Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:50
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы жақын келешектегі ел дамуының басты бағытын белгілеп бергені мәлім. Осы бағдарламада жария етілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары қазақстандық мұнай-газ операторы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ өндірісі дамуының үздік бағдарына айналды. Өндірістің барлық саласындағы экономикалық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартумен қатар, өндірісті өркендетіп, білімі мен күш-қайратын мемлекетіміздің әлеуетінің дамуына жұмсап жүрген еңбек адамына барынша жақын болу – жұмыс беруші үшін басты қажеттілік.
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:50
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы жақын келешектегі ел дамуының басты бағытын белгілеп бергені мәлім. Осы бағдарламада жария етілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары қазақстандық мұнай-газ операторы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ өндірісі дамуының үздік бағдарына айналды. Өндірістің барлық саласындағы экономикалық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартумен қатар, өндірісті өркендетіп, білімі мен күш-қайратын мемлекетіміздің әлеуетінің дамуына жұмсап жүрген еңбек адамына барынша жақын болу – жұмыс беруші үшін басты қажеттілік.
Өндірістегі әлеуметтік жаңғыру үрдісі қалай жүргізілуі тиіс? Біздің ортақ мақсатымыз жаңа индустриялық-инновациялық экономиканың жағдайына қоғамды дайындау, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен кең қамтылған қоғамдық әл-ауқат арасындағы ұтымды тепе-теңдікті табу, құқық және әділдік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекіту. Қазақстан Президенті «Елдің, алдыңғы кезекте әлеуметтік жүйенің жаңғыруына мемлекеттік емес сектордың қатысуын кеңейту үшін жағдай жасау, әлеуметтік серіктестікті белсенді дамыту маңызды» деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысының әлеуметтік жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөнінде қойған міндеттеріне орай жоғары еңбек өнімділігі үшін, әр жұмысшының өзін дамытуына басты жағдай ретінде еркін және әділ еңбекке жағдай жасап, біз өзіміздің әлеуметтік саясатымызды бейімдеуге тиіспіз.
Көптеген сарапшылар Президент бастамасын жалпы өндірістегі жұмысқа қолданыстағы бағыттар мен қағидаттарды жаңарту тұрғысынан қарау қажеттілігін құқықтық негізді деп есептейді. Әлеуметтік жаңғырудың негізгі мақсаттарында – бұқаралық әлеуметтік біреуге арқа сүйеушілік және әлеуметтік бейқамдықты, тұтынушылық қоғам тұжырымынан толықтай бас тарту, еңбек адамының беделін арттыру, таза және әділ еңбекке ықыласты тудыру, жас мамандар үшін үзіліссіз кәсіби өсуге жағдай және іске асыру тетіктерін жасауды назардан шығармау керек.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ға қатысты айтар болсақ, қызмет ету аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысу – бизнесті жүргізудегі негізгі қағидаттар және ол ұдайы іске асырылып келеді. ҚМГ БӨ қызметіндегі әлеуметтік бағыт бірінші кезекте компанияның және аралас өндірістеріндегі жұмысшылары мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмыс жағдайын жақсартумен байланысты. Компанияның өз активтерін ғана есепке алғанда 21 мыңнан астам адам (бірлескен кәсіпорындардағы үлесті есептемегенде) жұмыс істейді, ал халықты кеңінен қамтығанда айтарлықтай ауқымды. ҚМГ БӨ компаниялар тобындағы қала қалыптастырушы кәсіпорындар әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі және әлеуметтік жұмыс орындарын құруды қаржыландыру негізгі шығындарын өз міндеттеріне алды. 2012 жылы ҚМГ БӨ өндірістік филиалдары акционерлік қоғамдар болып қайта құрылып, жергілікті әлеуметтік жобаларға тапсырыстарды дербес қабылдауға, бұл жобалардың қаржыландыру көлемін есептеуге және олардың іске асырылуын бақылауға құқық алды.
Мысалы, ҚМГ БӨ-нің Маңғыстау облысының әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға келісімшарттық міндеттемесі 2012 жылы 907,4 млн. теңгені құрады. Маңғыстау облысының әкімдігімен әлеуметтік серіктестік бағдарламасы аясында қосымша 200 млн. теңге (1,3 млн. АҚШ доллары) қаражат Жаңаөзен қаласының тұрғындарына 800-ден кем емес жұмыс орындарын құру үшін бөлінді. Бұдан басқа біздің «КРУЗ»ЖШС, «Жөндеу»ЖШС, КазГӨЗ және басқа сервистік компаниялары маусымаралық жазғы кезеңде қосымша жұмысшыларды еңбекке тартады. Мәселен, 2012 жылдың жазында 232 адам жұмыс істеді, биылғы жылы 90 адамды еңбекке тарту жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, 2011 жылдың желтоқсанындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған және зардап шеккен отбасыларына материалдық көмек көрсетілді. 2012 жылдың соңында Жаңаөзен қаласында ҚМГ БӨ қаржысына салынған 200 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныс иелеріне (аз қамтылған отбасылары, ауған соғысының ардагерлері, әлеуметтік қызметкерлер) баспана кілтін осы өңірге сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің тапсырғаны мәлім.
