Учаскелік полиция инспекторларының тікелей жұмысы арқылы жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыс ашылады. Бүгінгі күні учаскелік полиция инспекторларының бақылауында есепте тұрған 166 мыңға жуық адам, 8,5 мың қолайсыз отбасы және 7 мыңға жуық кәмелетке толмағандар бар.
Қызметтің осы бағытын дамыту мақсатында ІІМ-де министр Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен ІІО мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес және ҚР ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры, Әкімшілік полиция комитеті басшыларының, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген 250-ден астам учаскелік инспекторлардың қатысуымен учаскелік полиция инспекторларының республикалық слеті ұйымдастырылды.
Министр учаскелік инспекторлардың қызметін нығайту бойынша жүйелі шаралар қабылданатынын және осы бағыттың бірі – жалақы мен тұрғын үй төлемдерін арттыру екенін атап өтті.
– Мемлекеттік басқаруды жаңғырту, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту біздің әрқайсымыздың алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Әрбір жеке қызметкер халық арасында полицейлердің ұжымдық бейнесін қалыптастыратынын әрдайым есте сақтау қажет. Сондықтан алдымен учаскелік полиция инспекторы үлгі болуы, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытуы, тәртіп пен этика нормаларын бұзуға жол бермеуі тиіс. Алғаш рет еліміздің азаматтары БАҚ пен әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы ең үздіктерді таңдады. Дауыс берушілердің белсенділігі қоғамның полиция жұмысын жақсартуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді, – деп атап өтті Ішкі істер министрі.
Кездесу барысында Ішкі істер министрі республикалық маңызы бар қалалардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы және ауылдық жерлердегі «Полицияның үздік учаскелік пункттері» және «Полицияның үздік учаскелік инспекторлары» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Жеңімпаздарға мерзімінен бұрын атақтар беріліп, медальдар мен Құрмет грамоталары табыс етілді.