Деректерге сүйенсек, Ерен тоғайы Жетісу жерінде неоген кезеңінен сақталып қалған табиғаттың таңғажайып сыйы. Тоғай Алматы облысындағы Іле өзенінің сол жақ саласы, Шарын өзенінің ортаңғы ағысында, Сарытоғай елді мекеніне жақын жерде орналасқан. Мұнда өте сирек кездесетін, реликті ағаштың үш түрі: Іле жидесі, Іле бөріқарақаты және шаған ерені өседі. Шаған ерені – зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жататын, өте ылғал сүйгіш ағаш. Бұл ағаштар өзен арнасына жақын өседі, аумағы 5014 гектар жерді алып жатыр. Соғды ерені немесе шағаны Қазақстаннан басқа тек АҚШ-тың Невада штатындағы Гранд шатқалында өсетін, жойылып бара жатқан, аса ыждағаттылықпен қорғауды қажет ететін түрі.
Табиғаттың ерекше сыйы Ерен тоғайының бүгінгі таңдағы ахуалы экологтарды қатты толғандырады. Өйткені, соңғы жылдары «Мойнақ» СЭС-і іске қосылғаннан кейін Шарын өзені арқылы ағатын су мөлшерінің азаюы, сонымен бірге тоғайдың суландыру жүйелері мен тармақтарының тозуы аумақтың экологиялық жағдайына келеңсіз әсерін тигізіп, соның салдарынан 1,5 гектардан аса Ерен тоғайының құрғап, қурап, жойылып кетуіне әкеліп соқтырған.
Ерен тоғайының қордаланған мәселелерін шешуді Алматы облысы бойынша Экология департаменті дабыл қағып, сол департаменттің бастамасымен ағымдағы жылдың наурыз айында Ерен тоғайының қазіргі таңдағы экологиялық жағдайы, соның ішінде антропогендік факторлардың қоршаған ортаның жай-күйіне әсеріне қатысты құзырлы мемлекеттік мекемелердің қатысуымен жан-жақты талқыланды және кешіктірмей атқаруға тиісті іс-шаралар тізбегі белгіленді.
Дегенмен Алматы облысының Ұйғыр ауданының әкімдігі мен мемлекеттік арнайы мекемелердің арасындағы өзара түсініспеушіліктің, мәселеге атүсті қараудың салдарынан сан мыңдаған жылдардан әдемі әсемдігімен, көкорай көркемдігімен табиғат сыйға тартқан мұраның жоғалып, жойылып кетуі елдің, халықтың алдында кешірілмес күнә болар еді.
Әйтеуір аталған түйткілді мәселе Экология департаментінің бақылауына алынып, тиісті мекемелерден белгіленген іс-шаралардың орындалуы жөнінде бойынша есептер алынып, егжей-тегжейлі талданып, соның нәтижесі бойынша шешімдер қабылданды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осы мәселеге қатысты мемлекеттік мекемелер ынтымақтастықпен, түсіністікпен жұмыс атқарса, Алматы облысының алтын алқасы сияқты табиғи ерекше ескерткіш болған Ерен тоғайын болашақ ұрпаққа жасыл желегімен, тал-терегімен, көркейіп құлпырған күйінде жеткізе аламыз.
Қонысбек БАЙЕДІЛОВ, Алматы облысы бойынша Экология департаментінің басшысы