Жекелеген өңірлер үшін осындай өзекті мәселелерден басқа, біздің қасиетті борышымыз саналатын мәңгілік құндылықтар бар. Мәселен, ҚМГ БӨ балалар үйлеріне, мүгедектер қоғамына, спорттық ұйымдарға және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсете отырып, қайырымдылық ісіне үлкен маңыз береді.
Атап айту қажет, ҚМГ БӨ барлық қызмет аймағындағы әлеуметтік бағдарламаларға тең жағдайда көңіл бөледі және іске асырып келеді. Алайда көмек, облыстардағы мәселенің қордалануы және оның туындау өзектілігін есепке ала отырып көрсетіледі. Мысалы, ҚМГ БӨ-нің Атырау облысындағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға келісімшарттық міндеттемесі 286,6 млн. теңгені құрайды. Міндетті төлемнен басқа 2012 жылы 350 млн. теңге (2,3 млн. АҚШ доллары) сомасындағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға демеушілік көмек көрсетілді. Бұл қаражаттар өңірдегі бес дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын тәмамдауға, жылу жүйесін қайта жөндеуді қаржыландыруға, көп қабатты үйлердің ауласын жайластыруға және Индербор кентіндегі аз қамтылған отбасыларының жылу қазандықтарын құруға, Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылындағы 100 орынды балабақша құрылысын жобалауға және салуды қаржыландыруға жұмсалды.
Өткен жылы компания ұтымды және дер кезінде ұйымдастырылған шараны іске асырды. Тоқталып өтсек, 2012 жылдың көктемінде ҚМГ БӨ Директорлар кеңесі Байшонас және Ескене ауылдарының тұрғындарын облыс орталығы Атырау қаласына көшіруге 5,4 млрд. теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Сөз «Ембімұнайгаз» игеріп жатқан, аттас кен орындарда жұмыс істейтін, жергілікті тұрғындар тұрған, Байшонас және Ескене елді мекендері туралы болып отыр. Бұл кәсіпшіліктерде 80 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жүріп келеді, мұнай қоры сарқылуда, сондықтан да кен орнының тиімділігі және елді мекен тұрғындарын еңбекпен қамту мәселесі өткір тұрды. Мұнай өндірудің төмендеуімен мұнда жұмыссыздық ұлғая бастады, ауылдың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы тығырыққа тірелді. Жергілікті апаттық жағдайлардың ауқымына келсек, үйлердің 80%-ы ескіріп тозған жағдайда тұрды, су құбырының істен шығуына байланысты тұрғын үйлерді сумен қамту мүмкіндігі болмады. Енді мұның барлығы да өткеннің еншісінде қалды. Бүгінгі күні бұған дейін Ескене ауылында тұрған 80 отбасы Атыру қаласына қоныс аударды. Байшонас ауылының 377 отбасының көшірілуі бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады және 2013 жылы тәмамдалатын болады.
Әлеуметтік мәселелермен қатар біз өндіріс жағдайын да назарда ұстауымыз керек. Баршаға мәлім, заманауи экономикалық жағдайда қоғамның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына жұмыс орындарында қауіпсіз және дұрыс еңбек ету жағдайын жасау айтарлықтай әсер етеді. Бұл мақсаттарға, сондай-ақ мұнай өндіру көлемін көтеру және өндірістік активтердің экономикасын жақсарту үшін 2012 жылы ҚМГ БӨ технологиялық жаңғырту бағдарламасын іске асыруды бастады.
Өзен кен орнындағы өндірістік қуаттылықты жаңғырту жөніндегі компания іске асырып отырған жобалардың көлемі аса ауқымды. «Өзенмұнайгаз» АҚ-да диагностика және жерасты жабдықтарын жөндеуге арналған цех салынды. Жаңа цех жақын кезеңде компанияның жаңадан жерасты жабдықтарын сатып алуына, қолданыстағы қордың жөнделуі және олардың өндірістік үрдістерге бірнеше рет пайдалануы есебінен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бір цехтың қуаттылығы жыл ішінде 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбырды, 300 мың дана сораптық штанганы және 10 мың штангалық тереңдік сорапты жөндеуге жеткілікті. Цех құрылысына «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ 4,799 млрд. теңге қаражат бөлді.
