Банк статистикасына сүйенсек, осы жылдың қаңтарынан бастап маусым айына дейінгі аралықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашқандардың 62%-ы әйелдер болса, ал 38%-ы ер адамдарға тиесілі. Бұл көрсеткіш банктен депозит ашып, ақша жинай бастау туралы бастама көп ретте әйелдерге тиесілі екенін айқын дәлелдейді. Өйткені өз үйі жоқ адамның ешқашан күйі болмайтыны баршамызға аян. Өкінішке қарай, қазіргі кезде табыстың аздығы мен әлеуметтік жағдайдың төмендігі талай отбасыны пәтер жағалатып, біреудің баспанасын жалдауға мәжбүрлеп отырғаны белгілі. Осы мәселені ескере отырып, биылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспанаға мұқтаж, жергілікті атқарушы органда тұрғын үй алуға кезекте тұрған көп балалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға 2% мөлшерлемемен несие беруді жоспарлап отыр.
Ең бастысы, бұл бағдарлама еліміздің отбасылық-демографиялық саясатты басқару жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясына дем береді.
Осы арада еске сала кеткен жөн, көп балалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету керектігі жайында Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының XVIII съезінде айтқан болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған жаңа бағдарламаны әзірлеп шығарды.
Енді кезекте тұрған көп балалы жандарды қуанышқа бөлейтін бағдарламаның шарттарына сәйкес, отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үй тіркелмеген төрт немесе одан да көп баласы бар, сондай-ақ толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, болашақ баспаналарына қол жеткізе алады.
Өз кезегінде Үкімет тарапынан жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 50 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Жаңа бағдарлама шарттары бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларында берілетін несиенің максималды сомасы 15 миллион теңгеге дейін болса, ал қалған өңірлерде бұл көрсеткіш 10 миллион теңгені құрайды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы, және отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Еркенқызының айтуынша, тек биылдың өзінде банк 6 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтамасыз етуді басты мақсаттардың қатарына қойып отыр. Үкімет жоспарына, сондай-ақ Елбасы берген тапсырмаға орай, 7-8 жыл ішінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жыл сайын осы көлемде қаражат бөлу қарастырылған.
Ал енді несібелі несиеге қол жеткізудің тәртіптері төмендегідей. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бұрын-соңды болмаған кезекте тұрған ең арзан несие ала алатындар санатына жататындарға жылдық 2% мөлшерлемемен 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Баспананың бастапқы жарнасы – 10 %.
Жалпы, осы бағдарлама арқылы кезекте тұрған көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылардың уақытша тұрағынан не жалға алған пәтерінен өз баспаналарына көшуіне даңғыл жол ашылмақ. Оның үстіне, олар енді пәтерді тек жаңа салынған үйлерден ғана емес, сондай-ақ қайталама нарықтан да таңдап, сатып алуларына болады. Бағдарлама талабына сай, кезекте тұрған көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылар өздерінің тұрғылықты тіркелген жерде орналасқан тұрғын үйді ғана сатып алуы мүмкін.
Мүдделі оқырмандарға түсінікті болу үшін мысал келтіре кетсек, егер отбасы 8 миллион теңгелік пәтер тапса, онда бастапқы 8 жыл ішінде ол ай сайын 42 мың теңгеден төлейтін болады. Ал қалған 11 жыл ішінде тұрғын үй заемы бойынша 27 400 теңгеден төлеп тұрады.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт, жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша отбасы мүшелерінің адам басына шаққандағы кірісі 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, егер отбасы 4 адамнан тұрса, онда олардың жалпы кірісі 212 500 теңгеден артық болмауы керек. Ал егер отбасының айлық табысы жоғарыда көрсетілген мөлшерден асып кетсе, онда ол осы бағдарламаға қатыса алмайды.
Жоғарыда атап өткендей, оқырманнан сүйінші сұратқан мұндай сауапты бағдарлама еліміздегі отбасылық-демографиялық саясатты басқару жөніндегі ұзақ мерзімді стратегияны жасауға жол ашып берері сөзсіз.
АЛМАТЫ