• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Технология 19 Шілде, 2019

mGov жаңартылған мобильді қосымшасы биыл тамыз айында іске қосылады

428 рет
көрсетілді

Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов биыл тамыз айында mGov жаңартылған мобильді қосымшасын енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Мобильді қосымшадағы қолжетімді қызметтер тізімі апта сайын жаңартылатын болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта mGov мобильдік қосымшасында 21 жаңа қызмет пен сервис қосылып, көрсетілетін қызметтердің жалпы саны 77-ге жетті.

«Бұл қосымша мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі құралына айналуы тиіс. mGov жаңартылған мобильді қосымшасында ХҚКО-тарының аса танымал қызметтері іске асырылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді алу үшін авторизация және сұрауға жазылу үшін Face ID пайдалану мүмкіндігі қарастырылатын болады», — деді вице-министр.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында (4 фронт-офисте іске қосылды) пилоттық жоба іске қосылды, онда азаматтардың биометриялық деректері (бет сызықтары мен саусақ ізі бойынша тану) арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болады, мұнда 15 мыңнан аса қызмет алушылар тіркелген, 3 400-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Қызметтер мен сервистер тізімін кеңейту, соның ішінде Mobile ID арқылы қол қою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ А. Оспанов бүгінгі күні Telegram-бот арқылы ең танымал қызметтер мен сервистердің 25 түрі қолжетімді екенін хабарлады. Бұл мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама, психо-, нарко-, туберкулезге қарсы диспансерлерден анықтама, кезекті онлайн-брондау, дәрігердің қабылдауына жазылу және т. б.

Telegram-бот - бұл санаулы минуттарда қызмет көрсететін және нәтижесін алушының чатына және оның электрондық поштасына жіберетін робот.

400 мыңға жуық пайдаланушы қазірдің өзінде @EgovKzBot арқылы 600 мыңнан астам мемлекеттік қызметті алды. @EgovKzBot және бір реттік пароль арқылы қызметтер мен сервистердің санын көбейту бойынша жұмыс жалғасуда. Қазір өтінімді бір реттік пароль арқылы растау 51 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді.