Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:22
Кәріқұлақтар айтып отырады, Қызылордаңызды ұзыннан қиып өтіп жатқан Мәскеу – Бейжің күрежолы 50-жылдардың соңында салына бастаған екен. Қарап отырсаңыз, одан бері жарты ғасырға жуық уақыт өткен. «Елу жылда ел жаңа» дейтін қазақы тәмсілге салсақ, онда жолдың да тозығы жетіп, жаңаратын уақыты келгенін байқаймыз.
Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:22
Кәріқұлақтар айтып отырады, Қызылордаңызды ұзыннан қиып өтіп жатқан Мәскеу – Бейжің күрежолы 50-жылдардың соңында салына бастаған екен. Қарап отырсаңыз, одан бері жарты ғасырға жуық уақыт өткен. «Елу жылда ел жаңа» дейтін қазақы тәмсілге салсақ, онда жолдың да тозығы жетіп, жаңаратын уақыты келгенін байқаймыз.
Сөз жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі – халық игілігі үшін басталған ғасыр жобасы. Трансқұрлықтық автожол Қазақстанның 5 облысының аумағынан өтеді. Жалпы ұзындығы 2787 шақырымды құрайды. Ал Ақмешіт атырабындағы аумағы – 812 шақырым.Бүгінде Қытайдан Батыс Еуропаға теңіз арқылы жүк жеткізуге тура 40 күн уақыт кетеді екен. Осы жоба іске асқаннан кейін Еуропа мемлекеттеріне жүкті қаражолмен жеткізуге бар-жоғы 10 күн ғана шығындалатын болады. Осыдан-ақ біраз дүниенің сырын түсіне беріңіз. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай жүк айналымы көлемі 2,5 есе көбеймек.Тағы бір мәлімет. Әлем кәсіпкерлері теңіз арқылы тауар тасымалы үшін жылына 700 миллиард АҚШ долларынан астам шығын шығарады. Егер осы жүк керуенінің белгілі бір бөлігі автокөлік арқылы Қазақстанның үстімен тасымалданатын болса, онда біздің ел зор байлыққа кенелетіні сөзсіз. Енді Қызылорда облысында жасалып жатқан жолдың жай-күйін баян етелік. Оның бәрі сірескен цифрдан тұрады. Бірақ сандардың өзі сөйлеп тұр.Күрежолдың Қызылорда облысынан 812 шақырымы өтетінін айттық. Оның ішінде 246 шақырымы І техникалық, 566 шақырымы ІІ техникалық санатқа жатады. Жолды қайта жаңарту барысында 48 көпір, 336 құбыр, 74 мал өтетін орындар, 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелдері салынады. Көлік құралдарының жолда жүру жылдамдық көрсеткіші 120 шақырым-сағатқа өсуіне орай автомобиль жолы 8 ірі елді мекендерді айналып өтетін болады. Олар: Арал қаласы ( 9,3 шақырым), Әйтеке би кенті (1,9 шақырым), Жосалы кенті (12,8 шақырым), Ақжарма ауылы (7,5 шақырым), Шаған ауылы (8,3 шақырым), Қызылорда қаласы (18,1 шақырым), Шиелі кенті (22 шақырым), Жаңақорған кенті (23,1 шақырым). Сонымен қатар, Арал, Қармақшы аудандарында және Қызылорда қаласында жаңа жол-пайдалану учаскелері салынатын болады. Шиелі ауданында осыған дейін пайдаланылып келген жол-пайдалану пунктінің ғимараты қайта жаңартылып, арнайы учаске ретінде жұмыс істемек. Мұның сыртында Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарында жаңадан жол-пайдалану пункттері салынады.Жоба құрылысын 5 бас мердігер компаниялар атқарып жатыр. Сондай-ақ, қазақстандық 24 қосалқы мердігерлер жұмыс істеуде. Ал жобаның жалпы құны 163,525 миллиард теңгені құрайды. Атап айтар болсақ, «Салини» АҚ – 60,474 миллиард теңге, «Аккорд Окан» БК – 23,515 миллиард теңге, «Импреза» АҚ – 13,918 миллиард теңге, «Тодини» АҚ – 56,896 миллиард теңге, «Азеркорпу» АҚ – 8,722 миллиард теңге. 812 шақырым жол 15 учаскеге бөлінді. Ондағы жұмыстар жоспар бойынша атқарылып жатыр. Мәселен, итальяндық «Салини» компаниясы – 410 шақырым, Әзербайжан мен Түркияның бірлескен кәсіпорны «Аккорд/Окан» – 107 шақырым, тағы бір итальяндық мекеме «Импреза» – 50 шақырым, таза әзербайжандық компания «Азеркорпу» – 28 шақырым, «Тодини» (Италия) 217 шақырым жолды өзара бөліп алған. Осы арада құрылыс жұмыстарына тікелей бақылау жасайтын консультант компанияларды атап өткен жөн секілді. Бұлар: «Исан» (Корея), «Роугтон/ДБЮК» (Ұлыбритания), «Донгсунг» (Корея), «Қазжолжобалау» ЖШС (Қазақстан). Сондай-ақ, жобаны басқаруды жүзеге асырушы консультант канадалық «СНК-Лавалин» компаниясы.Бүгінге дейін не жасалды? Қандай тірлік атқарылды? Соны айтайық. 2012 жылдың 25 қазанына дейін бір бағытта төселген жер төсемі – 4650 мың текше метр; жолдың жайғасу қабаты – 234 шақырым; негізгі қабат (ЩПС) – 286 шақырым; төменгі қабат – 301 шақырым; орта қабат – 296 шақырым; жоғарғы қабат (ЩМА) 304 шақырымды құраған. Ал мердігер мекемелер 2467 мың текше метр қиыршық тас; 1540 мың текше метр қиыршықты құм тас; 17,8 мың текше метр темір-бетон бұйымдары секілді жол-құрылыс материалдарын дайындаған. Қайта жаңарту жұмыстарына 2956 жол-құрылыс техникалары жұмылдырылған. Жұмысты жүргізуге 16 627 адам қамтылса, оның ішінде 9 621 адам жергілікті жерден, 6 658 адам Қазақстанның басқа өңірлерінен келген. Сонымен қатар, 348 адам шетел азаматтары болып табылады.