Франция тасжолдарында велоспорттан бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» көпкүндігінің бесінші кезеңі мәресіне жетті. Бұл кезеңде «Астана» велокомандасының шабандозы Алексей Луценко мәре сызығын 15-ші кесіп, командаластарының арасында үздік нәтиже көрсетті.
Сент-Дье-де-Вож қаласынан басталған бесінші кезең Кольмар қаласында аяқталды. 175,5 шақырымға созылған қашықтықты бірінші болып Bora-hansgrohe өкілі Петер Саган төрт сағат, екі минутта жүріп өтті. Екінші орынды Вут Ван Аерт (Team Jumbo) иеленсі, үздік үштікті Маттео Трентин (Mitchelton-Scott) қорытындылады.
Бесінші кезеңнен кейін Жулиан Алафилипп әлі де топ бастап келеді. «Астана» велокомандасының сапынан Алексей Луценко жалпы есепте 22-орында тұр. Ол Алафилипптен бір минут, алты секунд қалып қойған. Дәл сондай көрсеткішпен Якоб Фульсанг 25, Луис Леон Санчес 26 және Пельо Бильбао 27-орында келеді.