Қарашаңырақтың иесі қазақ халқының тарихына, тіліне, салт-дәстүріне зор құрметпен қарау – Қазақстандағы жалпыұлттық бірліктің ұйытқысы. Осындай құндылықтарды дәріптейтін «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұсаукесері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында жасалды.
Аталған жобаның аясында елордалық ҚХА ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Бұл іс-шараға мемлекеттік қайраткерлер, Парламенттің депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар және жастар қатысты. Конференция басталмастан бұрын ғимарат ішіндегі қазақтың киіз үйінде барлық этнос өкілдері бір шаңырақтың астына жиналды. Киіз үйге жиылған ағайын берекелі дастарқаннан дәм татып, Абайдың ғибратқа толы ән-жырымен құлақ құрышын қандырды.
Алқалы жиында алғашқы болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сөз алды. Ол «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген аталы сөзге сүйеніп, ауызбірлігі мен тату тірлігі жарасқан еліміздің өңір-өңірінде «Қазақтану» жобасы сәтті жүзеге асып жатқанын айтты.
Ал ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жобаның Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар арасында қазақ халқының мәдениетін, тарихын, философиясын және рухани құндылықтарын насихаттауға арналғанын айтып, бұл ұрпақтар сабақтастығының көкжиегін кеңейтіп, Отанға деген сүйіспеншілікті тереңдете түсетінін атап өтті.
– Былтыр «Қазақтану» жобасының аясында республикалық деңгейде Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Атырау облыстарында іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастамаға «Киелі Қазақстан», «Мемлекет тарихы институты», сондай-ақ ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық кеңесі атсалысты. Жалпы, аталған жобаның аясында 300-ге жуық іс-шара өтіп, барлығы 192 мың адам қатысты. Оның ішінде Абай мұраларын дәріптейтін дүниелер де бар. Келесі жылы хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Атаулы шараға деген құрмет пен ілтипаттың ізгіліктері осы жылдан басталды. «Қазақты танығың келсе, Абайды оқы» деген ұстаным қалыптасқан. Бұл бекер айтылған сөз емес, – деді Ж.Түймебаев.
Бұдан кейін сөз алған Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко қазір мемлекеттік аппаратта қазақ тілінің деңгейі төмен екенін айтып, қазақ патриотизміне негізделген бірлікті нығайта түсу үшін мемлекеттік тілдің қадірін арттыру керектігіне баса мән берді.
Басқосу соңында қатысушылар жобаны одан әрі ілгерілету мақсатында жоғары оқу орындарында «Қазақтану» пәнін енгізу, Достық үйлерінде қазақ қолөнеріне баулитын үйірмелер ұйымдастыру сияқты бастамалар көтерді.