• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Шілде, 2019

«Ана жүрегі» Ресейді елжіретті

866 рет
көрсетілді

Театр өнерінің ішінде өрнегі бөлек әлем бар. Ол – қуыршақ театры. Ал бала түгілі, ересек көрерменнің көңілін сан түрлі сезімге бөлейтін жансыз ойыншыққа жан бітірер актерлер шеберлігі шын мәнінде үлкен құрметке лайық.

Күні кеше Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен XIV Халықаралық КУКART қуыр­шақ театр фестивалінде топ жарған Алматы қаласының Мем­лекеттік қуыршақ театры өнерде тіл болмайды, тек қана жүрек бо­латындығын тағы бір мәрте дә­лелдеп қайтты. А.Зайцевтің ре­жиссерлік қолтаңбасымен кө­рер­­менге жол тартқан Е.Ионов­тың «Ана жүрегі» қойылымы қуыршақ мерекесіне жиналған әлемнің жетекші театр мамандарын тәнті етіп, үздік атанды.

КУКART Халықаралық қуыр­шақ фестивалі – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы ком­мер­циялық емес жалғыз фес­тиваль. Аталмыш өнер байқауы марионет Евгений Деммен атын­дағы Санкт-Пе­тербург театры­ның 100 жыл­дығына арналды. Түрлі елдер мен халықтар ара­сындағы мәдени көпірге айнал­ған фес­тивальдің биылғы бағдар­ла­масында Еуропаның – Швеция, Испания, Германия, Польша, Бельгия, Болгария және ТМД-дан – Беларусь, Қазақстанның театрлары өнер көрсетіп, шығар­машылық қарымын сарапшылар мен сыншылар назарына ұсынды. Байқау бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрды: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ана жүрегі» қойылымы негізгі бағдарламаға енген.

«Ана жүрегінің» тақырыбы мен көрерменге берер тағылымы, мазмұны мен маңызы ерекше. Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кіл­тін ұстап тұрған «Ана» мен «Бала» ұғымы ешқашан құн­дылығын жоғалтқан емес. Ана – балаға, бала – анаға тәуелді. Б­ірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?!. Міне, осы сауалға жауап іздейтін сахналық туынды қуыршақтар бейнесінде тіл қатып, көрерменге ерекше әсер қалдырғаны анық. Қойылымдағы Ана рөлін актриса Толқын Тілеулиева, Бала бейнесін Руслан Әбу кемеліне келтіре кейіптеді.

Нәтижесінде, алматылықтар­дың «Ана жүрегі» көрерменін елжіретті. Сөйтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қуыршақ өнерінің кәсіби білгірлері қа­зақ­стандық өнер ұжымының қа­рымы мен шеберлігін жоғары ба­ғалап, «Үздік спектакль» ж­әне «Үздік актерлік ансамбль» ата­лымындағы қос бірдей жүлдені ұжым қанжығасына байлап берді. Одан бөлек, шығармашылық труппа алдағы жылы Болгария мен Ресейдің Самара қаласында өтетін Халықаралық театр фес­ти­вальдеріне шақырту алды. Сөзсіз, бұл – қазақ өнері үшін зор же­тістік.

Жалпы, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры – соңғы уақытта шет мемлекеттерге жиі шығып, ұлттық өнеріміздің мерейін асырып жүрген үздік ұжымдардың бірі. Ұлт топырағындағы уақыт тұрғысынан ғана тұңғыш емес, сапа мен көркемдік деңгей жа­ғынан да көш бастап үйренген театр алыс-жақын шетел театр­ларымен иық тірестіре өнер көрсетіп, талай додада топ жарып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қуыр­шақ театрларына лайықты деңгейде үлгі болып жүр.

Қазақ жерінде өткен ғасыр­дың басында пайда болған қара­шаңырақ бүгінде бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, бал­дырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуы жо­лын­да ересен еңбек сіңі­руде. 84 жылдық тарихы бар театр таяқ қуыршақтан бастап, замана ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көр­кем­деулермен жабдықталған. Жа­ңа­шылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүк­телер қоғамдық салмақты үлкен қажырлылықпен тең көте­ріп келеді. Елімізде және шетелде өткен халықаралық, рес­публи­калық театр фестиваль­дерінде биік белестерді бағын­дырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Лайым, солай болсын дейік!