• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Шілде, 2019

Адамзаттың тағдырын ойлайтын тұлға (Эссе)

1573 рет
көрсетілді

Жазушы ретінде де, ойшыл ретінде де, адам ретінде де бөлек, өзгеше әлем Роллан Сейсенбаев – десем қателеспес едім. Рушылдықтан, жершілдіктен, сыбайластықтан, жемірліктен бойын ада ұстаған бөлек жан, таза адамгершілікті тәрбие көрігінен шыққан азамат.

Семей қаласында дүниеге кел­ген, Абайдың Жидебайы мен Қа­руалында ер жеткен оның ті­келей аталары Абайға араша түс­кен Пұшарбай батыр мен Қ­а­реке «Абай жолы» романында ке­ліс­ті жазылған. Ролланның шы­ғар­ма­шы­лы­ғына тоқталар ал­дында оның өскен ортасы, емген құнарлы уызы мен естіген ше­жіре тарихи жайында айтпай ке­туге болмайды.

Әкесі Шәкен ағамыз Үшінші Беларусь майданының ержүрек десантнигі болған. Жау тылына 165 рет парашютпен секір­ген. «Даңқ» орденінің кавалері. Со­ғыстан соң Мәскеудің екі инсти­тутын бітірген аса білімді, адал адам болыпты. Орыс, неміс тіл­дерін жетік білген. Семей облы­сы басшыларының бірі болып қыз­мет атқарған. Әуезовтің Шың­­ғыстаудағы ал­пыс жасқа толу мерейтойын басқарған. Кеңес Одағының майталман жазушылары Расул Ғамзатов, Мұстай Кә­рім, Виктор Аста­фьев, Қайсын Құлиевтермен жақсы қарым-қатынаста болған. Бар-жоғы 58 жасында өмірден ерте кеткен. Семейдегі алапат аштық туралы кітап та жаза бастаған екен.

Шешесі Рәшида апай биылғы мамыр айында 94 жасында дүние­ден өтті. Кеңгірбай бимен үзеңгілес атақты Көбей би­дің ұрпағы. Аталары Ертіс бойын билеген атақты болыстар екен. Бұл кісі де кітапты көп оқы­ған, шешен адам болған. Үлкен ағасы Қазақ АССР-нің тұң­ғыш Ішкі істер министрі, Эко­номика министрі болып қызмет атқарған. Екінші ағасы, Се­мейдегі «Екпінді» газетінің бас редакторы болған. Екі ағасы да «халық жауы» ретінде 1937 жылы Колымада атылған.

Ролланның үйіндегі Клара келін Құран аударған адам. Абай­дың қара­сөзін, Шаһкәрімнің философиялық тол­ғау­ларын, әл-Фарабидің, Алаштың асыл­­да­рының шығармаларын орысшаға аударып, әр жылдары Мәскеуде кітап етіп шығарған. Әзиз Несин­нің, Қо­жана­сырдың хикаяларын түрік тілінен қазақшаға аудар­ған. Жеті тіл біледі. Со­ның төр­теуін­де еркін жазады. «Amanat» журна­лының бас редакторы.

1

Роллан Семейде жиырма жеті жасына дейін журна­лист, инженер-экономист, облыстық студенттік құрылыс отрядының командирі, қалалық совет бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Біреу біледі, біреу білмейді, оның спортта жеткен жетістіктері де айрықша. Қазақ күресінен респуб­лика чемпионы, еркін күрестен респуб­ли­кадағы үздік жігіттің біреуі, самбодан студенттер арасында Кеңес Ода­ғы­ның чемпионы. Ролланның жаттық­тыру­шылары да әлемге әйгілі палуандар Амангелді Ғабсаттаров, Әбілсейіт Айқанов, Лев Москалев болған.

Жиырма жеті жасында Мәскеуде өткен Жас жазушылардың VI кеңесінде оның шығармаларын атақты кеңес жазушылары жоғары бағалайды. Василий Шукшин Ролланның әңгімелерін оқыған соң, бір бет пікір жазыпты. Бір күн үйін­де қонақ етіп, ашық пікірлесіпті. Қош­тасарда: «Роллан, сенің жазуға толық қа­қың бар! Алға, сатирик!» деп бір-ақ ауыз сөз айтыпты. Екеуі қайтып кездес­пеген. Сол кезде орыстың ұлы жазушысы Василий Макарович Шукшин туралы Роллан былай дейді: «Үлкен жа­зушының сол бір ауыз сөз-тілегі маған ға­жайып қанат бітіргенін мен еш уақытта ұмытпаймын. Әр жас жазушының алдынан Шукшиндей адал кемеңгер жазушы шығып бата беріп тұрса, біздің өнеріміз кемелденіп, шарықтай береді. Биікке ұмтылады. Мен жас жазушыны көрсем, қолдағым келіп, жас қанатына қуат бергім келіп тұрады».

Роллан жасынан Мәскеуде өмір сүрді, Мәскеуде толысты, Мәскеуден ата­ғы әлем­ге танылды.

Мен оны бертінде тоқсаныншы жыл­дардың ортасында ғана көрдім. Жазған­дарын әліде толық оқып, терең зерделемеген кез еді. Тағдыр екеумізді кеш кездес­тірген екен.

Мен жас кезімнен Ролланның аталас ағалары Әбіш Жиреншиннің, Ғайса Сармурзиннің қолында тәрбиелендім деуге болады. Ғайса ағаның қызы Мәскен (Мәстура) Сармурзина апамызбен көп жыл қызметтес болдым. Ол кісі менің қамқоршым болды. Мәскен апай әйгілі Әуезовтің шәкірті болатын. Әбіш аға да, Ғайса аға да Әуезовтің «Абай жо­лы» романынан тірідей түсе қалған тобықтылар сияқты көрінетін. Несін айтайын, ол кісі­лер ерен адамдар еді. Ғайса аға мен Мұ­қаң жақын дос болатын. Мұқаңды мен Ғайса ағаның үйінде жиі көруші едім. Сонда Мұқаң ағылып көл-көсір әңгіме айтушы еді. Ол кісіні тыңдаған сайын мен Ұлы Дала университетінен дәріс, тәлім алғандай болушы едім. Оларды нағыз ғұламалар еді десе де жарасады.

Жиренше шешеннің немересі емес пе, Әбіш аға қабат-қабат ойларға толы шешен сөзбен әңгіме бастағанда, таң­қалмасқа болмаушы еді. Құдай-ау, недеген шешендік деп таңданушы едім. Теле­гей-теңіз Абай туралы айтқандары қандай еді?! Әбіш ағаның анасы – Жиренше шешеннің бел келіні. Апамыз да ақылды, әңгімешіл кісі еді. Біз Әбіш ағамен көршілес болдық. Менің анам Әбіш ағаның анасымен жиі араласып тұрды. Анам дүниеден өткенде, сүйегіне салған бұлғын ішікті әкеліп Әбіш ағаның анасының иығына жапқан едік.

2

1992 жылдың көктемінде Роллан Мәскеуді тастап, Ақтауға ұшып келеді. Туған жерге табаны тиісімен, ол көлде­нең көліктерге мініп, Қазақ елін емін-еркін аралайды. Елде тамақ жоқ. Киім жоқ. Ақша жоқ. Биліктің қауқары жоқ. Түсі­­­ніксіз күндер мен түндерді басынан кешіреді.

Аш-жалаңаш қазақ даласын Роллан Маңғыстаудан-Алтайға, Жайықтан-Ер­тіске дейін екі жыл жаяу кезеді. Сол сапа­рында ол ондаған жазба дәп­тер­лерді, жүздеген магнитофон лентала­рын толтырады. Сол сапардан ол екі үл­кен кітап жазады. Біреуі – «Қазақ елі немесе дербестік пен даралық үшін жанталас», екіншісі – «Аңыра, далам, аңыра». Соңғысы әлі оқушының қолына тие қойған жоқ. Екі кітап та – Дешті-Қыпшақ даласын жайлаған қазақтың ары мен ұяты туралы реквием. Онда әсірелеу, жаннан шығарған қоспа сөздер жоқ. Өмірдің өзінен ойып алған алуан суреттерге жазушы жан бітіреді. Кітап беттерінен кәдімгі адамдардың тірлігін, тілегін, ойы-сөзін, таңдануын, күлуін, күй­реуін, бір сөзбен айтқанда Қазақияны кө­ресіз. Бұл – Қазақ даласы туралы реквием.

Тағы бір таң қалатыным, Роллан, қазақ жаман, Қазақстан жаман, басшылар, ел ағалары Отанымызды тонап жатыр, деп байбалам салмайды. Ол туған даласын, туған елін ортасынан қақ бөліп жаяулатып, кезіп келе жатып оқырманға өзі өмір сүріп жатқан заманды, қоғамды, адамды көрсетеді. Оқисың да ойланасың, ойланасың да толғанасың, тебіренесің.

3

Роллан туралы тереңірек ден қой­ғанда байқағаным, қазақтың бірде-бір ғалымы, яки сыншысы Ролланның шығар­машылығы түгілі, шыққан кітаптары туралы да жақ ашпапты... ал Мәскеудің, шет елдердің әдебиетшілері сонау 80-жыл­дары әлем әдебиетіне Роллан Сейсен­баев шығармалары деген құбылыс келді деп жар салыпты.

Отызға әлі толмаған жап-жас Роллан Сей­сенбаевқа атақтары жер жарған орыс жазушылары Даниил Гранин, Юрий Бондарев, Георгий Марков, Сергей Ми­­хал­­ков, Лев Аннинский, Виктор Аста­фьев, Валентин Распутин, Евгений Сидо­ров, Анатолий Ким жол болсын тілеп жа­­тып­ты. Шығармаларына жоғары баға беріпті.

Ал қазақтан Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Әзілхан Нұршайықов секілді аздаған қаламгер ғана назар аударыпты.

Сайын Мұратбеков: «Роллан болашақ қазақ әдебиетінің, жер тарпыған адуынды жаңа көшінің басы. Ол өзіне де, шығармашылығына да бостандық таң­даған суреткер. Бостандық пен тәуелсіздік таңдаған жазушыны біздің басшылар қайдан жақсы көрсін?! Қайдан ұнатсын?! Гәп осында. Абайдың терең ойларын, Махамбеттің асау жырларын, Алаш кө­сем­дерінің арманын Тәңірідей құптаған жас жігіттің тағдырына алаңдайтынымды жа­сырмаймын», деп жазыпты.

Әнуар Әлімжанов «Литературная газе­таға» берген сұхбатында: «Кейінгі аса талантты жас ойшылдарға барынша қам­қорлық жасау керек. Олардың жанын бостандықпен, шындықпен тәрбиелеуіміз қажет. Сол талантты топқа мен Оралхан Бөкеевті, Сәтімжан Санбаевты, Дулат Исабековті, Роллан Сейсенбаевты қоса­мын», деп атап көрсетеді.

Ролланның дархан көңілінің жақ­сы­лығын көп көрген адамның бірі Әзіл­хан Нұршайықов былай толғанады: «Қазақ­тың эпос жырларын біздер кезінде прозаға түсірдік. Маған «Қамбар батыр» эпосы тиді. Сол эпосты Роллан інім орыс тіліне аударды. Ролланды орысшыл деп жазушылар ортасы көп жақтырмайды. Ол өзі жазушыны ғана емес, сол жазушының жазғанын сыйлайтын бөлек адам екен. Роллан орысшаға аударған «Қамбар батырды» бір кеште оқып шығып, таң-тамаша қалдым. Эпосқа да, менің прозаға түсірген аудармама да қиянат жасамапты, тек эпостың ой биігін көтеріп, сөз киесін әуелетіп бағыпты. Мен эпостан проза жасасам, ол эпостан поэзия жасапты. Жап-жас жігіттің орыс сөзін өрбітудегі шеберлігіне, жазу техникасының ерек­шелігіне, ойға көлеңке түсірмей көр­кейтуіне, қазақ эпосының қазақи рухын орыс сөзімен тап басып жалаулатуына риза болғаным соншама, көзіме жас алдым. Орнымнан тұрып, Ролланның Мәскеудегі телефонына қоңырау соқтым. Ағалық алғысымды білдірдім. Жақсы аударыпсың, дедім. Ал ол маған бір-ақ ауыз сөз айтты: «Сіз жақсы жазыпсыз, Әз аға», деді. Мақтану жоқ, өрекпу жоқ, дандайсу жоқ. Менің есіме, орыстың ақын-жазушыларына қазақтың ұлы ақындарын жолма-жол орысшалап отыратын заңғар Мұхаң, ұлы Мұхтар Әуезов түсті де, көз алдымнан асқар ағаның келбеті кетпей қойғаны бар. Роллан сол Мұхаңның жоқтаушысы, жалғасы сияқты болып көрінді маған».

4

Бірде Роллан маған Түркі этнос аясы­ның трагедиясы туралы көп ой айтты, проблеманы тереңнен қозғады. Келелі әм оқыс ойлар көтерген еді. Түркі әдебиетін жас кезімнен көз ілмей зерттеген мен үшін ол әлемде мен білмейтін дүние жоқ болып көрінетін. Ал Роллан бауырымның айтқан ойлары кесек еді. Асылы Роллан қай проблеманы болса да өзінше көреді екен. Оның ойы да, мәселені көруі де бөлек. Өйткені ол қай проблемаға болсын, Сіз күтпеген, тіптен тоспаған тұстан зер салады, ой өрбітеді, философиялық тағылым аясын барынша кеңейтуге талпынады. Ол тек қазақтың тағдырын ғана емес, адамзаттың тағдырын ойлайды. Дешті-Қыпшақтың зарын ғана емес, бүтін жұмыр жердің зарын естиді екен.

Ролланда жабырқау жоқ, қызғаныш жоқ, даңққұмарлық жоқ. Оған керегі – халқына керек идеяның жүзеге асқаны. Астанада ректорлық құрған кезімде, Роллан Мәскеуден арнайы келіп, Гу­милев университетінде Әдебиет институтын ашуды сұрады. Өзі басшылық жасайтынын айтты. Мен қуана-қуана келістім. Роллан Мәскеудің Әдебиет инс­титутында көп жыл сабақ берген. Сол институтта оның өз алдына ашқан «Роллан Сейсенбаевтың проза шеберханасы» жұмыс істеген. Сібір, Тува, Алтай жастары Ролланның сол шеберханасында тәлім алған. Бұндай проза шеберханасын атақты жазушылар Андрей Битов, Василий Аксенов сияқты айтулы шеберлер басқарған.

Роллан Андрей Битовтің шеберханасына Айгүл Кемелбаеваны түсірген. Сол шеберхананы Айгүл тамаша бітіріп шықты.

Өзі ашпақ болған Әдебиет институ­тының идеясын, бағыт-бағдарын фило­софиялық, ұлттық берік қазығын Роллан тез дайындады. Келісті жоба еді. Әттең не керек,Үкімет жағынан қолдау таппадық, Ролланның сол бір тамаша идеясы, сөйтіп аяқсыз қалды. Өкінішті-ақ!..

Тағы бірде ол маған «Орхон жазбала­ры» деген кітап құрастырып жатырмын, сол кітапқа алғы сөз жазыңыз. Гумилев университетінде Күлтегін ескерт­кішінің көшірмесін әкеліп орнатқан сәтте, мен де «Орхон жазбалары» кітабын шығарып, алдыңызға әкелемін» деді. Орхон жазбалары туралы кітап дайындау оңай ма, мен Ролланның сөзіне аса мән бере қоймадым. Бұл тағы да Роллан Сейсенбаевты білме­гендіктен, танымағандықтан туындаған еді. Оған бүкіл әлемнің озық ойлы адамдары сенді, тек қазақтар сенген жоқ, біз сенген жоқпыз. Әлемнің маңдай алды университеттері, қоғамдық ұйымдары сенді, бірақ Қазақстан сенген жоқ. Ал Роллан Сейсенбаев Қазақстанға да, халқына да, үкіметке де сенуін бір сәтке де тоқтатқан емес. Өзі айтқан «Орхон жазбалары» кітабын дүниеге әкелді. Сол кітапты қазір іздесең таппайсың. Осы кітап үшін Ленинград пен Мәскеудің айтулы профессорларының әйелдері мен балалары Ролланға алғыс хаттарын жаудырып жатты. Ол жалғыз Ролланға ғана емес, бүкіл мейірбан қазақ халқына, Қазақстан мемлекетіне арналған алғыс болатын.

Роллан сый-сыяпатты, бос мақтанды жақтырмайды. «Жиырма бір ғасыр дала жыры» деген жыраулар кітабын шығарды. Бір емес, бес рет шығарды. Сол кітапқа халық әлі де іздеу салуда. Тек Мәдениет министрлігі іздеу салған жоқ. Таң қаласыз. Расын айтсақ, Ролланның істеген істері Мәдениет пен Білім минис­трліктері атқаратын кеніштеріміз еді. Сонда да, Роллан ешкімге ренжіген емес. Оның ұнжырғасы түсіп жүргенін, біреуге ренжігенін, біреуге өкпе артқанын көрген де, естіген де емеспін.

Роллан былай дейді: «Отыз жасымда Кеңес Одағының атақты түрмелерін түгелдей аралап, атақты баскесерлердің бәрімен сөйлесіп болған соң, мен бұл өмірге қайта туғандай болдым. Кеңес Одағының саясаты бір бөлек, ойы екінші бөлек, тәрбие аясы үшінші бөлек болатын. Шындық жоқ еді. Бостандық бос сөз еді. Бостандықты біздің басымызға үйіп-төгіп бергенмен, онымен не істеуді халық білмейтін. Алла тағаланың құшағына ұмтылдым. Намазға жығылдым. Аруақ­тармен тілдестім. Аруақтардың аманат тілек­терін алдым. Тірлікте мүмкін емес ғажайыптармен кездесіп қалып жаттым. Таң қаламын. Жүрегімнің көзі ашылған соң, төбем көкпен сұхбатқа жеткен соң, мен бұл фәниде еш нәрсеге таң қалмайтын болдым.

Өлім барда қорқыныш жоқ екенін толық ұқтым да, тоқтадым. Ешқайда асық­падым, ешнәрсе күтпедім, өзіммен өзім оңаша қалдым. Сондай бір тылсым күштер бойымды буған кезде, Шаһкәрім қажының Шыңғыстаудағы саят қорасына, мәйіті отыз жыл жатқан құр құдыққа тағы бір жол тарттым. Үш күн, үш түн Шың­ғыстауда жаттым. «Жазуыңды тоқтатпа. Шаршама. Бір Аллаға сыйын да, алға тарт» деген Абай бабаның маған арнаған тілегін таныдым. Естігем жоқ, таныдым. Ол Шолпан жұлдыз Шыңғыстаудың көгіне енді ғана тырмыса көтерілген кезде болып еді.

Жүрегім шаншып, Қажының құлып болған тамының орнына қос тізерлеп отыра кеткенімді білемін. Ал үш операция жасалған жүрек бұлқынып берді».

Ролланның опасыз дүниеден сезгені, түсінгені осы. Оны түсінетін адам керек.

Ол бірде маған: «Мен 1995 жылы, жүрегіме бірнеше операция жасаған соң жалғыздықты таңдадым. Ешкіммен сөйлеспей жалғыздық құша­ғына ендім. Жалғыздықта жатып қолым­нан қаламым мен қағазымның түспеуін тіледім.

Алла тағала маған сол тілеуімді берді. Қалған өмірімді ата-бабаларым қоныс­танған Шилі Өзекте өткізбекпін. Даланың қасқырымен бірге жүріп, бірге ұлып, күндер мен түндер жылжып жүріп жатсын. Тек қолымнан қаламым түспесін» деген еді. Солай болып келе ме, қалай?

– Неге сонша торығасың, Роллан! Сен жалғыз емессің, сен туған жеріңдесің, қасыңда қалың елің бар, – деп жұбатамын мен оны.

Кейде ғайыптан телефон соғады. Бекер соқпайды. Заман, Адам, Қоғам, Ұрпақ тәрбиесі жайындағы ойларымен бөліседі. Ағылады келіп, ағылады. Тағы да тебіренесің, тағы да толғанасың. Ойла­насың, күрсінесің.

Роллан менің бірнеше кітабымды шығарды. Редактордың да, корректордың да міндетін өзі атқарды. Мінсіз атқарды.

Өзі шығаратын «Amanat» журналының толық бір санын Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арнады. Журналдың сол санында Роллан Әбіштің зор тұлғасын да, ұлы бейнесін де, ойшылдығын да, көсемдігін де, шешендігін де жарқыратып ашып берді. Сол журналда Роллан Әбіш ағасына арнап сөз жазды. Бар-жоғы бір жарым бет. Сол бір жарым бет кесек ойлар­ға толы еді.

Роллан нені болса да өзгеше көреді. Өзгеше ойлайды. Бізге ұқсамайды. Біз де оған ұқсамаймыз. Ролланның өмірге, өнерге, өлімге деген көзқарасы бізден мүлде бөлек. Ол сонысымен де бізден ерекше.

