• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Ауылды ізгі ниеттен туған игілікті істер көркейтеді

770 рет
көрсетілді

Мереке тек ән-жырмен шектелмесе керек-ті. Ауылдың берекесін кіргізетін жақсы іспен жалғасса ғана ақ түйенің қарны жарылғандай болып, адамдардың ақжарма қуанышы ел мерейін тасытады екен. «Ұлттық домбыра күні», Елорда күні» мерекелері еліміздің барлық шалғайында дүбірлеп жатты. Ал Амангелді ауданында бұл мерекелер жас мамандарға арналған 8 пәтерлік жаңа үйдің берілуімен басталды.

Сол үйден пәтерлі болған жас мамандар Ләззат Өскен мен Ерболат Дүйсенбаев ауданға келгенде алдынан жаңа баспана дайын тұрады деп ойламапты.

– Біз Ө.Сұлтанғазин атын­дағы Қостанай мемлекеттік педагоги­калық университетіне «Серпін» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласынан келіп түскен едік. Төрт жыл оқып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алдық. Енді өз қалауымызбен Амангелді ауданына келдік. Алдымыздан жап-жаңа бас­пана дайын тұр екен, қатты қуандық. Бір бөлме болғанмен іші кең, ыстық су, суық суы ағып тұр, орталықтан жылытылады, қыста от жақпаймыз, – дейді Ләззат Өскен. Айтпақшы, Ләззат пен Ерболат бұл баспанаға тамыз айында жас отбасы болып оралады, оған дейін Шымкентке ата-аналарына барып, үйлену тойын өткізіп келеді екен. Жас мамандар үшін жастықтың қуанышы осылай жалғасын таппақ.

Жасыратыны жоқ, бүгінде облыс орталығынан шалғай жатқан Амангелді ауданында мамандар тап­­шы­лығы қатты білінеді. Аудан бо­­йын­­ша 8 пәннен 23 мұғалім жетіс­пей­ді. Ал жалпы, дәрігер, ветеринар секіл­ді басқа мамандықтарды қос­қан­­да ауданға әлі 40-тан аса маман керек. Бір бюджеттің желкесіне міне бер­­­мей, жұмыла кіріспесе жоқ табыла ма? Жас мамандарға арналған 8 пә­тер­лі үйді аудан кәсіпкерлері жұмы­­лып, небәрі 2 айдың ішінде салып берді.

Жастар жылына орайластырылып салынған жас мамандарға арналған үй мен Жастар саябағына 47 миллион теңге демеушілер қаражаты тартылды, сонымен қатар 15 миллион теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының «Туған жер» арнайы жобасы аясында игі жұмыстар қолға алынған. «Мектепке тағзым» акция­сымен мектеп түлектерінің ауыл мектептеріне қолғабысы ұйым­дастырылды. Амангелді орта мек­тебінің түлегі Әбілхан Боран­баев 2,5 миллион теңгеге ІТ кабинет алып берсе, Ы.Алтынсарин атын­да­ғы орта мектептің түлектері 1 млн теңгеге география алаңының жаб­­­ды­ғын әкеліп берді. Ауданда мұн­­дай мысалдар жеткілікті. Ақсай ауы­­­­лын­дағы Бүйректал орта мек­тебі­­нің түлегі Александр Павлов­ский мектепке 900 мың теңгеге көмек көрсетті. Амантоғай орта мек­­тебі­нің түлектері және жеке кәсіп иелері Өмірзақ, Дүйсен Ілия­сов­­­тар, Дархан Шакыманов сынды аза­­­мат­­тар мектептің жөндеу жұ­мыс­­тары­на 6 миллионнан астам теңге қар­­жы­лай көмек көрсетті. Үрпек ауы­лын­дағы Жаңауыл орта мек­тебінің әр жылдардағы түлектері білім ұясы мен ауылды абаттандыру мақ­с­атында «Үлесім саған, Үрпегім!» атты қор ашып, 12 миллион  теңгеге жуық қа­ра­жат жинады. Осылайша аудан­ның мектеп түлектері биыл өз ауылы мен мектебіне 45 миллион тең­генің демеушілік көмегін көрсеткен.

Аудан орталығындағы бұрын шаңы шығып бос жатқан жерде Жастар саябағы орнады. Жобаның құны 30 миллион теңгені құрады.

– Бұл аудан үшін аз қаржы емес, саябақтың салынуы аудандағы кәсіп­керлердің арқасы. Енді жас кәсіп­керлер осы саябақ ішінен өз бизнесін ашқалы отыр. Мұнда пицца, донер, кәуап орталықтары, сусындар және қымыз сататын орындар және балаларға арналған ойын алаң­дары жұ­мыс істейтін болады. Саябақ аудан

тұр­ғындарының мәдени-демалыс ор­ны болумен қатар, он шақты адамды жұмыспен қамтиды. Жастардың спортпен, денешынықтырумен айналысуына да мүмкіндік жасалған.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­­стан халқының кем дегенде 30 па­йызы спортпен шұғылдануы керек» деген тапсырмасы ауданда көп жұмысқа мұрындық болды. Әсі­ресе спортқа балалар мен жастар­дың қамтылуы айрықша назарда. Аудан орталығындағы Б.Қолдасбаев атын­дағы мектепте заманауи шағын фут­бол алаңының ашылуы соның жар­қын мысалы, – дейді аудан әкімі Әмір­хан Асанов. Оны Б.Қолдасбаев атын­­дағы қазақ орта мектебінің түле­гі, кәсіпкер Серік Қапапин өзінің 12 мил­­лион теңге қаржысына салып берді.

Амангелді ауданындағы осындай әлеуметтік нысандардың көбеюі ауыл шаруашылығының да, ауыл­дың да нығайып еңсе көтеріп келе жат­қанына дәлел. Соңғы жылдары мал өсіру үшін жастардың ауылға келе бастағанына да жақсы мысалдар бар. Жас мамандар да жыл құсындай ауылға қайтса, туған жерді гүлдендіретін де солар болады.

 

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы