отбасымен Қостанай облысының Кеңарал ауылына көшкен. Елбасының «Нұр Отан» партиясы съезіндегі сөзінен соң, көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек алатынына сенімді еді. Алайда сенімі алдап тұр. «Мен сәуірден бастап аталған жәрдемақыға құжат қабылдайтынын естіп, жұмыстың арасында сұранып, ауылдан ауданға (Қостанай облысына қарасты Федоров ауданы) бардым. «Серпіндіктер» бірнеше дипломы мен сертификаттары бар күйеуіме жұмыс тауып береміз деген уәдесін орындай алмай отыр. Бір айлыққа қарап отырмыз. Сондықтан маған жәрдемақы берілетініне сенімді болдым. Бірақ аудан әкімдігіндегілер үш жүз бірдеңе теңге асып тұрғанын айтты. Біз 4 балам, екі ересек бір ғана мектеп мұғалімінің жалақысына телміріп отырсақ та күн көрісіміз төмен деңгейдегі отбасына жатпайды екенбіз», деп ашынады ана. Оның айтуынша, мамыр айының 20-сы күні кенжесі 1 жасқа толған екен. 1 жасқа дейінгі төленетін мемлекеттік жәрдемақы кіріс болып есептелген көрінеді. Әкімдік қызметкерлері көп балалы анаға баласы бір жасқа толып, кіріс кіру тоқтатылғаннан кейін келуге кеңес берумен шығарып салыпты. 

Сабылтқан субсидия сомасы

Оған да үнсіз келіскен ана әкім­дік­тегілердің айтуымен шілде айы басталғанда кішкентайын көтеріп ауданға тағы шапқылайды. Төбесін көрсеткеннен кейін: «Мен міне өздеріңіз айтқан уақытта барлық құжатыммен келдім, енді қабылдайсыздар ма?», деп сұрайды. Мамандар қарап, алдымен есептеу керектігін айтады. Ал ана ең кішкентайы бір жасқа толып, жәрдемақы алмайтын болғандықтан, атаулы әлеуметтік жәрдемақы бері­летініне осы жолы шынымен сенімді болды. Сондықтан есептеуге кіріскен маманның алдына жайбарақат жайға­сады. Мәліметтерін мұқият қарап шық­қан қызметкердің үйге субсидия алатынын алға тартқанына: «Ол біз­дің қолымызға да тимейтін ақша. Мем­лекеттік бағдарлама бойынша көшіп келгенбіз, соған сәйкес үйді жалдап тұрған иесіне ай сайын мемлекет күйеуіме 50 мың теңге аударады. Оның тиынына дейін қалдырмай, үйдің егесіне ұстатамыз. Неге есептейсіздер? Осыны неге алдында келген кезде айтпадыңыздар, шапқылап әуре болмайтын едік қой», дейді ана. Бірақ мамандар осы проб­лема негізгі кедергі екенін айтудан танбаған. Көп балалы ананың алаңы мұнымен бітпей тұр. Көшу кезінде бағыт берген «серпіндіктер» күйеуі өңірдегі ерекшелікке қарай жұмыс таба алмай жатқандықтан, оған комбайншы болуға мүмкіндік беретін үш айлық курсқа жаздырған. «Жолдасым оны ай сайынғы 30 мың стипендиясымен ауылдан ауданға қатынап оқыған. Ол оның жолы мен тамағынан аспайды. Бірақ кішкентайымның жөргегінен артылмайтын жәрдемақыны кіріс деп есептеп отырғанда мұны да қосып қояды ғой», деп шырылдайды А.Кемелбек.  Комиссия көмек иесін таңдай ма?

Осы мәселемен 111 сенім телефо­нын­дағы арнайы мамандар да жауап бере алатын болғандықтан, сонда хабарласып мән-жайын сұрадық. Ондағы Адель есімді қызметкер Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шарттары бойынша балаға 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы кіріс болып есептелетінін айтты. «Алайда әр бала 18 жасқа толғанша берілетін бұл көмек көрсетілуі үшін отбасына төленетін ай сайынғы субсидия кіріс көзі ретінде саналмауы керек. Бірақ оны тек жергілікті атқарушы органдағы арнайы комиссия ғана шешеді», деді. Жедел желідегі маманның кеңесіне сүйенсек, кейіпкерімізге енді қазанның 1-не жақын ғана бару керек. Өйткені сол уақытта кенжесі үшін берілген жәрдемақы мен күйеуінің стипендия алмағанына 3 ай толады екен. Ал атау­лы әлеуметтік көмекті отбасының соңғы үш айлық кірісі бойынша есептеп тағайындайды. Бірақ ана сол қазан айында барса, үйге берілетін субсидияның алдынан тағы шықпасына кім кепіл?

Кейіпкеріміздің күйеуіне хабар­лас­тық, ол: «Әйелім баламен үйде отырғанда мен жұмыс істеп жүрдім. Оқу кезінде балаларды ауылдан әжесі келіп қарап берді. Енді мынау 21 мыңға қол жеткізе алмай жүрміз ғой. Ең болмаса, сол жарым жұмыссыз кезде жетіспеушіліктен алған несиені кеше Президенттің Жарлығы арқасында жауып алсақ деген үмітіміз бар еді. Бірақ кеше әйеліммен өзім жұмыспен қамту орталығына барғанда көз жет­кіздім: қолымызға тимейтін субсидия­ны санап отырғанда несиені кешіретініне мүлде сенбей қалдым», деп қынжылады. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны жүр­гізіп жатқандар көшетін кезде екеуі­не де жұмыс тауып беретінін айт­қан. Бірақ әйелі мектепке кіргенімен, өзі­не тек мектептің көмір жағатын жұ­мысы бұйырыпты. «Есектің артын жу­саң да мал тап» деген аталы сөзге тоқ­таған отағасы қызмет таңдамай істепті. Бірақ күн жылынғанда ол да тоқтаған. 

«Айта-айта үш айды...»

Мәселенің мәнісін білмекке бел буып, Қостанай облысындағы Федоров ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығына қоңырау соқтық. Атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне жауапты маман Татьяна Волоткевич сәуірде енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттен төленетін субсидия кіріс болып есептелетінін жеткізді. «Отбасының кірісіне мұғалім болып жұмыс істейтін әйелінің айлығы, жалдауға берілетін субсидия сомасы, сонан соң аз уақыт қызмет еткен күйеуінің жалақысы қосылды. Бұл – құжат тапсыруға келген уақыттан үш ай алдыңғы кіріс бойынша есеп. Соның барлығын қосқанда бұл отбасындағы бір адамға арналған күнкөріс мөлшері 26 мың 893 теңгені құрады. Ал ең аз күнкөріс мөлшері – 20 мың 789 теңге. Сонда оларда от­басындағы бір адамға 6 мың 109 теңге артық», дейді аталған маман. Т.Волоткевич кейіпкеріміз 3 айдан кейін құжат тапсырса, АӘК алудан мүмкіндігі бар екенін айтады. Өйт­кені сол уақытта субсидияның төле­ну мерзімі бітеді, ал күйеуінің қыс­қа ­мер­зімді курстан алған стипендиясы кіріс көзі болып есептелмейді екен. Алай­да қазір жұмыс іздеп жүрген жолдасы қандай да бір кіріс көзін тапса және отбасының ортақ қаржысы 124 мың 734 теңгеден (отбасында балалары­мен қосқанда 6 адам, бір адамға – 20 мың 789 теңге) бір тиын асып кетсе, АӘК-ні ала алмайды. Ескер­те кетейік, әр өңірде кедейлік шегінің мөлшері әртүрлі. 

Ал көп балалы ана жоғарыдағы кеңеске күдікпен қарайды: «Бұл бір бітпейтін үш ай болды ғой. Сәуірде барғанда үш айдан соң келуге кеңес берді. Шілдеде құжат тапсырайық десек, келесі үш айда келу керектігін айтады. Ол кезде де бір кедергі кесе көлденең тұрса, таңғалмаймыз», дейді үмітінен күдігі басым кейіпкер. 

Жыры таусылмай тұрған жиырма бір мыңның сырына үңіліп көрдік. Көзіміздің жеткені – Үкіметтің жұмысы мен мемлекеттік саясаттың нәтижесі көріну үшін біріздендіру мен жүйелі жұмыс қажет-ақ. Әйтпесе бір барған адамға бар себепті түсіндіруге не кедергі? Сапасыз маман ба? Әлде қалыптаспаған жүйе ме? Жоқ, әр өтініш берушіге қарай өзгеріп отыратын талаптар ма? Сұрақ көп...