• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Шілде, 2019

Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланайық

526 рет
көрсетілді

Еліміздің ауыл шаруашылығы соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. 2018 жылы ауыл шаруашылығында 4,4 трлн теңге өнім өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 103,4,%-ғы артты. Мал басының барлық түрлері өсіп, ет өндіру – 4,3%, сүт – 3,3%, жұмыртқа – 9,6%-ға артты. 22,8 млн тонна астық жиналды. Егін шаруашылығын әртараптандыру жұмысы жалғасын тауып, майлы және дәнді бұршақты дақылдар көлемі едәуір ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 2017 жы­лы 1,478 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­порттау көлемі 2,1 млрд АҚШ дол­­ларын кұрады. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 300 млрд долларға көп. Әрине, мұның барлығы Елбасымыздың АӨК дамуына деген қамқорлығының, мемлекет тарапынан жасалып отырған колдаудың және ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі. Ауыл шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдау негізінен Елбасының тікелей тапсырмасымен елі­міздің АӨК дамытудың стратегиялық маңызды жоспарының қаржылық операторы есебінде ашылған «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. «ҚазАгро» ұлттық холдингі» Мемлекет басшысы міндеттеген, стра­те­гиялық жəне бағдарламалық құ­жат­тарда жоспарланған аграрлық бағы­тты берік ұстанып, АӨК-інің өндіріс­тік, ақ­­параттық және сервистік инфра­құ­рылымын одан әрі дамуын жүзеге асыру­мен бірге, мемлекеттің және салаға та­р­тылған қаржылық ресурстарды қол же­тер­лік, мақсатты және тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге күш жұмсап келеді.

2017 жылы «ҚазАгро» ұлттық хол­дингі» АҚ несиелік портфелі 622 млрд теңгеге өсіп, қарыз алушылар саны 58 мыңға көбейді. Бұл елімізде жұ­мыс істейтін ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерінің үштен бір бөлігі. Хол­динг 2017 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 267 млрд теңге жұмсаса, 2018 жылы ол 400 млрд теңгеден асып, 149%-ға өсті. АӨК қаржыландырудың негізгі көзі холдингтің жеке және тартылған қара­жаттары болып отыр. Оның жиынтық үлесі 60%-ды құрайды. Өткен жылы «ҚазАгроның» еншілес компания­лары несиенің орташа сомасы 11 млн теңгеден келетін 22 мың несие берді. Бұл 52 мыңнан астам адамды жұмыс­пен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Ауылдық жерлердегі шағын бизнесті дамыту үшін қаржының қолжетімділігін арттыру және жекеменшік қаржылық ұйымдарды агросекторға несие беруге тарту мақсатында холдинг олардың қор­лан­дыру көлемін арттыруда. Соңғы екі жылда несиелік серіктестіктер, микро­қаржылық ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер және лизингтік компанияларды қорландыру арқылы несие беру көлемі 21%-дан 60%-ға дейін өсті. Холдинг ауылдағы кедейшілікті азайту мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға ба­­ғытталған 2017-2021 жылдарға ар­нал­­ған нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағ­д­ар­ламасын тиянақты іске асырып келеді. 2017 жылы холдингтің еншілес кəсіп­орындары осы мақсатқа 28,8 мил­лиард теңгенің шағын несиесін берген болса, 2018 жылы 11 мың 155 адамға 44,7 миллиард теңге несие берді. Бұл бағдарламаны іске асырудың негізгі қаржы операторының бірі – холдингтің «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ компаниясы. Бұл компания ауылдың шағын несиелеу нарығында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Қордың беретін несиелері ауыл тұрғындары үшін қолайлы, қолжетім­ді, несиелендіру шартының мерзімі 6 жыл­дан 10 жылға дейін, («Сыбаға» несиелендіру бағдарламасы бойынша 15 жылға дейін) пайыздық мөлшерлемелері төмен, жылдық мөлшерлемесі – 4-6%, жеңілдік кезеңі 2 жылға дейін және кепілдік саясаты өте икемді. Осы жылдары қор ауыл тұрғындарына 250 млрд теңгеден асатын көлемде несие берді. Компания ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, мал азығы өнімдерін өндіру, отбасылық бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын құру, мүйізді ірі қара мен қой сатып алу бағыттары бойынша жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, тек өткен жылы 14 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Соңғы жылдары «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ елімізде асыл тұқымды мүйізді ірі қара ана­лық мал басы мен қой санын көбей­туге байланысты «Сыбаға» етті мал бағ­дар­ламасы бойынша колжетімді несие беріп келеді. Ауыл тұрғындары үшін қол­жетімді несиелеу бағдарламасы бол­ған бұл бағдарлама ірі қара­ның санын арттыруға септігін тигізуде. Қор­дың меншікті қаражаты есебінен бөлі­н­ген қаржыға «Сыбаға» несиелендіру бағ­дарламасы бойынша етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алу үшін несие шартының мер­­зімі 15 жыл, ал ұсақ мал сатып алу үшін 10 жыл, сыйақы үстемесі – 4%, жеңіл­детілген мерзім 30 айға дейін, кепілдіктің 75 пайызына несие есебінен сатып алынатын техника мен асыл тұқымды мал­ды қоюға болады. Бұл қол­дарында ке­пілдікке қоятын мүлкі жет­пейтін ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңіл­дік. Шетелден сатып алынған ірі қараның аналығын әр басына мемлекет 225 мың теңгеден субсидия төлейді. Төл есебінен өсіріліп, бордақы­лау алаңына өткізілген бұқашықтың тірі салмағының әр килограмына мемлекет тарапынан 200 теңге субсидия беріледі. Бір сөзбен айтқанда, мал өсірем деген шаруаға мемлекет тарапынан барлық жағ­дай жасалған. Біріншіден, ұзақ мерзімге арзан, же­ңілдетілген, ірі көлем­де кол­жетімді несие беріледі. 

