• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Шілде, 2019

Жаны қазақ Виктория

597 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушысы Ләйлім Ерланқызынан қабылдап, көпшілікке жолдаған хакім Абайдың 175 жылдығына арналған ақын өлеңдерін оқу эстафетасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қызу қолдау білдіруде.

Эстафетаға қатысушылардың арасынан Тараз қаласының тұрғыны Виктория Вячеславовна Трегубова Абай Құнанбаевтың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңін оқып, көпшілік көзайымына айналды. Әлеуметтік желіде жоғары танымалдыққа ие болып, ҚХА баспасөз қызметі таратқан бейнежазбаға 1500-ге жуық репост жасалып, көрушілер саны 65 мыңнан асты.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныш­тықбек Әбдікәкімұлы, ақын «Платиналы тарлан» сыйлы­ғының иегері Исраил Сапарбай, көрнекті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан­ғали Жүзбаев, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов, дүлділ әнші,  Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали және басқа ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары Викторияға қазақ тіліне деген құрметі үшін ерекше алғыс айтып, зор ризашылығын білдірді.

Осы орайда жақынырақ таныстыра кетсек, Виктория Вячеславовна Трегубова  – 1998 жылы 1 маусымда Ресей Федерациясы Ульяновск облысында дүниеге келген. 2000 жылы Жамбыл облысы Мойын­құм ауданы Ұланбел ауылына қоныс аударған. М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген. 2015-2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Қазіргі кезде Тараз қала­сында тұрады, қаңтар айынан бастап Жамбыл облыстық телеарнасының «Tuski time» бағдарламасының тәлімгер-жүргізушісі. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Раданеж» орыстар қоғамы бірлестігінің мүшесі және ҚХА Жаңғыру жолы жастар қозға­лысының белсендісі.

– Отбасында екі ағайын­дымыз. Өзімнен үш жас үлкен ағам Владислав та қазақ мек­тебін бітірген, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Анам Светлана Сте­пановна – метеоролог, әкем Вячеслав Александрович Жам­был облыстық обаға қарсы күрес стансасының қызметкері. Нағашы жұртым – Жамбыл об­лысынан, анам Ұланбел ауы­лында туып-өскен. Ресейге қы­дырып барып, әкеммен танысып, екеуі шаңырақ кө­терген. Арада 6-7 жыл өткен­де анам әкеме туып-өскен же­рін көрсетпекші болып, екі баласымен төркініне қыдырып келеді. Әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық.

Ауылда бір ғана қазақ мек­тебі болғандықтан, үйдегілер бізді амалы жоқтығынан сол білім ошағының партасына отырғызған болар. Бірақ біз қазір мемлекеттік тілді жоға­ры деңгейде білетініміз үшін мақ­танамыз. Қазақы ортада тәрбиеленуіме мүмкіндік жасаған әке-шешеме мың алғыс айтамын. Өзімді көпшілікке орыстың қазақ қызымын деп таныстырамын, – дейді Виктория Трегубова.