• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2019

Түйткілді мәселелер тұрғындармен келісіп шешіледі

521 рет
көрсетілді

«Көп түкірсе – көл» демекші, Түркістанда әкімдік пен жер­гілікті тұрғындар суару және көгалдандыру мәселелерін бір­лесіп шешуде. Сондай-ақ түркі­стандықтар «тұрмысы төмен жандарға арналған дүкен» тәжірибесін барлық өңірге насихаттамақ.

Осы мәселелердің түйінін тар­қату үшін өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жуырда киелі шаҺардың көп­­ті көрген көнекөз қарияларымен кез­­десті. Түркістан облысының құ­рыл­­ғанына 1 жыл толуына орай ұйым­­дас­тырылған кездесуде қала тұрғын­дарын мазалаған мәселелер талқы­ланды. Өңір басшысы алдымен қала инфрақұрылымын дамыту, көгалдандыру мен тарихи орындарды абаттандыруға тоқталды.

Өмірзақ Шөкеев ақсақалдармен әңгіме барысында рухани астанаға оң өзгерістер қажет екенін айтты. Атап айтқанда, жаңа облыс орталығының тұрғын үй-коммуналдық және инфра­құрылым мәселелеріне, қаланың ха­лық­аралық туристік оазис ретінде қа­лып­тасуына ерекше назар аударылады. Сондықтан облыс басшысы жергілікті билік органдарына қарапайым адамдармен тіл табы­сып бірлесе жұмыс атқаруды, жаңа Түркістандағы тұрғын үй алап­тары маңын суару және көгал­дан­дыру мәселелерін шешу үшін ақсақал­дармен кеңесуді ұсынды.

Бүгінде көне шаһарда ақсақалдар алқасы жергілікті өзін өзі басқару мақсатында сегіз шаруашылықты ұршықша иіріп отыр. Әр ауданның өз учаскесі бар, ол учаскелердің иелігін­де жеке тұрғын үйлер бар.

Қала халқына пайдасы тиетін, енді ғана жұмысын бастаған жүйеге қазіргі таңда қолдау қажет. Сол кезде ғана оның тиімділігі арта түспек. Өйткені кейбір аудандар мен учас­келер жақсы жұмыс істеп жатса, өзгелерінің жұмысы орта деңгейде. Сондықтан да әкімдік тарапынан жан-жақты көмек керек.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түр­кі­стан­дықтардың аулаларына жасыл желек егіп, көшелерді қоқыс­тан тазарту жөніндегі бастамасын жо­ғары бағалады. Сондай-ақ өңір басшысы әкімдік тарапынан қала ішінде бірнеше арна мен арықтар қазылса, өңір тұрғындары қаланы көгалдандыруға атсалысса деген ұсынысын білдірді.

Киелі қаланы көгалдандыру керек

Өмірзақ Шөкеевтің Түркістанды суландыру жөніндегі ауқымды жобасы ең алдымен қаланың микроклиматын өзгертпек. Киелі қалада ағын су көп болса жасыл желек пен күн ыстықта қорған болар ағаштар да көп өседі. Құстар мен әдемі гүлдер де қаланың көркін ашады.

Бүгінде Түркістанда Тұңғыш Прези­дент саябағы, қалалық ойын-сауық саябағы, Арбат салынуда. Бұл саябақ­тардың жалпы ауданы 100 гек­тарға жетеді. Қаланың көгал­дануы рухани астананың, қала маңы­ның жаңа микроклиматын қалыптас­тыруға, құстардың көбеюіне сеп болуға тиіс.

Бұдан басқа, ежелгі қаланың эко­ло­гиялық жағдайын жақсарту үшін Бас жоспардың жобасын ескере отырып, Түркістанның айналасындағы 7 мың 700 гектар аумаққа жасыл белдеу отырғызылуда.

Бүгінгі таңда 90 мыңнан астам түрлі ағаш отырғызылып, 300 гектар аумақта тәлімбақ құрылса, жыл соңына дейін Түркістан аумағын 1,5 мың гектарға көгалдандыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыстың аудан-қалаларында 2019 жылдан 2021 жылға дейін 2991,5 гектар жер абаттандырылады. Мысалы, ағымдағы жылдың көктемінде аудан орталықтарында және Түркістан қаласында жалпы ауданы 703 гектарға 395 мың көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 1028 гектар аумақта тағы 470 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Жыл басынан Түркістан қаласына кіреберісте жол бойында 18 мыңнан астам павлония, боз арша, терек және сириялық раушан бұталары отырғызылды.

«Асар» тәжірибесін қайталау

Өмірзақ Шөкеев өңір ақсақал­дарына уәде еткендей, облыс әкімдігі қаланы сумен қамтамасыз етумен қатар, түрлі өсімдіктердің көшеттерін де сыйға тартатын болды. Сонымен қатар кәсіби тұрғыда қызығушылық таныт­қан барлық жергілікті тұрғын­дарды көгалдандыру өнеріне тегін оқыту басталады. Қазір арнайы анық­тама­лықтар дайындалып, оқулықтар шығарылған.

Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және Түркістанның жаңа микроклиматын қалыптастыруға ынталандыру мақсатында облыс әкімі қаланы таза ұстап, көгалдандыруда өзгелерге үлгі болған тұрғындар мен аудандарға арнайы сыйақы тағайын­дайтынына кепілдік берді.

Осы ізгі істі облыс басшысы өңір­дің өзге аймағына үлгі ретінде көбей­т­у­ді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар түркістандық ақсақалдардың бастамасымен облыс орталығында «тұрмысы төмен жандарға арналған дүкен» өз жұмы­­­сын бастаған. Аталған дүкен қа­йы­­­рымды жандардың арқасында мұқ­таж тұрғындарды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуде. Жақында ашылған дүкен тұрмысы төмен 300 отбасына қызмет көрсетуде.

Айта кету керек, қала тұрғындары осындай кездесулердің жиі өтіп, өздерінің жоспарлары мен ұсыныс­тарын өңір басшысымен бөлісе алатын мүмкіндікті қолдайды. Сондай-ақ олар облыс көлемінде жүріп жатқан оң өзгерістерге ризашылықтарын білдірді.

 

ТҮРКІСТАН