Оған жыл сайын өзінің сапалы өнімімен жаңа кәсіпорындар легі қосылып отырады. Биылғы байқау-көрменің де жаңалықтары аз болған жоқ. Былтыр жыл аяғында Рудныйда цемент зауыты, Арқалық қаласында «Арқалық Ет» ет комбинаты ашылған еді. Осы кәсіпорындар жарты жыл өтпей-ақ өнімдерінің сапасын бәйгеге қосты.
Қазір Рудный цемент зауыты құрылыстың қандай түріне болса қолданылуға жарайтын, цементтің кең таралған ПЦ 400-Д0 және ПЦ 500-Д0 маркаларын өндіреді.
– Бұл екі марканың да сапасы сертификатталған. Енді цементтің ПЦ 400-Д20 маркалы түрі сертификатталып жатыр. Еліміздегі құрылыстың қарқыны өте жоғары. Сондықтан біздің өнім ылғи да қажет. Қазір айына 30 мың тонна цемент өндіреміз, бұл өндірістің толық қуатының 65 пайызы болып табылады. Ай сайын зауыт қуатын өсіріп келеміз, – дейді Рудный цемент зауыты бас инженерінің орынбасары Никита Волочай.Зауыт өнімін қазір Нұр-Сұлтан, Ақтөбе облыстарына жібереді, Қостанай облысын толық қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде зауыт кеншілер қаласының 200 тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Қазақстанның үздік тауарлары» облыстық байқау-көрмесіне қатысқан әр кәсіпорынның тұсына барғанда, кәсіпкер осылай тартымды әңгіме тиегін ағытады. Бұл жолы облыстағы қырық шақты кәсіпорын сапа бәйгесіне бағын сынағалы келіпті. Бірақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, байқау-көрменің мақсаты тек сапаны таразыға салу ғана емес, одан да кең.
– Бес жыл ішінде облыстағы 36 кәсіпорын сапалы өнімдерімен байқау-көрменің республикалық финалынан көрінді. Олардың қатарында дабылы елімізге, сырт жерлерге белгілі «Баян сұлу» кондитер фабрикасы, «Мильх» сүт зауыты, Қостанай ұн комбинаты, «АгромашХолдинг» машина құрастыру зауыты және тағы басқа ірі кәсіпорындар бар. Мұндай байқау-көрмелер өте қажет, мұнда бизнес өкілдері бір-бірінен үйренеді, тәжірибе алмасады. Бизнес үшін ең бастысы өндірілген өнімнің өтуі, сұранысқа ие болуы. Нарықты зерттеу үшін де байқаулардың маңызы зор, – деді Архимед Мұханбетов.
Байқау-көрмеде сапалы ет өнімдері мен бал, қымыз, шұбатқа тұрған кезекті көрсеңіз... Облыстың ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі көбейіп, биыл жыл басынан бері ол 28 пайызды құрады. Осы көлемнің ішінде азық-түлік өндіретін кәсіпорындар үлесі де ұлғая бастады. Мысалы, жұмысын былтыр жыл аяғында бастаған «Арқалық Ет» ет комбинаты тек сапалы ет пен ет өнімдерін өндіріп қана қоймай, облыстың оңтүстік аудандарындағы мал шаруашылығының дамуына да ықпал ете бастады. Ол «Қазақстанның үздік тауарлары» облыстық байқау-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша да жеңімпаздар анықталды. Олардың арасында Рудный цемент зауыты, ұлттық киімдер тігетін «Домбаева Е.С» жеке кәсіпкерлігі, малдың сапалы жемін шығаратын «Гермес-4» кәсіпорындары, тағы басқалары бар.
Облыстық байқау-көрмеде сапа көрсеткішімен оза шапқандар алдағы қазан айында байқау-көрменің республикалық қорытынды кезеңінде бақ сынайды.