Қазір еліміздің барлық өңірлері Абай өлеңдерін оқу іс-шарасына белсенді атсалысуда. Мәдени шара Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары тарапынан да қолдау тауып, әлеуметтік желілерде #Abai175 челленджіне белсене қатыса бастаған болатын.
Достық үйінде жалғасын тапқан шара барысында Жансейіт Түймебаев Алматы қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасымов бастаған эстафета қатысушыларына Абайдың кітабын сыйлыққа тарту етіп, 37-ші қара сөзін оқыды. Ассамблея жастары да ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтып, ән-күймен әрледі.
Мәдени кеш бағдарламасына орай Ж.Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық этномәдени бірлестіктерінің басшыларымен кеңес өткізіп, еліміздегі ұлт өкілдері орталықтарының жұмысына қатысты бірқатар мәселелермен бөлісті.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов Абай өлеңдерін республика жұртшылығы болып оқу жастар арасында әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттауға, отансүйгіштікті дамытудағы маңызды рухани шара екендігін атап өтті.
Достық үйіне Абай оқуларын оқуға жиналған барша ұлт өкілдері ұйғыр халқының ас үйінің фестивалін тамашалады. Көрме алаңына арнайы әзірленген ұлттық тағамдар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. АЛМАТЫ