Кеңес Одағы кезінде де қазақстандық боксшылардың өте қарулы болғаны мәлім. Барлық 15 республиканың өкілдері бас қосқан аса жауапты жарыстарда жерлестерміз үнемі үздік үштіктің қатарында жүрді. Тіптен, жалпы командалық есепте көш бастаған кездеріміз де аз емес. Бірақ іштарлық танытқан мәскеулік мамандар біздің жігіттерді үнемі шеттетіп келгені тағы белгілі. Мәселен, КСРО дәуірінде бар-жоғы жеті жерлесіміз ғана әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бөленді. Соның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілгені жайында жоғарыда айттық. Олардан бөлек, Серік Нұрқазов 1982 жылы Мюнхендегі жарыстың ширек финалында қабағы жарылып, америкалық Бернард Грэйге жол берді. 1986 жылы Ренода да оның жолы болмады. Серік 1/8 финалда канадалық Билл Дауниден ұтылды. Дәл сол жарыстың сол межесінде Бейбіт Есжанов та сүрінді. Қандасымыз кубалық Педро Орландо Рейестен жеңілді. 1991 жылы Сиднейде Болат Теміров бастапқы бәсекелердің бірінде Бостандық аралының өкілі Хосе Рамосқа есе жіберді.
Тәуелсіздіктің таңы атқаннан соң Қазақстанның боксшылары үшін шаршы алаңды армансыз шайқап, өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатуға тамаша мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті біздің жігіттер қалт жіберген жоқ. 1993-2007 жылдар аралығында әлем чемпионаты 13 мәрте ұйымдастырылса, соның барлығында еліміздің туы көкте желбіреді. Ең керемет табысқа 2013 жылы Алматыда қол жеткіздік. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен байрақты бәсекеде 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, командалық есепте бас жүлдені олжаладық. 2003 жылы Бангкокта, 2005 жылы Миньянда және 2017 жылы Гамбургте үздік үштіктің санатына қосылдық. 1999 жылы Хьюстонда және 2007 жылы Чикагода озық бес команданың қатарынан көріндік. Өзге жарыстарда да қол жеткізген табысымыз елеулі. Ал 1993, 2001 және 2009 жылдардағы додада жалғыз жүлдені қанағат тұттық. Бұл – отандық былғары қолғап шеберлерінің айтулы бәсекелердегі ең нашар нәтижесі. Енді әр жылдары өткен әлем чемпионаттарына жеке-жеке тоқталайық:
1993 жыл. Тампере (Финляндия). Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы жалғыз қола медальды қанағат тұтты. Оның иегері – 75 кило салмақтағы Василий Жиров. Жартылай финалда «Балқаш барысы» түркиялық Ақын Құлоғлыдан (2:9) жеңілді.
1995 жыл. Берлин (Германия). 81 кило салмақ дәрежесіне ауысқан Василий Жиров Суоми еліндегі нәтижесін қайталады. Ол америкалық Антонио Тарверден (6:9) ұтылды. 51 кило салмақтағы Болат Жұмаділов ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ринг қожайыны Золтан Лункаға (6:11) жол берді.
1997 жыл. Будапешт (Венгрия). 71 кило салмақтағы Ермахан Ыбырайымов күміс алса, 51 кило салмақтағы Болат Жұмаділов қолаға қол созды. Ермахан кубалық Альфредо Дюверхельге (7:9), Болат ресейлік Ильфат Рязаповқа (10:16) есе жіберді.
1999 жыл. Хьюстон (АҚШ). Тәуелсіз Қазақстанның және қазақ боксшыларының арасынан тұңғыш әлем чемпионы атану бақыты Болат Жұмаділовке бұйырды. Өзінің үйреншікті салмағында өнер көрсеткен жұдырығы алтын жігіт финалда аргентиналық Омар Нарваезден (6:4) басым түсті. Аса ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков пен Синан Самил Сан арасындағы финалдық сайыс 4:4 есебімен тең аяқталды. Бірақ төрешілер түркиялық боксшының қолын көтерді. Қазақтың нар тұлғалы азаматы күміспен күптелді. Жартылай финалда Куба қабыланы Хорхе Гутьерестен бір ғана ұпаймен ұтылған Ермахан Ыбырайымов (11:12) қола медальды иеленді.
2001 жыл. Белфаст (Солтүстік Ирландия). Кешенді жарыс болғандықтан еліміздің белді боксшылары Шығыс Азия ойындарына аттанды да, әлем чемпионатына екінші нөмірлі былғары қолғап шеберлері барды. Осы жарыста Галиб Жафаров күміс медальды кеудесінде жарқыратты. 57 кило салмақта бақ сынаған ол түркиялық Рамаз Палианиден жеңіліп қалды.
2003 жыл. Бангкок (Таиланд). Ел боксы тарихында тұңғыш рет қос өреніміз алтын тұғырдан қол бұлғады. Галиб Жафаров Белфасттағы күмісін бұл жолы бас жүлдеге алмастырды. Ақтық сында отандасымыз Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен Германияға қоныс аударған Виталий Тайбертті (43:35) тізе бүктірді. 75 кило салмақтағы Геннадий Головкин украиналық Олег Машкинді финалдық айқастың екінші раундында ұрып жығып, төрткүл дүниенің теңдессізі атанды.
2005 жыл. Миньян (Қытай). Дүниежүзілік додада тағы да әнұранымыз екі мәрте шырқалып, мерейіміз өсті. Қытайда Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергеновтің жұлдызы жарқырай жанды. Шешуші тұста 64 кило салмақтағы Серіктің өзбекстандық Ділшод Махмудовтан (39:21) мерейі үстем болса, 81 кило салмақтағы Ердос хорватиялық Марио Сиволижаны (27:12) сан соқтырды. Біржан Жақыпов (48 кило), Мират Сәрсенбаев (51 кило) және Бақтияр Артаев (69 кило) үшінші орынға табан тіреді. Осылайша, тұңғыш рет бір жарыста қазақтың бес бірдей қайсар ұлы жеңіс тұғырына көтерілді.
2007 жыл. Чикаго (АҚШ). Серік Сәпиев өз салмағында тағы да қарсылас шақ келтірмеді. Қарағандылық боксшының Америкадағы өнеріне жанкүйер біткеннің барлығы сүйсінді. Тұсаукесер кездесуінде ол сербиялық спортшыға 22:6 есебімен сан соқтырды. Никарагуа, Канада, Иран және Жапонияның жігіттеріне қарсы жекпе-жектерін Серік мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтады. Финалда ресейлік Геннадий Ковалевты 20:5 есебімен тас-талқанын шығарды. 75 кило салмақтағы Бақтияр Артаев пен 81 кило салмақтағы Еркебұлан Шынәлиев қола медальды иемденді. Бақтияр венесуэлалық Альфонсо Бланкодан (7:15), Еркебұлан өзбекстандық Абош Атоевтан (8:17) ғана айлаларын асыра алған жоқ.
2009 жыл. Милан (Италия). Апеннин түбегінде жалғыз қолаға қолымыз жетті. 69 кило салмақ дәрежесіне ауысқан Серік Сәпиев жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойдан (10:16) ойда-жоқта ұтылды. Ал өзге жерлестеріміз бұл сапардан құр қол қайтты.
2011 жыл. Баку (Әзербайжан). Каспий теңізі жағалауында төрт боксшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Финалда Серік Сәпиев украиналық Тарас Шелестюкке (10:16), 81 кило салмақтағы Әділбек Ниязымбетов кубалық Хулио Сезар де ла Крузға (13:17) жол берді. Жартылай финалда 60 кило салмақтағы Ғани Жайлауов тағы бір Куба қабыланы Яснер Толедо Лопестен (9:21), алыптар айқасында Иван Дычко әзербайжандық Магомедрасул Меджидовтан (9:16) жеңілді.
2013 жыл. Алматы (Қазақстан). Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында жуан жұдырықты жігіттеріміз жасындай жарқырап, 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалады. Ақтық айқаста Біржан Жақыпов (49 кило) алжирлік Мұхаммед Флиссиге, Мерей Ақшалов (64 кило) мен Данияр Елеусінов (69 кило) Кубаның қос жұлдызы – Яснер Толедо Лопес пен Ариснойде Деспайинге және Жәнібек Әлімханұлы (75 кило) ирландиялық Джейсон Куиглиге шаң қаптырып кетті. Әділбек Ниязымбетов (81 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) екінші орынды еншілесе, Қайрат Ералиев (57 кило) пен Берік Әбдірахманов (60 кило) үшінші сатыға табан тіреді. Осындай орасан зор табыстың арқасында Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлемдік доданың командалық есебінде көш бастады.
2015 жыл. Доха (Қатар). Парсы шығанағындағы «шайқаста» Данияр Елеусінов (69 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Екеуі де жарыстың фавориттері саналғанымен, ойда-жоқта өз қарсыластарына есе жіберді. Финалда Данияр марокколық Мұхаммед Рабииден жеңілсе, Иван франциялық Тони Йокоға ұтылды.
2017 жыл. Гамбург (Германия). Неміс жерінде алты бірдей жерлесіміз жүлде алып, қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шатттыққа бөледі. Ержан Жомарт (49 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило) және Василий Левит (91 кило) қола жүлдегер атанды. Жартылай финалда Ержан мен Василийдің кубалық Хоанис Архилагос пен Эрисланди Савонға, Абылайханның өзбекстандық Шахрам Гиясовқа әлі жетпеді. Финалда Әбілхан Аманқұл (75 кило) украиналық Александр Хижяктың, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) әзербайжандық Магомедрасул Меджидовтың осал тұсын таба алмады. Ал әлем чемпионы атанған Қайрат Ералиевті (56 кило) қалай мақтасақ та жарасады. Аса шиеленісті өткен шешуші айқаста қазақ боксшысы америкалық Дюк Рэганнан алымды көрінді.
Міне, қысқа қайырғанда әңгіме осындай. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстанның боксшылары әлем чемпионатында 11 алтын, 12 күміс және 17 қола медальды олжалады. Барлығы – 40 жүлде! Шаршы алаңдағы осы көрсеткіші жағынан жерлестеріміз төртінші орында тұр. Алдымызда тек Куба, Ресей (КСРО-ны қоса алғанда) және АҚШ секілді алпауыттар. Осы орайда, олардың әлем чемпионатына 1974 жылдан бері қатысып келе жатқанын ескерген жөн. Ал Қазақстанның боксшылары тәуелсіз елдің өкілдері және дербес команданың мүшелері ретінде 1993 жылы ғана қатарға қосылды.
Биылғы әлем чемпионатының басталуына аз ғана уақыт қалды. Нақтылап айтсақ, ол 7-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтеді. Айтулы жарыста Олимпиада бағдарламасында бар 8 салмақ дәрежесі бойынша түрлі жүлделер сарапқа салынады. Сол байрақты бәсекеде отандастарымыз жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінуді көздеуде.