Кешеннің тұрғызылуына үлкен үлес қосқан және осы мәселені індете зерттеп жүрген жергілікті «Память» қоғамдық ұйымының төрағасы, облыстың құрметті азаматы Сағындықов Болат ақсақалдың есебінше 7600-дан астам солтүстікқазақстандық жазықсыз жапа шегіп, 1,5 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Бөкең «үштіктің» құрығына іліккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін, өйткені бұл сала ғалымдардың, тарихшылардың араласуымен әлі де терең зерделеуді қажет етеді деген пікірде. Ауқымы кең тақырыпты зерттеу мақсатымен Ресейге ұйымдастырылған экспедиция құрамына Ғалым Қадырәліұлы, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев секілді өлкетанушылар еніп, қазақ халқын қынадай қырған ауыр нәубет жайлы құнды мағлұматтар әкелген. «Шаш ал десе бас алатын» ұрда-жық солақай саясат салдарынан басқа аймақтарға, еңбекпен түзеу лагерльлеріне, колонияларға күшпен көшірілген жерлестеріміздің бастан кешкен мүшкіл жағдайы мен ауыр тұрмысына қатысты деректер қазір аз емес. Тағдырдың тәлкегімен Көкарал деген жерге аяқ суытып, жыраққа кетпей ел ішінде қалғандарына шүкіршілік дескен. Ол жақтағы ағайындарымыз бала-шағаның аузынан жырып жылы-жұмсағын ұсынған, өзге де бауырмалдық көмек-қамқорлықтарын аямаған.
Марқұм Ғалым ағамыз өз жазбасында алғашқы тәркілеуге Петропавл уезі бойынша ең ірі 33 байдың ілігіп, 9292 төрт түлік мал, 41 үй, 37 киіз үй, 38 сарай, 33 мал қорасы, 119 ауылшаруашылық құралдары, 125 арба мен шана, басқа да көптеген жиһаздар мен тұрмыстық заттар алынғанын мысалға келтіргені бар. Ал қудалаудың екінші толқыны кезінде репрессия мүлдем күшейіп, жөнсіз күдіктену, дәлелсіз әшкерелеу, асығыс шешім қабылдау әбден белең алғанға, «шолақ белсенділер» мүлдем еркінсіп кеткенге ұқсайды. 5182 шаруашылықтың 3452-і еріксіз таратылып, кедей-кепшіктердің өздері «ауқаттылар» санатына жатқызылып, нақақтан нақақ күйіп кете барған. Одан әрі «Көкаралды көрмесек те, ол жайында көп естиміз. «Оның әкесі не атасы Көкаралға айдалыпты, сонда сотталыпты, содан оралмапты» деген ауызекі сөздерді әркез құлағымыз шалып қалып жүрді. Сонда Көкарал қайда?» деген сауал қояды да «Көкарал – Арал теңізіндегі жүздеген аралдардың ең үлкені. Аңызақ жел, құмды боран, көшпелі құм – бәрі құрғақшылық нышаны. Осы жер отызыншы жылдардағы ойранның тірі тарихи куәгері іспеттес. Теріскейліктер Арал азабын әбден тартып, көрер жарығы барлары ғана арып-ашып, жадап-жүдеп кері оралған. Солардың бірі – Ысқақ әулеті еді, деп өткеннен суыртпақтап сыр сабақтайды. Иә, бұл отбасының бар жазығы – атадан мұра ретінде қалған дәулетті иеленуі ғана. Ысқақ пен бәйбішесі қудалаудың құрығынан құтылмайтынын сезіп, Түмен жағын паналаған. Алты баланың алды сотталып, алдымен Новосібірге, сосын Балтық теңізі жағалауындағы Беломор каналына жіберілген. Ұлы Зейнолла Аралдағы туыстарына барып, құлын-тайдай шұрқырасып табысқан. Мұндағылар кесімді мерзім біткенше ел жаққа елеңдеумен өткен. Шайзада, Едірес, Зиядаға топырақ жат жерден бұйырған. Бір әулеттің тоз-тозын шығарған дүрбелең туралы Көкаралда дүниеге келген Әлімбектің айтуынша ондағы пілтенің жарығындай өлмеші өмір мен діңкелеткен ауыр тұрмыс «Қан мен тер» трилогиясында сипатталған жағдайдан бір мысқал кем болмаған. Қатқан мұзды ою, ауды суға салу, балық аулау, үйренбеген кәсіп қиямет саналған. Қыста тоңып, үсіп өлгендер, мұз ойығына кеткендер, ішетін тамақ, киетін киім тапшылығынан көз жұмғандар аз болмапты. Балықты ғана талғажу еткен.Тек табаны күректей 22 жылдан кейін ғана қариялар дүние салып, жастары шау тартып, Аралда туғандары ержетіп елге табан тіреген.
«Жазмыштан озмыш жоқ деген» рас-ау. Құда-құдандалы ретінде жұптары жазылмай бақуатты күн кешкен Мұхамедқали мен Көшімбай ақсақалдарды тағдыр Көкарал мен Ресейде жолығыстырған. Мұхамедқалиға жүзіктің көзінен өтетін белсенділігі, патшадан шен-шекпен алған марапаты сор болып жабысқан. «Құрығы ұзын» өкімет сауатты, он саусағынан өнер тамған балаларын да қыр асырып, тентіретіп жіберген. Бай-билердің санатына кіргізіліп, күнгей жақтан бірақ шыққан. Еті пысық Мәжит пен Қабдырашит Көкаралдан қашудың амалын ойластырып, балықшылармен мәмілеге келген. Теңізден шыққан соң құмды, шөлді жерлерді көктей өтіп, көп бейнет көрген. Көшімбай әулетінің да көрген қорлығы осыған ұқсас. Құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырған шаңырақ иелері Кемеровода бір-бірімен кездейсоқ ұшырасып, жылап көріскен. Зауытқа, шахтаға жұмысқа орналасып, еңбекқорлығымен танылған. Бау-бақша, жылқы өсіріп, Монғолияға дейін саудалаған. Көшімбай ақсақал мен Ғазиза әжей Том өзенінің арғы жағалауындағы мұсылмандар зиратына жерленген. Тәуелсіздік таңы арайлап атқанда сыртта жүрсе де ата-баба жұртын бір сәт те ұмытпаған, естен шығармаған қос әулеттің немерелері атамекенге жетіп, байыз тапты. «Орнында бар оңалар» деген осы!
Келмеске кеткен зұлмат заман уақытында қызыл қырғын салдарынан жан-жаққа тарыдай шашылып, тентіреп кеткен кеткен саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге жер-жерлерде ескерткіш белгілер қойылып, аруақтарға тағзым етілсе, үлкен құрмет осы болар еді. Сонда еліміздің ертеңі – жас буыны ол қаралы күндерді ертегідей емес, тарихи шындық ретінде сезініп, жан-жүрегімен қабылдары хақ.
Солтүстік Қазақстан облысы