Екін­шіден, мемлекет сатып алынатын мал баға­сы­ның 30-40%-ы­на субсидия төлейді. Үшін­шіден, бор­дақылау ала­ңына өткіз­ген бұқа­шықтың тірі сал­ма­ғының әр килосына тағы да субсидия береді. Мыса­лы, сіз бұқашықты бордақылау алаңына 150 килограмм күйінде өткізіп, 200 мың теңге алатын болсаңыз, мемлекет сізге тағы да 30 мың теңге субсидия беретін болады (150 кг*200 т = 30 мың т). Беріл­ген несиені ауыл шаруашылығы техникаларын алуға да жұмсауға болады. 2018 жылы қор осындай шартты келісімдермен шаруа­ларға 23,8 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 75,4 мың бас ұсақ мал сатып алуға 15,6 млрд теңге көлемінде жеңіл­детілген несие берген. Бүгінге дейін бұл қаржыға 16 мың бастан аса ірі қара мен 75 мың бас қой сатып әкелінген. Мал сатып әкелу жалғасуда. Бұл жоба үстіміздегі жылы да жалғасын табуда. Ауылда шағын бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып , жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға бағытталған, ауыл тұрғындарының ерекше қолдауына ие болған бұл жобаның іске асырылып жатқанына бір жылдан асты. Қандай жетістіктерге қол жеткізілді, қандай кемшіліктер бар? Шаруаларға, ауыл­­ға өте керекті жобаның тиімділігін, қайтарымын қалай арттыруға болады? Енді осы сұрақтар төңірегінде ой қозға­йық. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл­да жұмыссыз жүрген жағдайы төмен отбасыларға қолжетімді, арзан несие беріп, оларды оқытып, ауыл ша­руа­­шы­лығы жұмыстарына тарту арқы­лы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұ­мыс­сыздық пен кедейшілікті азайтуға, ша­ғын бизнесті дамытуға бағытталған. Бағ­дар­ламаны орындау халықты әлеу­мет­тік қорғау, ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктерімен, жергілікті атқарушы орган­дарға; ауыл, аудан, облыс әкім­дік­теріне жүктелген. Жобаның тиімді, табысты орындалуы осы органдардың тығыз байланыста тиянақты, келісіп, мәселеге жауапкершілікпен қарап атқаруларына байланысты. Орталық атқарушы органдар бағдарламаның орындалуының стра­тегиялық жөн-жобаларын жан-жақ­ты тиісті орындармен, өңірлермен ақыл­дасып, бір шешімге келіп, оның қар­жылай операторы етіп «ҚазАгро» хол­дингі­нің еншілес компанияларын бекітті. Жоғарыда айтылғандай, «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, оның өңірлердегі филиалдары, облыс­тардың ауылшаруашылық органдарымен бірлесіп, бөлінген несие қаржы­ларды уақтылы игеруге барынша күш салуда. Қордың басты міндеті – мемлекет қаржысын тиімді, мақсатты талан-таражға салмай пайдаланып, оның уақтылы қайтарымын қамтамасыз ету. Сол себепті де олар несиені жағдайы бар, уақтылы қайтаруға қабілетті, еті тірі, пысық ауыл тұрғындары арасынан таңдап, несиені соларға беруге тырысады. Қор тарапынан бұл дұрыс та шығар.