Ролланның бірде: «Ендігі қазақ әле­мінде екі ұлы тұлға бар. Олар – Олжас пен Әбіш. Біздей бейшара, құл халықтың рухын әлі тірі ұстап тұрған осы екі алып» – дегені бар еді. Айтса, айтқандай-ақ. Әбіш ағасы да Роллан туралы «Аманат» жур­налы туралы жазғанда үлкен баға береді.

Ақпарат беттерінен біз Роллан Сей­сенбаевтың атышулы «Жанталас немесе құм кезген өліктер» роман-эпосы жиырма бірінші ғасырдың үздік романы қатарында Американың Сан-Франциско қаласында Джек Лондон сыйлығын алғанынан хабардар болғанбыз. Бұл роман қазір көптеген шет елдерде шығуда.

Жалғыздыққа құшақ ашқан Роллан-ның «Болашақ егін өліктер үстінде көте­ріледі», «Адамдар – Сендер қаншық­сың­дар» романдары Ресейдің әдеби жар­намаларында басылуда. Бұл туындыларында Роллан қазақ тарихына, Кеңес им­периясының тарихына мүлде бөлек ракурс­тан көз салады. Романдардың жазылу тәсілі де өзгеше. Бәрі өзгеше. Мұндағы Ұлы Дала, Дешті-Қыпшақ, Қазақ елі жа­йын­дағы ашық ой, Орыс им­пе­риясы туралы ащы шындық бұрын-соңды айтылған емес.

Шаһкәрім қажы туралы жазылған «Ұмытылған» романы да бүтіндей бөлек тарихи болмыс пен тарихи тұлға туралы терең толғаныстарға толы. Роллан Сейсенбаев Шаһкәрім қажының соңғы үш ай өмірі арқылы жеті ғасырлық Деш­ті-Қыпшақ тарихын кең әрі әсерлі баяндайды.

Көзі қарақты оқырман «Егемен Қазақ­стан» газетінде ай сайын Роллан Сей­сенбаевтың «Тектілер туралы рек­вием» эсселерін жұрт тамашалай оқитындарын жақсы біледі. Сонау Аттиладан бүгінгі жиырма бірінші ғасырға дейінгі әлем халықтарының тектілері туралы екі үлкен кітап шығарды. Осы күзде үшінші кітабы жарық көреді. Ұлылар туралы жазушы толғанысы ерекше. Бұрын көрмеген, естімеген құбылыс. Сүйінбай да, Абай да, Жамбыл да, Шоқан мен Хемингуэй де, Фолкнер мен Баласағұн да, әл-Фараби мен Толстой да Роллан жазған эсселерде тірі адамдардай еркін толғаныста өмір сүреді. Жазушы ойының ұшқырлығы мен тереңдігі, қуаты мен кемелдігі шарықтау шегіне жетіп, оқырманның жүрегінде бұлқынып жатады. Ал енді таң қалмай көріңіз!..

Бұл дүниеде жаманға жалынбай, жақсыға табынбай, о дүниеге өткен адам көп емес. Әрине оның бірі Абай еді. Ұлтымыздың көсемі, ақылманы Абай туралы да жазушы терең толғанады. Ақылсыздарға жөн сілтеп, қалың елге ақыл айтқан, пана болған, сонда да сөзін ұғатын адам таппай, сергелдеңге түсіп, пұшайман болған Абай хакім туралы Ролланның жазғандары да жаныңды түршіктіріп, көңілге терең ой салады.

Роллан Сейсенбаев Заман, Қоғам, Адам туралы, ұлттың келешегі туралы көп ойланады, көп толғанады. Оның ішінен булығып, тұнып шыққан жанайқайын естігенде, жаның түршігеді.

Ол – нағыз гуманист, нағыз интеллигент, мәдениетті тұлға, халқының патриоты, адамзаттың жанашыры. Ол өзге ұлттардың басынғанын аяусыз сынайды, туған елін жанындай сүйеді. Оның қаламынан туған шығармалардың бәрі де Отанына деген шексіз махаббаттан тұрады.

«Бір сынаған жаманды

Екіншілей сынама.

Тіріде сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе,

Өлгенде бекер жылама!» – деп Махам­бет айтқандай, Азаматты тірісінде бағалағанға, қадірлегенге не жетсін!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