• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Шілде, 2019

Бала еңбегі: қажеттілік пе, тәрбие ме?

3302 рет
көрсетілді

Абай атамыздың «Жаздыгүн шілде болғанда» деген сөзі ойға оралғанда бірден балалардың алаңсыз асыр салып ойнап жүргені көз алдыңа келеді. Оқушылар каникулға шығып, бір бөлігі лагерь жағалап, шамасы жеткені ата-анасымен шетел асып қыдырады. Ауылдың қарадомалақтары қаланы көргісі келсе, қаланың балалары ауылдағы ата-әжесіне тартып тұрады. Осылардан елеусіздеу тағы бір топ бар, олар – жұмысшы балалар.

Ат жетектеу де – жұмыс

Өткен демалыс күні ипподромға бардым. Атқа мінуді ұнататындықтан жиі барып тұруға тырысамын. Бірақ бұған дейін жылқы жетектеушінің көмегіне жүгініп көрмеппін. Ерттеулі атқа отырып, шамамен 14-15 жасар қыз бала ұстап тұрған тізгінге қол создым. Жас көмекші: «Мен алып жүремін, сіз ерден ұстап отырыңыз», деп алға ұмтыла берді. Ал мен мұнда келіп тұратынымды, әрдайым атты өзім тізгіндей алатынымды айттым. Ол: «Мен жетектей берейінші, осы үшін ақы аламын», деді қиылып. Сонан соң сөзсіз келістім. Жалдап алған жарты сағатым сұхбатқа ұласқандай.

София елордадағы мек­теп­тердің бірінде оқиды, 9-сыныпқа өткен ол жан-жануарларды ерекше жақсы көреді. Осы жұмысқа өзі сұранып келген көрінеді. Мен мінген жылқыға әдемі ат қойыпты, онысы да баптаушысын жақсы тыңдайды. «Келушілерді осылай атқа мінгізіп жетектеймін. Әр жетектеген сағатыма ақша төлейді. Бұған дейін өзіме де жұмыстың шарттары мен талаптары туралы бастапқы ақпарат берді. Атқа міну, оны басқару, тоқтату, бұру секілді негізгі нәрселерді үйретті. Сондай-ақ мамандар жылқыны баптауға да баулиды. Әрі үйренемін, әрі ақша табамын. Бұл – бір қызықты қызмет. Өзіме ұнайды», дейді София. Иә, шынында сүйікті ісіңмен табыс тапқан қандай ғанибет. Бірақ барлық бала солай ма? Бәріне жұмыс оңай ма?

Бала еңбегі сатыла ма?

Ең алдымен балаға жұмыс істеудің қажет-қажет еместігін айқындап алайық. Осы тұс­та Дүниежүзілік балаларға құрмет сыйлы­ғын иеленген Икбал Масих атты пәкістан­дық баланың өмірі еске түседі. Оны үй-іші анасының ота­сына ақша керек болып, кілем шығаратын кәсіпкерге басыбайлы бере салады. Ақыр аяғында 4 жасар баланың балалық шағы 6000 рупиге (сол кездегі 60 АҚШ доллары – жобамен 5000 теңгеге) сатылады. Икбал таң атқаннан күн батқанға дейін, тəулігіне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Алты жылы құлша жұмыс істеумен өтіп, 10 жасында әлгі қапастан қашып шығады. Жүрегі жомарт жанға жолығып, соңында 3 мыңнан аса өзіндей жұмысшы балалардың құқығын қорғай жүріп, кісі қолынан қаза табады. Ол бір сөзінде: «Мен – Пәкістандағы еңбек пен еріксіз жұмыстан зардап шеккен миллиондаған балалардың бірі ғанамын», деген. Сөйтіп ол жұмысқа, анығы құлдыққа сатылатын балалардың мөлшері әлемде әлі де миллиондарды құрайтынын алға тартыпты.

Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді

Өзімізге оралсақ, бізде де еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жұмысқа жегілген балалар баршылық. Осыдан біршама жыл бұрын қоғамдық көліктегі кішкентай кондуктор жөнінде жазғанбыз.

«Қаршадайынан қызметке жегілгеніне қарап, жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді деген сөз есіңе түседі. Жобамен 2-сыныпты бітірген қыз мектептен бос уақытында жұмыс істейтінін, беліндегі сөмкесіне түскен тиын-тебеннің бірін қалдырмай әкесіне ұстататынын айтты. Сабағын сұрасақ, бәрін беске оқиды екен. Бірақ… Иә, бірақ дейтұғын дүние тағы бар. Біз мектепке барған жылдары «сабақтың бәрін беске оқысаң, адам боласың» деген идеология санамызда сайрап тұратын. Алайда, қазір олай емес қой. Осы қызметінің орнына фольклорды жаттаса, шахматты, тілді, болмаса биді, бір спортты небір аспапты үйренсе, анағұрлым адам болар ма еді, кім білсін?..», деп жазған ойымызға Маржан Момбекова атты апайымыз: «Мәселе би үйренбей немесе спортпен айналыспай жүргенінде емес, бала күнінде уайым-қайғысыз жүрудің орнына жауапкершілік арқалауында болып тұр», деген еді. Оған «Бұл қыз керемет адам болады. Жастайынан өмірге араласқаннан жаман болмайды» деп пікір білдіргендер де болған. «Баланы 5 жасқа дейін хандай күт, 5 жастан соң құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сырлас» дегенді тәрбиеде қолданатындар да көп.

Тоқтықта да тәрбие бар

Жақында «ВІ group» компаниясының директоры Айдын Рахымбаев ас үйдегі орындыққа қисайып, қалғып кеткен кіші қызының фотосын әлеуметтік желіге жүктеді. «Қазір қос қызым барлығы әділ болуы үшін өзге текпен (фамилия) құрылыстағы асханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істеп жүр. Аспаздар тіпті кімнің балалары екенін білмейді», дейді директор. Олар таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін 12 сағат істейтін екі апталық жұмысқа тартылған. «Таңда 50 кг картоп, 14 кг пияз, 16 кг сәбізді қабығынан тазартып, 200 жұмысшының ыдысын жууға жәрдемдеседі. Кіші ұлым 9-қабатта тас қалаушының көмекшісі болып істеп жүр. Балалардың ұйқысы қанбай қалады, қатты шаршайды, бірақ біздің отбасындағы тәртіп бойынша 14 жастан жұмыс істеу керек», деген әке перзенттеріне жаны ашитынын, алайда осы істегендері болашақта өздеріне азық, сабақ болатынына сенімді. Үлкен ұлы да осы жолдан өткен. Кішісі келесі жылы бетон-монолит құюшының көмекшісі болмақ. Әр жазғы демалыста бір мамандыққа икемделіп шығады.

Құрылыс компаниясы басшысының бұл ұстанымын БҰҰ жанындағы Балалар құқығы бойынша комитеттің вице-президенті Рената Уинтер (Renate Winter) де қолдайды. Ол біздің «Кәмелетке толмаған балаларға жұмыс істету олардың құқығын бұзу болмай ма?» деген сұрағымызға «Балаларды ерте еңбекке араластырудың ең тиімді жолы – тәжірибе. Олар маңдайтерімен табыс тапқанда ғана жұмыс істеудің не екенін түсінеді және ақша­ның құнын біледі. Ал бұл қадамнан өтіп, өзі ақша тапқан бала ата-анасын қымбат затты сатып алуға мәжбүрлемейді. Бұдан бөлек жұмысшы балалар болашақ мамандығы мен жолын ертерек таңдайды әрі еңбек өтілін жас­тайынан бастайды», деп жауап берді. Оның айтуынша, балаларды жұмысқа тартудың ең басты мақсаты – өзіне ғана емес, бүтін бір отбасын асырауға баулу. Ол осыдан үйдің асыраушысы секілді әбден қалжырауы керек. Сонда ғана жауапкершілікті сезінеді.

Шектен шығу – әрдайым қауіпті

Балалар құқығы мен отбасылық мәсе­лелер бойынша кеңес беретін 111 жедел қызметіндегі заңгер Әсия заң бойынша 14 жасқа дейінгі балалардың жұмыс істеуіне болмайтынын айтады. Оның ойын­ша, бұл жастағылар тез шаршайды, көп жағдайда құқығы бұзылады, еркінен айырылып жатады. Алайда, оны көбі ескермейді, себебі қоғам 5 жасар баланың өзін жұмысқа салуды қалыпты қабылдайды. Әрине, еңбек баланы шыңдайды, дегенмен шектен шығу – әрдайым қауіпті. «Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге тек 4 сағат қана жұмыс істеуге болады. Онда да еңбек шартына ата-анасы отыра алады. Ал 16-18 жастағылар жұмыс берушімен арада 6 сағаттық қызметке еңбек келісім шартын жасауға мүмкіндігі бар. Бірақ оны кейбір жеке мекеме басшылары ескере бермейді», дейді жедел қызметтің заңгері. Маманның мәлімдеуінше, еңбек шартына отырмағандықтан жасөспірімдер арасында айлығын ала алмау жағдайлары жиі кездеседі. Әрі жұмыс сағатының ұзақтығы да ескеріле бермейді. Оған жұмысшы балалардың өзі мүдделі келеді, өйткені жұмыс уақыты ұзарған сайын жалақы да көп болады.

Жаз айларында жұмыс істеу – әлбетте егер ол әліне қарай берілген міндет болса, балаға өмірлік тәжірибе. Десе де, жас ерекшелігін ескермей, жыл он екі ай жұмысқа салынатын қарадомалақтарды қайтеміз? Бес жастан кейін құлша жұмсауды төтесінен түсініп, асыра сілтейтін ата-аналарды қалай қыламыз? Мәселе, осында болып тұр...