• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясының айтысты қайта қолға алатынын айтты

276 рет
көрсетілді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Сапар барысында ол партияның облыстық активімен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті. Сондай-ақ аймақтың белсенді жастарымен арнайы кездесіп, партияның жас буынмен жұмысы жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді.

Конференция барысында Бауыржан Байбек уақыт өткен сайын қоғамда өзгерістерге сұраныс артып келе жатқанын айтты.

– Халық қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатыса бастады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беруде. Жаңа саяси технологиялар өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Бұл бүкіл әлемді қамтып отырған жаһандық үрдіс. Сондықтан қазіргі таңда осы трендтерді игеріп, өзінің жұмысын жаңа үрдістермен байланыстыра білген ұйымдар ғана жетістікке жетеді, , – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылаудан қашпай, халықтың желідегі пікіріне байланысты жедел әрекет етуді қолға алады.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның сынауды, сынды қабылдауды және сол арқылы барлығын сараптап, оны өзінің алаңында конструктивті сынға айналдыра білуі керектігін айтты.

– Партия ішінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің барлығы айтылуы керек. Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сындарлы диалог кеңістігін құру қажет. Ол тек саясатты ғана емес, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық салалармен барлық өзекті мәселелерді қамтуы тиіс, – деді Бауыржан Байбек.

Жиын барысында аймақтарда бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де сөз болды. Олар ұсынған деректер негізінде халықтың әлеуметтік ахуалына талдау жасалып, сол арқылы әлеуметтік саясаттың басым бағыттары анықталмақ. Мұндай жұмыстың жаңа екпін мен тың серпінді талап ететіні анық. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары әріптестеріне үздік шетелдік тәжірибелерді көбірек үйреніп, қолдануды тапсырды.

Бауыржан Байбек партиялық жұмыс барлық әлеуметтік топпен бірдей жүргізілуі керектігіне де назар аударды.

– Бұл істе жобалық – нақты бағыттағы тәсілдер қолданылуы тиіс. Жастар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған топтар, көп балалы аналар және жұмыссыздармен тікелей жұмыс істейміз. Қазірдің өзінде партияның нақты топтарға бағытталған жақсы әлеуметтік жобалары бар, – деді ол.

Бұдан басқа партия алдағы уақытта халықпен кері байланысты күшейтіп, қоғамдық қабылдау жұмысын жетілдіре түспек. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, ақпараттық бағыттағы іс-әрекетті жүйелеу істеріне де басымдық беріледі.

Айта кетейік, конференция кезінде облыстық партия активінің бірауыздан қолдауымен аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Сапар барысында Бауыржан Байбек Қызылорда облысының белсенді жастарымен де арнайы кездесті. Іс-шарада бүгінгі жас буынның негізгі міндеттері, жастардың ел дамуындағы рөлі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы ашық әңгіме болды.

Еркін форматта өткен кездесуде партияның жастарға қолдау көрсету жұмыстарын күшейтетіні де айтылды.

– Кез келген партия өзінің болашағы үшін сабақтастық дәстүрін қалыптастыру керек. Сондықтан Елбасымыз біздің алдымызға жастармен жұмысты күшейтуді міндет етіп қойып отыр. Соған орай біз өз жұмысымызға жастарды көптеп жұмылдырып, олардың қалыптасып, өсуіне жол ашамыз, – деген партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысы айтқан жас мамандар резервін жасақтауға партия белсене қатысатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек қазіргі жаһандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл ретте біздің жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанына назар аударды.

– Біз тәуелсіздік алған кезде болашағымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Елбасының дана саясатының арқасында біз мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлелдедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, өз құндылықтарымыздың аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріптеп, әлемдік деңгейге алып шығу біздің міндетіміз. Осы ретте жастарымыз белсенділік танытуы тиіс, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Осыған орай белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төл өнерімізді қолдап, айтысты қайта жандандыру жайында өз ұсынысын білдірді. Мұндай ұсынысты ризашылықпен қабыл алатынын айтқан Бауыржан Байбек партияның алдағы уақытта айтысты қолға алып, оның дамуына жағдай жасайтынын айтты.

– Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конструктивті болуы қажет, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол жастарымыздың әлемдік экономика мен саясатты меңгеруге ұмтылуы керектігін сөз етті. Оның айтуынша, жас қазақстандықтар экономиканың негізгі басымдықтарын қазақ тілінде сөйлетіп, осы саладағы әлемдік үдерістердің қыр-сырын үйренуге талпынуы тиіс.

Бұдан бөлек, қызылордалық жастар өскелең ұрпақ арасында қаржылық сауаттылықты күшейту, кәсіпкерлікті үйрету, тәрбиелік бағыттағы отандық мультипликацияны дамыту сияқты маңызды мәселелерге қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.

Сөз соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары жастарды масылдыққа бой алдырмай, көздеген мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керектігін айтып, өскелең ұрпақты Елбасының ұлағатты өмір жолынан үлгі алуға шақырды.