Жаңабұлақ ауылдық Мәдениет үйінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, басқа да мекеме басшылары және тұрғындармен болған кездесуде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, төртінші деңгейлі бюджетке көшу, салық жинау, тұрғын үй кезегі мәселелері көтерілді.
Сенаторлар жұмыс сапарын аудан орталығында одан әрі жалғастырып, 100 орындық интернат, 300 орындық мектеп-гимназия, 3 қабатты комуналдық тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Сонымен қатар, Жайық ауылындағы таза ауыз су құбырының құрылысы және Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына назар аударды. Жергілікті әкімдік өкілдері Жайық өзені Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы көктем мезгілінде су көтерілу қаупі төнгенін жеткізді. Өзен жанындағы үйлердің суға кету қаупін алдын-алу мақсатында су жағасын бекітуге 1млрд 400 млн теңге қаражат табу мәселесі айтылды.
Сондай-ақ Н.Төреғалиев пен Е.Мұқаев Бударин ауылдық округіндегі «Атамұра» шаруа қожалығында да болды. Қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын, көшім жылқысын, еділбай қойын өсіріп отырған қожалықта мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Бау-бақша, алма ағашын өсіріп және карп балығын көбейтіп келе жатқан шаруашылықта жүйелі істер қолға алынған. Осыларды аралап көрген Сенат депутаттары шаруаның ісіне оң баға беріп, өзекті мәселелерді зерделеді.
Шаруа қожалықтары көктемгі және күзгі далалық жұмыстар кезінде жанармай бағасының қымбаттайтынын айтып, маусым кезінде жеңілдік беруін немесе субсидия бөлуін сұрады.