Құрылыстың басталуы аймақ экономикасының дамуына да жағымды әсерін тигізді. Жаңақорған, Шиелі аудандарында тас зауыттары, Қызылорда қаласында битум зауыты салынып, пайдалануға берілді. Жұмыстың қарқынды жүргізілуіне жергілікті «УАД» және «Дорстрой» мекемелерінің қосып отырған үлесі ерекше. «Дорстрой» мекемесі жанынан «Техмаман» оқу орталығын ашып, жол саласына қажетті мамандарды оқытуда.Облыс бойынша мердігерлер жергілікті тағам өнімдерін пайдаланып, тұрғылықты тауар өндірушілерден жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және т.б. өнімдер сатып алады. Бұл – орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар санының көбеюіне, жаңадан жұмыс көздерін ашып, бюджетке түсетін салық көлемінің артуына оң ықпалы тиіп жатыр деген сөз.Жоба құрылысы біткеннен кейін жолдың бойында жаңадан жол жүргіншілеріне халықарылық талаптарға сай келетін қонақүйлер мен кемпингтер, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және тамақтандыру орындары салынып пайдалануға беріледі. Облыс аумағында туризмді дамытуға жол ашылып, облыстың тарихи орындарына алыс және жақын шетелдерден келушілер санының артуына ықпал жасайды.Осы орайда күрежолды салуда барынша тәжірибе жинап, өздеріне берілген учаскелердегі құрылысты уақытында аяқтап отырған «Дорстрой» мекемесінің басшысы Мұратбек Тілеулиевті сөзге тартқан едік.– «Дорстрой» ЖШС 1996 жылы іргетасын қалады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жол құрылысы саласында жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшыдан инженерге дейін көтерілдім. Дегенмен, 90-жылдардың басындағы тоқырау кезінде біз істеген мекеме жабылып қалды. Сөйтіп, жұмыссыз қалдық. Содан жігіттер бірігіп өз ісімізді қолға алуды жоспарладық. Соның негізінде осы «Дорстрой» компаниясы өмірге келген еді. Алғашында жұмыстың ірі-ұсағына қарамай істей бердік. Аула, ауыл жолдарын жөндедік. Өйткені, тәжірибе жинау керек еді. Сонымен қатар, өзіміздің біліктілігімізді де дәлелдеу алдымызда тұрды. Кейіннен мұнай компанияларынан ұсыныстар түсе бастады. Соның негізінде Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылысын қолға алдық. Солайша, жыл өткен сайын жұмыс ауқымы да арта түсті. Бүгінде біздің ұжымда 600-ге жуық адам жұмыс істейді.2008 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы басталады деген шақта біз нарықтағы өз орнымызды тауып, тәжірибелі мекемелердің біріне айналған едік. Дегенмен, мамандардың жетіспеушілігі байқалды. Ойлана келе, мекеменің жанынан «Техмаман» қайта даярлау мектебін ашуды көздедік. Сол бойынша жол-құрылысының мамандарын дайындадық. Осы күнге дейін «Техмаман» 800 адамды қайта оқытып шықты. Олардың барлығы жол құрылысы саласында еңбек етіп жатыр.«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолына қатысты тендерлік жұмыстар 2009 жылы өтті. Әрине, жол құрылысын салуды шетелдік компаниялар жеңіп алды. Содан былтыр жұмыс басталғанда олар жергілікті жердегі мекемелерді өздеріне қосалқы мердігерлікке шақыра бастады. Біз италиялық «Салини» АҚ-пен келісім-шартқа отырып, жұмысты бастап кеттік. Қазіргі кезде Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының арасындағы 70 шақырым жолды жасап жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз жұмыстың 65 пайызын аяқтап қойдық. Келер жылы өзімізге жүктелген міндетті толығымен бітіреміз деп отырмыз.Бұл жоба несімен құнды? Ең алдымен, біз халықаралық дәрежеде тәжірибе жинаймыз. Онан кейін өзіміздің кадрларымызды дайындаймыз. Мысалы, жол құрылысына біз жоғары оқу орындарын енді бітірген мамандарды тарттық. Олар осы бір жылдың ішінде 3 жылдық тәжірибе жинады десек, артық айтқандық емес. Техникалық базамызды да халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жасақтадық. Осы арқылы біз халықаралық автожол құрылысына тікелей қатысуға мүмкіндік аламыз. Алдағы уақытта шетелдік компаниялармен иық тіресетіндей жағдайға жетеміз деп ойлаймын. Бұл ел экономикасы үшін де, жекелеген компаниялар үшін де үлкен пайда болмақ, – дейді ол.Бүгіннің өзінде Қызылорда облысындағы күрежолдың көп бөлігі толықтай болмаса да пайдалануға берілді. Соның өзі қала мен аудан, ауыл орталықтары арасындағы қатынасқа оң сипатын әкеліп отыр. Мамандар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының Қызылорда облысындағы бөлігі келер жылдың сәуір айында толықтай аяқталады деп отыр. Бүгінгі құрылыстың қарқынына қарап, оның уақытында аяқталатынына сенесің. Өйткені, құрылысшылар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр.Ержан БАЙТІЛЕС,«Егемен Қазақстан».Қызылорда облысы.