Сондай-ақ кәсіпорындардағы өндірістік және экологиялық қауіпсіздік деңгейі артады. Диагностика және жерасты жабдықтарын жөндеу цехының жұмысшылары үшін арнайы оқу-жаттығу тренинг бағдарламасы дайындалды. Компания «Құмкөл» өңірлік сервистік орталығында, Ресей Федерациясының Пермь және Ноябрьск қалаларының оқыту орталықтарында өз қызметкерлерінің оқыту шарасын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың 30-дан астам маманы жоғары технологиялық жабдықта жұмыс істеу тәжірибесіне машықтанды. Яғни, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген бағдарға сәйкес, компания барлық деңгейдегі қызметкерлерінің еңбек ету жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қабылдап, өз кәсіпорындарында кең көлемдегі әлеуметтік жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Диагностика және жерасты жабдықтарын жөндеу цехының құрылысымен қатар бірінші кезекте бұрғылау жұмыстары басқармасы өндірістік базасының, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында вахталық қалашықтың, «Өзенмұнайгаз» АҚ-та жатақхана және асхананың пайдалануға берілуі – біздің кәсіпорындардағы ауқымды технологиялық жаңғыртудың бастамасы ғана. Сондықтан да, оның ішінде Өзен кен орнын технологиялық жаңғырту бағдарламалары одан әрі жалғасатын болады. Кезекте – кен орындарында жаңа өндірістік базалардың құрылысы. Шынтуайтында, жоспар көп. Жаңғырту бағдарламасы аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ-та мұнай базасының құрылысы, ұңғыларды бастыру үшін сұйықтықты дайындау жөніндегі екі учаскенің, мұнай жабдықтарына сервистік қызмет көрсету жөніндегі цехтың, мұнай жабдықтарын жөндеу цехының, 1000 бірлік автокөлікке және арнайы техникаға қызмет көрсету жөніндегі автосервистік орталықтың құрылысы жоспарланған, блоктық шоғырландырылған сораптар стансасы қабатына су айдау және сұйықтықты жинау және тасымалдау жүйелері қайта жаңартылатын болады. Сонымен бірге, Атырау облысында жұмыс істеп тұрған «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Прорва кен орындары тобында ілеспе газды күкірттен тазартуға арналған жабдық салынады, Прорва ЖОП және Теңіз МАС мұнай құбыры қайта жаңғыртылатын болады.
Қазіргі уақытта С.Балғымбаев және Шығыс Мақат кен орындарында ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған жабдықты тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Ұзақтығы 61 шақырымды құрайтын Ақінген – Аққұдық – Қисымбай жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Бұдан басқа қызметкерлер мен жүктерді тасымалдау үрдісін айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік беретін жаңа кенішаралық жолдар салынып және қолданыстағысы жөнделетін болады.
Технологиялық жаңғырту бағдарламасы аясында қолданылған шаралар өндіріс тиімділігін арттыруға, жұмысшылардың еңбек ету жағдайын жақсартуға, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етуі тиіс.
Президент белгілеген міндеттермен үндесіп, жұмыссыздық мәселесін шешуге, ҚМГ БӨ үлестік қатысуындағы кәсіпорындар жұмысшылары отбасыларының әлеуметтік қамтылуы, денсаулық жағдайларына көп күш жұмсалуда. Мәселен, Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай» БК» ЖШС-да кәсіпорын барлық қызметкерлерінің тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндігі бар, жұмыскерлердің жыл сайын шипажайда денсаулықтарын жақсартуларына қаражат бөлінеді. Компания қызметкерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің спорттық инфрақұрылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, спорттың бұқаралық түрлерін дамытуда. Кәсіпорын компания жұмыскерлеріне ұжымдық шартта көрсетілген материалдық көмекті көрсетеді, қызметкерлер балаларының оқу ақысына және т.б көмек жасалады. Бұдан басқа 2012 жылы зейнеткерлерді және компания ардагерлерін қолдау жөнінде бірқатар шаралар өткізілді, компания ардагерлерінің «Ардагер-мұнайшы» қоғамдық қоры құрылды.
Барлық бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты ҚМГ БӨ өзі қызмет етіп отырған өңірлердің инвестициялық тартымды ахуалын құру үшін айтарлықтай маңызға ие ұзақ мерзімді жобаларға қатысады. Мысалы, осы жылдың наурызында Қызылорда облысының әкімдігі мен «Қазгермұнай» БК» ЖШС арасында әлеуметтік-экономикалық жүйедегі өзара ынтымақтастық және әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Қолжеткен келісімдерге сәйкес, компания Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы әуежайдың 200 адамға арналған жаңа терминалын қайта жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттарды және жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға өңірге көмек көрсетеді.
Осы мақсатқа «Қазгермұнай» 150 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат бөліп отыр. Бұл өте маңызды жоба, себебі кез келген облыстың қақпасы әуежайдан басталады. Әлеуетті инвесторлардың да алғашқы қадамы осы әуежайдан бастау алады. Сондықтан да жер қойнауын игеруші компаниялар мен жергілікті атқару органдарының бірлесе күш салу қажеттілігі әлбетте соның айғағы.
Осылайша, ҚМГ БӨ өзін оң ниетті жер қойнауын игеруші және әлеуметтік жауапты компания ретінде көрсете білді. Бүгінгі күні ҚМГ БӨ міндеті – осы беделге сай болу, одан әрі өсуді үйлесімді сабақтастыру, Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған ауқымды міндеттермен үндестікте қызмет етіп отырған өңірлер дамуындағы жұмыстарды жалғастыру болып табылады.
Абат НҰРСЕЙІТОВ,
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру»
АҚ бас директоры.