 Өткен жылдың қорытындысы көрсет­кендей қор бұл жұмысты өз дәрежесінде атқар­ды. Алайда, бұл арада ауылда жұмыссыз жүрген, жағдайы төмен от­ба­сыларыларға қолжетімді, арзан несие беріп, оларды оқытып, ауыл шаруа­шы­лығы жұмыс­тарына тарту, арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс­сыздық пен кедей­ші­лікті азайтуға, шағын бизнесті да­мы­ту­ға бағытталған бағдар­ламаның негіз­гі мақсаты то­лық қам­тылмай қалу­да. Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың Nur Otan партия­сы­ның XVIII съезінде көп балалы отба­сы­ларға үйде отырып жұмыс істеуге жағ­дай жасау үшін, арнайы грант пен шағын несие квоталарын бөліп, олардың мал өсі­ріп, егін салып, шағын бизнеспен шұ­ғылданып табыстарын көбейтуге, балаларын еңбекке баулуға жағдай жасау керек деген тапсырмалар берілді. Бұл мақ­сатты өз дәрежесінде орындау жер­гілікті атқарушы органдардың, әсіресе ауыл, аудан әкімдіктерінің тия­нақ­ты ұйымдастырушылық жұ­мыс­тарына байланысты. Өткен жыл­дың тәжірибесі көптеген ауыл, аудан әкімшіліктері тарапынан жұмыссыз, жағдайы төмен отбасылар арасынан қолынан іс келетін адамдарды ірік­теп, оларға несие алуға көмек беруде ат­қарылып жаткан жүйелі жұмыстар төмен дәрежеде екенін көр­сетті. 2018 жылы «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан респуб­ли­ка бойынша бөлінген несие қаржы­ның Алматы облысы 11%-ын, Батыс Қазақ­стан облысы мен Түркістан облысы 9%-ын алған болса, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары небәрі 2-3-%-ын ғана алды. Ал аудандар бо­йынша өз облыстарына бөлінген несие қаржы­лар­дың ең көп үлесін Маңғыстау облы­сы­ның Мұ­найлы ауданы 22%-ын, Аты­рау об­лы­сының Құрманғазы ауданы 21%-ын, Қызылқоға ауданы 17%-ын, Қызыл­орда облысының Жаңақорған ауда­ны 20%-ын, Қостанай облысының Қос­танай ауда­ны 17%-ын алса, Ақмола об­лысының Жарқайың ауданы 1%-ын, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы 2%-ын, Қостанай облысы Қа­мыс­ты ауда­ны 2%-ын, Ұзынкөл ауданы 3%-ын ғана алып игерген. Ал Алматы облысы Алакөл, Түркістан облысы Жетісай, Қазығұрт, Түлкібас аудандары­ның тұрғындары 2018 жылы Елбасы­мыз­дың ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға арнайы берілген арзандатылған несиесінен құр қалған. Мұны немен түсіндіруге болады? 

