• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Шілде, 2019

Қазақтану – бір тудың астына бірігу

756 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану – ел бірлігінің негізі» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Қарашаңырақтың иесі қазақ халқының тарихына, тіліне, салт-дәстүріне зор құрметпен қарау – Қазақстандағы жалпыұлттық бірліктің ұйытқысы. Осындай құн­ды­лықтарды дәріптейтін «Қазақ­­тану» ғылыми-ағарту­шы­лық жобасының тұсаукесері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында жасалды.

Аталған жобаның аясында елордалық ҚХА ғылыми-практикалық конференция ұйым­дастырды. Бұл іс-шараға мем­лекеттік қайраткерлер, Пар­ла­менттің депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласындағы этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері, сарапшы­лар және жастар қатысты. Конференция басталмастан бұрын ғимарат ішіндегі қазақтың киіз үйінде барлық этнос өкілдері бір шаңырақтың астына жиналды. Киіз үйге жиылған ағайын берекелі дас­тарқаннан дәм татып, Абайдың ғибратқа толы ән-жырымен құлақ құрышын қандырды.

Алқалы жиында алғашқы болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сөз алды. Ол «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген аталы сөзге сүйеніп, ауызбірлігі мен тату тірлігі жарасқан еліміздің өңір-өңірінде «Қазақтану» жобасы сәтті жүзеге асып жатқанын айтты.

Ал ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жобаның Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар арасында қазақ халқының мәдениетін, тарихын, философиясын және рухани құндылықтарын наси­хат­тауға арналғанын айтып, бұл ұрпақтар сабақтастығының көк­жие­гін кеңейтіп, Отанға деген сүйіспеншілікті тереңдете түсетінін атап өтті.

– Былтыр «Қазақтану» жоба­сы­ның аясында республикалық деңгейде Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Атырау облыс­тарында іс-шаралар ұйым­дас­ты­рылды. Бұл бастамаға «Киелі Қазақстан», «Мемлекет тарихы институты», сондай-ақ ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық кеңесі атсалысты. Жалпы, аталған жобаның аясында 300-ге жуық іс-шара өтіп, барлығы 192 мың адам қатысты. Оның ішінде Абай мұраларын дәріптейтін дүниелер де бар. Келесі жылы хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Атаулы шараға деген құрмет пен ілтипаттың ізгіліктері осы жылдан басталды. «Қазақты танығың келсе, Абайды оқы» деген ұстаным қалыптасқан. Бұл бекер айтылған сөз емес, – деді Ж.Түймебаев.

Бұдан кейін сөз алған Парла­ме­нт Мәжілісі төрағасының орын­басары Владимир Божко қазір мемлекеттік аппаратта қазақ тілінің деңгейі төмен екенін айтып, қазақ патриотизміне негіз­делген бірлікті нығайта түсу үшін мемлекеттік тілдің қаді­рін арттыру керектігіне баса мән берді.

Басқосу соңында қатысу­шы­лар жобаны одан әрі ілгерілету мақ­сатында жоғары оқу орындарында «Қазақтану» пәнін енгізу, Достық үйлерінде қазақ қолөнеріне баулитын үйірмелер ұйымдастыру сияқты бастамалар көтерді.