Тиісті әкімшілік басшылары Елбасы тапсырмаларын орындауға не себепті немқұрайлы қа­райды? Әлде бұл аудандардың тұрғын­дарына арзан, қолжетімді несие қажет емес пе? Біздіңше, бар мәселе аудан бас­шылығының тұрғындардың жағдайын жақ­сартуға жаны ашымайтын немқұ­райлы көзқарасы мен өз жұмысына деген жауап­сыздығында деп ойлаймыз. Ауыл­дағы шағын кәсіпкерлікті дамыту арқы­лы жұмыссыздық пен кедейшілікті азайту туралы тапсырмасы тікелей жергілікті атқарушы орындарға, бірінші кезекте ауыл, аудан әкімшіліктеріне бағыттал­ған. Себебі ауылдағы әрбір отбасының жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, кімнің қалай немен өмір сүретінін, олардың іскерлік қабілетін, қолынан не келетінін ауыл әкімінен артық ешкім білмейді. Ауыл әкімі өз ауылдастары арасында несие алу жөнінде тиісті түсінік жұмыс­тарын жүргізіп, бірінші кезекте несиені жағдайы төмен азаматтарға, келесі кезекте қандай азаматтарға берілетінін айтып, аудан әкімдігі арқылы немесе қордың облыстағы тікелей филиалдарына шығып, несие алушыларға қолдан келетін көмектерін беріп отырса, жұмыс бір жүйеге түскен болар еді. Аудан әкім­дігі ауыл әкімдіктерінің ұсынысын қорытындылап, аудан көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамыту жолдарын зерттеп, облыс әкімдігіне өз ұсыныстарын жет­кізіп, мемлекет тарапынан беріліп жат­қан қамқорлықтан өз сыбағаларын барынша алып қалуға жұмыс істер еді. Ал облыс басшылығы өңір бойынша жан-жақты зерттеліп, корытындыланған ұсыныспен орталық органдарға шығып, тиісті көлемде несиелік қаржы ресурстарын алып, қордың облыстағы филиалдарымен бірлесіп, қордың жұмысының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, несие алушыларға жағдай жасап, облыс көлемінде жұмыссыздықты азай­туға, шағын бизнесті дамытуға ықпал еткен болар еді. 

Облыс басшылығы ай са­­йын аудан бойынша, ал аудан басшы­лығы ауыл әкімдіктері бойынша мемлекет тарапынан бөлінген несие ресур­тары­ның қалай игеріліп жатқаны туралы талдау жасап, тиісті орындаушылардың жауапкершіліктерін көтеріп отырулары керек. Жергілікті атқарушы органдар мемлекет тарапынан арзандатылған ұзақ мерзімді несие алушыларға жайылым бөлу, мал азығын жасақтау, мал дәрігер­лік қызмет көрсету, субсидия алуға көмек­тесу және т.б. мәселермен тұрақты түрде көмек көрсетіп отырулары керек. Әр ауыл, аудан әкімдіктері ауылдық жер­­лерде шағын бизнесті дамытуға, жұ­мыс­сыз­дықты жоюға бағытталған осын­дай тиянақты, жан-жақты ойлас­тырыл­ған жұмыстар жүргізсе, 3-4 жыл көле­мінде ауылда ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру молайып, шағын бизнес қанат жайып, жұмыссыздық пен кедей­шілік төмендеп, халықтың табысы жақ­сарған болар еді.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

экономика ғылымдарының докторы